Ежелгі түркілердің алғашқы ұлы көші

Америка материктеріне адам баласының алғаш рет қашан және қалай келіп қоныстанғанын дәл анықтау XIX ғасырда Америка археологтарының ең басты нысанасына айналған болатын. Ең әуелі осы саладағы ғалымдардың бір тобы адам алғаш рет Америкаға плейстоцен заманында, яғни 2 миллион жыл бұрынғы геологиялық дәуірде келген болуы керек деген болжам таратқан еді [Thomas, 1994].

Бірақ бұл көзқарасты нықтай түсетін немесе оны бұлтартпай дәлелдейтін ғылыми айғақтар тым мардымсыз немесе жоқтың қасы еді. Сондықтан да аталмыш болжам соны көзқарастар мен жаңа пікірлерге орын беріп, жаңа ұсыныстар мен бұрынғыдан гөрі дәйектілеу, тиянақтылау тұжырымдар қалыптаса бастады. Мәселен, сондай тұжырымдардың бірі ғалымдығынан гөрі аңшылығы басымдау топтан тараған болатын.

Бұл топтың пайымдауынша, Мұз дәуірі кезіндегі адамдардың Америкаға қоныс аудару себебі аңшылық кәсіппен ғана байланыстырылып, тек соның салдарынан болған деген түйінге тіреледі. Дәлірек айтқанда, бұл түйіннің түбірінде алғашқы америкалықтар күнкөрістің қамы үшін Азиядан Жаңа әлемге сол дәуірде екі материкті де тең жайлаған, бірақ кейіннен белгісіз себептермен жаппай жойылып, тұқымы мүлдем құрып кеткен мамонт, бизон т.с.с. аса ірі сүтқоректілерді аулау кезінде, солардың ізімен ілесе келіп қоныстанған деген болжам жатыр. Кім біледі, бұл болжамның да қисыны болуы әбден мүмкін. Оны жоққа шығаруға асықпайық.

Дегенмен, ғылым алға басып, археология саласы қарқын ала түскен сайын, ғалымдардың алдыңғы пікірлерді мүлде қостамайтын жаңа легі бой көрсетті.

Соны жаңалықтар ашылып, солардың негізінде жаңа тұжырымдар мен болжамдар, ғылыми пікірлер ұсыныла бастады. Сондай-ақ олар археология ғылымының ең соңғы табыстары мен нәтижелеріне негізделгендіктен, дәйектілігі мен тиянақтылығы жағынан алдыңғылардан көш ілгері тұрды.

Бұл жаңа бағытты қолдаушылардың басым көпшілігі Америка археологиясының көш басында келе жатқан лауазымы биік, білікті ғалымдар тобы еді. Бұлардың ішінде аттары әлемге танымал Смитсония институты, Чикаго және Калифорния университеттері, Нью-Йорктегі Америка Табиғат тарихы мұражайы секілді ірі-ірі ғылыми орталықтардың басшы қызметкерлері мен атақты профессорлары да бар-тын [Thomas 1994; Viola 1990].

piramid adil 3

piramid adil 4

XIX ғасырдың отызыншы жылдары әлгі ғалымдар қалыптастырған ғылыми тұжырымдама бойынша, Азиядан Америкаға адамдар алғаш рет шамамен 12000 жыл бұрын қоныс аударған деген пікір тарады. Және бұл пікірді қостаушылардың ойынша, адам Азиядан Америкаға су жолы арқылы емес, керісінше, сол заманда, яғни Мұз дәуірінің соңғы кезінде, екі құрлықтың арасын жалғастырып жатқан, ені 50 мильге тең Беринг жеркөпірі немесе жермойнағының үстімен өткен.

Соңыра олар баяу жылжи отырып, Орталық және Оңтүстік Америкаға, араға бірнеше ғасыр салып барып қана, жаңа мекендердің табиғаты мен қоршаған ортасына икемделе келіп, бірте-бірте қоныстана бастаған. Бұл пікірдің де жаны бар сияқты. Сондықтан әзірге оны да жоққа шығаруға асықпайық.

Бірақ  ғылым дамып, бұрынғыдан да тез алға басып, соны жаңалықтар ашылған сайын, жаңа пікірлер мен гипотезалар туындай беретіні занды құбылыс.

Мәселен, кейінгі кездегі археологиялық зерттеулердің негізінде жасалған батыл тұжырымдар бойынша, алғашқы америкалықтардың бұл материктерге қоныс аудару мерзімі, жоғарыда аталғандай, тек қана 12000 жылмен шектелмейтін болды. Бұл тұжырымдардың да өзіндік орны бар және олардың негізсіз емес екенін көрсететін дәйектер де жеткілікті. Мысалы, Пенсильвания штатының оңтүстік батысына жасалған археологиялық экспедиция сондағы құмнан түзілген жартастардың қуысынан байырғы заманда адамдар мекен еткен ескі тұрақтың орнын ашқан болатын.

Археологтар әлгі тұрақтан табылған ағаш қабығынан тоқылған төсеніш секілді бір ескі бұйымның бір тұтам қалдығын радиокарбон (С-14) әдісімен  зерттеу барысында оның жасының шамамен 19600 жылға тең екенін есептеп шығарады. Ондағы от немесе ошақ орнында қалған көмір мен сол маңайдан табылған тастан қашалып жасалған пышақтардың және солардың көмегімен өңделген бұғы сүйектерінің жасы да 15000 жылға жуық екені қоса анықталады.

Сондай-ақ, соңыра Мэдоукрофт болып аталып кеткен әлгі байырғы мекеннен, одан мүлде шалғайда, жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан жартастардан өндірілген басқа бұйымдар да табылған. Соған қарағанда, әлгі жерді мекендеп, негізінен аңшылық пен жеміс-жидек теруді кәсіп қылған алғашқы америкалықтар әлгі соңғы бұйымдар өндірілген Огайо және Батыс Вирджиния секілді жерлерді мекендеген басқа тайпалармен де ауыс-түйіс немесе алыс-беріс қатынаста болғанға ұқсайды [Begley Sharon 1991].

1926 жылы Американың Денвер қаласындағы Табиғат тарихы мұражайының бір топ палеонтолог ғалымдары Нью-Мексико штатындағы Фолсом қалашығынан батысқа қарай 8 мильдей қашықтықта орналасқан археологиялық алқапта қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде, жер бетінен біраз тереңдіктегі қыртыстан бұдан мыңдаған жылдар бұрын жойылып кеткен байырғы бизон сүйектерін тауып, олардың жасын анықтау үшін зерттеу жұмыстарын бастаған болатын.

Жұмыс барысында палеонтологтар әлгі орыннан адам қолымен өңделген екі шақпақ тасқа кез болып, шексіз таңданады.

Өз көздеріне өздері сенбей, ғалымдар қазба жұмыстарын одан ары жалғастыра береді. Келесі бір сәтте олар топырақтан бизонның қабырғасына және сол сүйекке іргелес жатқан, адам қолымен өнделген тағы бір шақпақ тасқа кезігеді. Ғалымдар бұл жолы аса ептілік танытып, өздері күтпеген жерден ашқан ғажап жаңалықтарын басқалардың да өз көздерімен көруін қалап, әлгі қабырға мен шақпақ тасты сол жатқан қалпынан қозғамай, айналасындағы топырағымен бірге ойып алады. Ондағы мақсат әлгі материалдардың негізінде өздері ой түйіп үлгірген, өзінен-өзі сұранып тұрған ғылыми тұжырымға экспедицияға қатыспаған өзге ғалымдар мен ғылыми көпшіліктің көзін қоса жеткізу болатын.

Демек, сонау байырғы плейстоцен дәуірінде жаппай жойылып кеткен жануарлардың қаңқа сүйектерімен бірге әлгіндегідей өңделген тас құралдардың табылуы, сөз жоқ, Америка материктерінде адам баласының да сол дәуірде қатар ғұмыр кешкенінің тікелей айғағы ғой. Иә, экспедиция жетекшісі – жоғарыда аталған мұражайдың директоры – Дж.Д.Фиггинс дәл осындай тұжырымға бірден келген болатын. Қуанышы қойнына сыймай, шыдамы таусылып, дегбірсізденгені соншама, ол өзінің бұл тұжырымын тезірек әріптестеріне жеткізуге асығады. Ендігі сәтте ол «Жаңа әлемге адамдар тек 12 мың жыл бұрын ғана қоныстанған» деген көптен қалыптасып, сүр болып үлгірген ескі пікірдің негізсіз екенін жариялайды да, бұл тұжырымын соңыра ғылыми әлемге паш етеді.

Бірақ Фиггинстің бұл соны тұжырымын бұрынғы пікірді жақтайтын лауазымы биік ғалымдар бірден құптай қоймады. Олар «әлгі шақпақ тастар топырақтың жоғарғы, яғни жер бетіне жақындау қабатында жатқан болуы мүмкін ғой» немесе «олар қаңқа сүйектер жатқан төменгі қабаттың топырағымен қазба жұмыстары кезінде жіберілген қателіктердің салдарынан, байқаусызда, кездейсоқ араласып кетуі де әбден ықтимал ғой» деген сияқты сыныққа сылтау болатын болжамдарды кесе-көлденең тартып, тізе біріктіріп, бір ауыздан сөз шығарып, Фиггинс ашқан жаңалыққа жаппай қарсы тұрады. Сөйтіп, ғылым үшін өте құнды жаңалықты қабылдатпай тастайды.

Өзінің Фолсом қазбалары бойынша жасаған ғылыми тұжырымдамасының дұрыстығына көзі әбден жеткен және оған титтей де күмәні болмаған, бірақ қарсыластарын сендіре алмай, титықтаған Фиггинс үшін бұл, әрине, әділетсіз де қатал соққы еді.

Бірақ ол мойыған жоқ. Керісінше, жаңа айғақтар мен соны дәлелдер іздеуге бел байлайды. Себебі, одан басқа амалы қалмаған болатын.

Келесі, 1927 жылы, Фиггинс Колорадо Табиғат тарихы және Америка Табиғат тарихы мұражайларының қаржылай қолдауымен Фолсом қазбаларына екінші археологиялық экспедиция ұйымдастырды. Көп ұзамай Фиггинс бастаған ғалымдар тобы тағы бір бизон қабырғасына және сол қабырғаға қадалып қалған, шебер өнделген найза ұшына кезігеді. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, бұл жолы Фиггинс пен оның әріптестері өздері тапқан найза ұшына қол тигізбей, бәз қалпында қалдырады да, Америка археология ғылымының басында отырған, бірақ алдында өзі ашқан жаңалыққа қарсы шыққан «майталман» ғалымдарға жеделхат жолдайды.

Бұл жолы істің сәті түсіп, бір-екі күн өткен соң Фолсом маңынан ашылған ғажайып жаңалықты өз көздерімен көру үшін ғалымдар лек-легімен ағыла бастайды. Сөйтіп, көптен бері текетірес болып келе жатқан ғылыми тартыстың басы ашылады. Ескі пікірді қызғыштай қорып, оған кір жуытпай келген Американың атақты археологтары енді райларынан қайтып, Фиггинстің жаңа тұжырымдамасына еріксіз мойынсұнады. Олар енді әлемге «алғашқы америкалықтар бұл құрлықтарға осыдан 15000 не 20000 жыл бұрын келіп қоныстанған» деген соңғы пікірді жария ете бастайды [Thomas 1994].

 Бұл пікірдің негізсіз емес екенін келесі ғылыми факторлар да дәлелдей түседі. Олардың біразы төмендегідей. Тынық Мұхит пен оның батысы мен шығысында орналасқан алып Азия  және Америка құрлықтарының адамзат тағдыры мен бүкіләлемдік табиғи процестердегі алатын орнының ұшан-теңіз екеніне ешкім де дау айта алмайтыны белгілі жай. Өйткені бүкіл жер шары халқы мен әлемдегі мұхит суының тең жартысын қамтитын бұл шексіз аймақта аса ірі биологиялық, минералдық және энергетикалық байлық көздері шоғырланған.

Сондықтан да болар, бұл аймаққа бүкіл әлем ғалымдары көз тігіп, үнемі қадағалап отырады. Осының бір дәлелі ретінде, 1920 жылы құрылған, ең алғашқы ірі халықаралық ғылыми ұйымдардың бірі болып саналатын Тынық Мұхит ғылыми қоғамдастығын айтса да жеткілікті. Бұл ұйым қазір әлемдегі 45 елдің басын қосып, әр төрт жыл сайын Тынық Мұхит аймағының мәселелерін талқылайтын арнайы ғылыми конгрестер өткізіп тұрады.

Ұйымға мүше елдер өкілдерінің алғашқы бас қосуы 1920 жылы Гавай аралдарындағы Гонолулу қаласында өтсе, он бесінші конгресі 1979 жылы Кеңес Одағының Хабаровск қаласында ұйымдастырылған болатын.

Осы конгрестің, әсіресе, біз көтеріп отырған мәселеге ерекше қатысы бар екенін баса айтқан жөн. Өйткені конгрестің ең ірі секцияларының бірі «Тынық Мұхит аймағында орналасқан халықтарды зерттеудің этномәдени проблемалары» деген тақырыпқа арналса, оның және бір симпозиумы «Америка мен Азияның соңғы плейстоцен және бастапқы голоцен дәуірлеріндегі мәдени байланыстары» деген мәселені талқылайды.

Симпозиум жұмысына Кеңес Одағы жағынан Р.С.Василевский мен АҚШ жағынан Р.Е.Аккерман сияқты атақты ғалымдар төрелік етіп, күн тәртібіндегі ғылыми мәселелерді талқылауға Кеңес Одағы, АҚШ, Канада, Жапония, Куба, Австралия және Вьетнам елдерінің айтулы археологтары, антропологтары, этнографтары және геологтары белсене ат салысады және, ең бастысы, кейіннен симпозиум материалдары жеке жинақ болып басылып шығады [Позднепоейстоценовые и раннеголоценовые культурные связи... 1983].

Бұл материалдардан Азияның солтүстігі мен Америка материгіне адамдардың қашан және қалай қоныстанғанын дәлелдейтін өте құнды ғылыми деректер табуға болады. Міне, дәл осы тұрғыдан қарағанда, аталмыш жинаққа енгізілген А.П.Окладников, Н.Н.Диков, Г.И.Медведев, А.Л.Брайен, Р.Л.Карлсон, К.Г.Тернер, В.Херли, П.Блид, М.Есидзаки, Ф.М.Хоблер, Е.А.Окладникова және осыдан сәл ғана бұрын аттары аталған басқа ғалымдардың ғылыми баяндамалары ерекше мән беруді қажет етеді.

Өйткені бұл ғалымдардың жарық көрген мақалаларының барлығы да Азиядан Америка континенттеріне адам баласының алғаш қалай қоныс аударғаны және ол екі құрлықтың арасында қалыптасқан байырғы қарым-қатынастар жөнінде ғылыми тұрғыдан негізделген, аса бағалы мағлұматтар береді. Оның үстіне аты аталған ғалымдардың барлығы дерлік археология саласында 1949 жылдан бастап қолданылып келе жатқан, бағзы заманнан бері тіршіліктері тоқтап, жер қойнауына өткен адам тәні болсын, немесе кез келген фауналық ия флоралық материалдардың жасын дәл айырып, анықтап беретін радиокарбон (С-14) әдісін жете меңгерген мамандар болатын.

Осы орайда Американың Табиғи ғылымдар мұражайының XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары Орта Азияға, дәлірек айтқанда, Моңғолияның түкпіріне аттандырған археологиялық экспедициясының ашқан жаңалықтарын да ерекше атаған жөн.

Әсіресе, экспедицияға қатысқан ғалымдардың ішінен аса бағалы еңбегімен көзге түскен Н.Х.Нельсонды ерекше атап өткен орынды. Ол Гоби шөлінен кейін «гоби нуклеустері» деп аталып кеткен, адам қолымен тастан жасалған, ғылыми тұрғыдан өте құнды бұйымдарды ашты. Дәл сондай нуклеустерді кейін Н.Х.Нельсон Аляскадағы Фербенкс қаласының қасында орналасқан университет фермасының маңынан да тапты. Осындай бұлтартпас айғақтарға сүйене отырып, Нельсон Америкаға адамдар о баста Азия материгінен келіп қоныстанған деген батыл тұжырым жасайды.

Одан кейінгі ондаған жылдар бойы жүргізілген археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстары да айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Гоби нуклеусі немесе өңделу мәнері жағынан соған жақын, сына тәріздес нуклеустер Алтайдан, Байкал сыртынан, Енисей, Ангара өзендерінің бойынан, Якутиядан, Амур өзенінің алқабы мен Приморье өңірінен, Сахалин мен Жапониядан, сол сияқты Камчаткадан және Алеут аралдарынан да табылған. Бұлар Азиядағы Гоби шөлінен бастап, сонау Тынық Мұхиттың шығыс бетіндегі Америкаға дейін сайрап жатқан байырғы аңшылардың ескі сүрлеуі мен іздерінің айқын да айшықты белгілері десек, артық айтқандық болмайды.

Моңғолия жерінде ашылған ең соңғы археологиялық жаңалықтарды сараптай келе, Америка материгіне адам баласының қоныстануы жөнінде Орта Азияның өте үлкен роль атқарғанын және оның бұлтартпас дәлелдері бар екенін орыс ғалымы А.П.Окладников те өзінің жоғарыда айтылған еңбегінде ерекше атап өтеді. Ол Моңғолияда байырғы заманда қалыптасқан тас өңдеу мәдени дәстүрінің Азия материгінің шығысы мен солтүстігінде орын тепкен тас өндеу мәдениетіне тікелей ықпал еткенін және бұл технологиялық дәстүрдің кезінде Солтүстік Америкаға да тарағанын ғылыми тұрғыдан аса дәйектілікпен тұжырымдайды.

Р.С.Василевскийдің пайымдауынша, жоғарыда аталған дәстүрмен өңделген тас бұйымдар табылған Сібірдегі байырғы адам мекендерінің радиокарбон тәсілімен анықталған жас шамасы 45-30 мың жылға теңеледі.

Аляска мен Американың солтүстік батыс жағалауынан ашылған байырғы адам тұрақтарының орнынан табылған тас бұйымдардың азиялық дәстүрмен өнделгенін жоғарыда есімдері аталған Р.Е.Аккерман (АҚШ), Р.Л.Карлсон және Ф.М.Хоблер (Канада) секілді ғалымдар да толық құптайды.

Мәселен, Аккерманның пайымдауынша, микронуклеустер мен тастан қашалған пластиндер Солтүстік Америкада 12 ғасыр бұрын пайда болған және бұл мәдени дәстүр тікелей Азиядан ауысқан.

Н.Н.Диков та өз мақаласында соңғы плейстоцен және алғашқы голоцен дәуіріндегі Камчатка, Чукотка және Жоғарғы Колыма аймақтарынан табылған адам мекендеген байырғы тұрақтардан алынған археологиялық материалдардың Американың палеолит дәуірінде қалыптасқан кешендерінен табылған бұйымдарға тікелей қатысы бар екенін көрсетеді. Сондықтан да оларды байланыстыра қарастырады. Сонымен қатар, Диков Камчаткадан ашылған тас бұйымдарды Американың Аляска аймағындағы Денали және Акмак кешендерінен табылған материалдармен салыстыра отырып, олардың бір-біріне өте ұқсайтынын және бір-бірімен байланысты екенін атап өтеді.

Солтүстік Юкон аймағындағы Оулд Кроу өзені кесіп өтетін алқаптан қазып алынған, сүйектен өнделіп жасалған бұйымдардың жасын А.Л.Брайен 25-40 мың жылға теңейді. Демек, бұл тұрғыдан келгенде, ең алғаш рет адам баласы Америка материгіне бұрын айтылып жүрген замандардан да ертерек қоныстанғаны байқалып тұр.

Өз мақаласында Р.Л.Карлсон солтүстік шығыс Азия мен Американың солтүстік батыс жағалауынан табылған тастан жасалған бұйымдарды, атап айтқанда, микропластиндерді салыстыра зерттей келіп, екі құрлықтың да байырғы тас өңдеу дәстүрлері бір-біріне өте ұқсас болып келетініне көз жеткізеді. Сонымен қатар, Карлсон екі құрлықта қалыптасқан байырғы мәдени қарым-қатынастарды Американың белгілі бір географиялық аймағымен, атап айтқанда, сол құрлықтың солтүстік батыс жағалауын жайлаған негізгі лингвистикалық топтардың мекендерімен ғана шектейді.

Азиядан Америкаға адамның қоныстануы немесе екі құрлықтың  арасындағы мәдени байланыстар жөнінде сөз болғанда Ф.М.Хоблердің Британия Колумбиясы жерінен ашқан байырғы адам тұрақтары жөніндегі аталмыш жинаққа енген ғылыми мақаласын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Ғалымның пайымдауынша, Британия Колумбиясы жағалауларына адамдар микропластиндер пайда болған кезден де ертерек келген.

Осыдан аз ғана уақыт бұрын Тынық Мұхит бассейнінде орналасқан аралдарда көне дәуірде қалыптасқан мәдени үрдістер туралы ғылыми әлем еміс-еміс қана білетін.

Бірақ кейінгі он жылдықта Жапон аралдары мен Сахалинде палеолит дәуірінде өмірге келген байырғы ескерткіштер көптеп ашыла бастады. Тек қазірдің өзінде ғана Жапония территориясынан плейстоцен дәуірінің соңы мен голоцен дәуірінің бастапқы кезеңіне тән 1000-ға тарта адам тұрақтары белгілі болып отыр. Олардың кейбірінің жасы 60 мың жылға дейін барып қалады. Сонымен, Жапон, Сахалин және Алеут аралдарынан табылған, адам қолымен өңделген көне бұйымдар бұл аралдардың кезінде Азия мен Американың арасын жалғастырған айрықша мәдени көпір болғанын аңғартады.

Америкалық антрополог К.Г.Тернердің мақаласы моңғолтектестердің Тынық Мұхит аймағында қоныстануы жөнінде өте бағалы мәлімет береді. Одонтологиялық, яғни тіспен байланысты зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып, ғалым моңғолтектестерді екі топқа бөледі. Бірінші топқа немесе сундадонтиялықтарға ол дземон дәуіріндегі Микронезия, Полинезия және Жапонияны мекен етушілерді жатқызса, екінші топқа, яғни синодонтиялықтарға сібірліктер мен  америкалықтарды және дземон дәуірінен кейінгі жапондықтарды жатқызады. Тернердің пайымдауынша, Америка жағындағы протоалеуттер мен эскимостардың арғы тегі Азияда, атап айтқанда, Амур бойы мен Охот теңізіне жақын аймақтарды мекен еткен. Оның ойынша, алғаш рет адамдар Азиядан Америкаға шамамен 40000 жыл бұрын келіп қоныстанған.

Сонымен, жоғарыда аталған ғылыми еңбектерді сараптай келе, Азиядан Америкаға адам баласының қоныс аударуы дүркін-дүркін болғандығын, яғни бірінші рет – 40-35 мың жыл бұрын, екінші рет – 28-25 мың жыл бұрын және үшінші рет – 14-10 мың жыл бұрын келіп қоныстанғанын аңғаруға болады. Демек, америкалықтардың о баста Азиядан келгені дау туғызбайтын шындық десек, артық айтқандық болмайды. Өйткені археология ғылымының табыстары осы пікірді толық дәлелдейді.

Америка материктеріне адамдардың ең алғашқы қоныстануы туралы және олардың антропологиялық тегі мен ерекшеліктері жөнінде ғылымда осы уақытқа дейін қалыптасып қалған пікірлердің бастау көзінде есімдері әлемге әйгілі және аталмыш мәселеге қатысты аса құнды айғақтар жинауға зор үлес қосқан, оларды сараптап, ғылыми жұртшылыққа таныстырған үш ғалымның басқалардан озық тұрғандығын ерекше атаған жөн.

Олардың бірі және үшеуінің ішінен зерттеу жұмыстарын ертерек бастаған Алеш Хрдличка болатын. Ол ұзақ жылдар бойы бірнеше арнайы экспедицияларға қатысып, соның нәтижесінде өте мол антропометриялық материалдар жинаған-ды. Сонымен қатар А.Хрдличка Америка Құрама Штаттарының әр түрлі тарихи мұражайларында жинақталған аса ірі әрі бай краниологиялық коллекциялармен де жете танысып, сол материалдардың ішінен арнайы да тұрақты көрмеге қойылған, Америка материктерін бағзы замандарда мекен еткен жергілікті халық өкілдерінің бас сүйектерін де қоса зерттеген болатын. Аталмыш мұражайларда жинақталған әлгі коллекциялар бойынша, ғалымның өз қолымен құрастырған каталогтары бұл күнде байырғы америкалықтардың краниологиялык ерекшеліктері туралы толық мағлұмат беретін бірден-бір ақпарат көзіне айналып отыр [Hrdlicka 1924, 1927, 1928, 1930, 1940, 1942, 1944].

Есімі ерекше аталуға тиісті екінші ғалым – чукшалар мен азиялық эскимостардың соматологиялық ерекшеліктерін ең алғаш рет зерттеген Г.Ф.Дебец.

Бұл орыс ғалымы жоғарыда аты аталған А.Хрдличка секілді Аляска аймағындағы «үндістер» мен эскимостардың краниологиялық ерекшеліктерімен қатар ғылымға Сібірді мекендеген байырғы халықтардың аталмыш ерекшеліктері туралы да өте маңызды мағлұматтар енгізді [Дебец 1951].

Үшінші ғалымның есімі – М.Г.Левин. Ол дағы, ең алғашқылардың бірі болып, антропология ғылымының осы замандағы әдістемелік талаптарына сәйкес, чукшалар мен азиялық байырғы эскимостардың бас сүйектерін зерттеп, оларға тән ерекшеліктерді жан-жақты сипаттап берді [Левин 1949].  Ғалымның өзі жинаған бай материалдарының негізінде жазылған терең мазмұнды теориялық еңбектері Азияның қиыр шығысын мекендейтін халықтардың этногенезі туралы мағлұматтардың шеңберін барынша кеңейте түсті [Этническая антропология... 1958].

Левиннің ғылымға қосқан тағы бір үлкен үлесі – Азияның қиыр шығысын мекендейтін чукша, эскимос, ламут секілді халықтардың қан топтарын бірінші болып зерттеп, жинақталған нақты материалдар негізінде олардың тарихы мен этнологиясы жөнінде өте бағалы еңбек жариялағандығы [Группы крови у чукчей и эскимосов... 1958, 1959]. Жоғарыда аталған А.Хрдличка америкалық «үндістердің» арғы тегін тікелей Азия монголоидтарынан, яғни моңғолтектес халықтарынан таратады. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін А.Хрдличка ғылыми мақсатпен Кеңес Одағында болып, Сібірдің байырғы халықтарының краниологиялық ерекшеліктерін зерттеді. Соның нәтижесіне сүйеніп, сібірліктер мен Солтүстік Америка «үндістерінің» арасында морфологиялық ұқсастық бар деген батыл тұжырым жасаған болатын [Hrdlicka 1942].

Бірақ ол соңғылардың алдыңғылардан өзгешелеу екеніне, атап айтқанда, азиялық моңғолтектестер мен америкалық моңғолтектестердің бір-бірінен соматологиялық және морфологиялық тұрғыдан айтарлықтай алшақтықтары бар екеніне, демек, дараланатынына жете мән бермеді. Мұның басты себебі А.Хрдличканың өз тұжырымының дұрыстығына қалтқысыз сенгендігінде жатқан сияқты. Дәлірек айтқанда, ол классикалық моңғолтектестердің арғы тегі немесе түбірі Солтүстік Азиядан екеніне титтей де күмәнданбаған болатын, сондықтан да Америкаға Азиядан алғаш қоныс аударғандардың азиялықтардан басқа болуы мүмкін емес деп батыл пайымдаған [Hrdlicka 1942].

Ғылыми әдебиеттерде американоидтар мен байырғы азиялық моңғолтектестердің ұқсастығы жөнінде және Америкаға алғаш рет адам баласының Сібірден келіп қоныстағаны туралы жоғарыда аталған ғылыми гипотеза өте кең тараған және оны жақтаушылар мен қостаушылар да жеткілікті. Солардың ең белсенділерінің бірі академик А.П.Окладников [Окладников, Василевский 1976] болатын. Кейінгі кезде бұл топқа Американың белгілі антропологы әрі археологы, алеут халқының мәдениеті мен өткен тарихын терең зерттеп, салиқалы еңбек жазған, айтулы ғалым У.Лафлин де қосылды. Тіпті оның бір мақаласы «Американы алғаш мекендеушілер сібірліктер болған» деп басталады.

Аталмыш гипотезаның тарихи, мәдени, археологиялық және этнологиялық негіздерін терең зерттегендердің бірі орыс ғалымы А.М.Золотарев еді [Золотарев 1973]. Ол өз жұмысында эскимостардың басқаларға ұқсамайтын ерекше мәдениетінің әлгі халықтың тұрақты мекені – Азия мен Американың аса қатал арктикалық табиғатына икемделу барысында қалыптасқанын өте нақты айғақтармен дәлелдейді. Мәселен, климаты өте суық әрі шаруашылыққа өте қолайсыз арктикалық аймақта күнелту кит, морж сияқты ірі теңіз жануарларын аулаумен тікелей байланысты және соған тәуелді екенін, олай болмаған жағдайда әлгі қатыгез ортада өмір сүрудің де мүлде мүмкін емес екенін айта келіп, ғалым аңшылықтың мұндай қиын да қауіпті түрін игерудің қиямет-қайым екеніне назар аударады.

Демек, климаты қатал Арктика эскимостарды басқа халықтардың өркениетіне мүлде ұқсамайтын ерекше мәдениет қалыптастыруға да, қоршаған ортаға барынша икемделуге де мәжбүр еткен.

Сөйтіп, қатыгез табиғат олардың шеберліктерін шегіне жеткізе шыңдап қана қоймай, аңшылықтың соншалықты ауыр түрін игеруге де, оған қажетті кәсіби құрал-жабдықтар өндіруге де итермелеген.

Эскимостардың антропологиялық әлпетін ғалым М.Г.Левин зерттеген [Левин 1949]. Бұл мәселені ол Сібір моңғолтектестерінің краниологиялық ерекшеліктерімен шендестіре, салыстыра қарастырған. Зерттеу жұмысының нәтижесінде ол эскимостар мен Сібірдің байырғы халқының арасында айтарлықтай морфологиялық ұқсастықтар бар екенін дәлелдеп берді. М.Г.Левин жасаған ғылыми тұжырымды кейін Г.Ф.Дебец те толық құптады [Дебец 1951].

Демек, жоғарыда келтірілген ғылыми айғақтарды негізге ала отырып, осы замандағы Америка материгінің қиыр солтүстігін мекендейтін эскимостардың арғы тегі Азиядан тараған деп, тағы да батыл тұжырым жасауға болады.

Ғылыми әдебиеттерде байырғы америкалықтардың арғы тегінің Азиядан шыққандығын дәлелдейтін басқа айғақтар да кездеседі [Thomas 1986]. Солардың бірі – генетикалык, айғақ. Мәселен, генетика ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Американың атақты биологы Томас Хант Морган (1866-1945) эксперимент арқылы тұқым қуалаушылықтың хромосомдарындағы дезоксирибонуклейн қышқылының (ДНК) молекулаларын зерттей келе, әлгілердің келешек ұрпақ үшін шешуші фактор  екенін дәлелдейтін ерекше қасиетін ашқан.

Мәселен, табиғаттағы кез келген тірі организм өзінің келешек ұрпағына қажетті ішкі және сыртқы сипаттарды, дәлірек айтқанда, олардың құрылысы, дамуы және айрықша белгілеріне қатысты барлық биологиялық қасиеттерді ДНК арқылы толық сақтап, оларды жаңадан қалыптасатын клеткаларға, демек, келешек ұрпаққа бұлжытпай көшіріп отыратын аса маңызды қызметін айқындаған.

Осы теорияны басшылыққа алған ғалымдар қазіргі заманда өмір сүріп отырған, Американың әр түрлі географиялық аймақтарын мекендейтін «үндістердің» хромосомдарындағы ДНК молекулаларын салыстыра зерттей келе, олардың генетикалық ұқсастықтары мен алшақтықтарын дәл анықтап, соның негізінде, сынақтан немесе зерттеуден өткен «үндіс» топтары түгелдей, генетика тұрғысынан, шамамен осыдан бұрынғы 15 000 жылдан 30 000 жылға дейінгі заманда өмір сүрген бір ғана ортақ тектен тараған деген тұжырымға табан тірейді.

Кейбір микробиологтардың пікірінше, тіпті, Америка «үндістерінің» 95 пайызы Мұз дәуірінің соңын ала Беринг жермойнағы арқылы Азиядан алғаш өткен шағын топтан тараған.

Дәл осындай тағы бір генетикалық айғақ Американың солтүстік жағалауын мекен ететін эскимос, алеут және на-дене халықтарының да арғы тегі бір екеніне және олар Азиядан Америкаға шамамен 7 500 жыл бұрын өткен деген болжамға сілтейді.

Американың Аризона университетінде қызмет жасайтын физикалық антропология саласының профессоры Кристи Тернер ашқан ғылыми жаңалық та ерекше назар аударуды қажет етеді. Ғалым қазіргі «үндістер» мен байырғы америкалықтардың тістерін Солтүстік Азияны мекендейтін халықтардың тістерімен (түбірлерімен қоса) салыстыра зерттеу барысында олардың арасында айтарлықтай ұқсастық бар деген тұжырымға келеді. Сонымен қатар К.Тернер Азиядан Америкаға қоныс аударғандардың алдыңғы толқыны Мұз дәуірінің соңында келіп қоныстанса, олардың соңын ала тағы да дүркін-дүркін екі топ келіп қоныстанған деген пікір айтады.

Стэнфорд университетінің лингвист ғалымы Джозеф Гринберг қарама-қайшылығы мол және бір болжам ұсынған болатын. Ол Америкадағы барлық «үндіс» тілдерінің сөздік қорын зерттей келе, солардан алынған айғақтарға сүйене отырып, «үндістердің» арғы тектері Жаңа әлемге Азиядан бір емес, бірнеше дүркін, дәлірек айтқанда, үш дүркін қоныс аударған деген жоғарыда айтылған пікірмен толық келісетінін, эскимос, алеут және на-денеліктердің басқалардан гөрі кейінірек келіп қоныстанғанын, яғни ең соңғы толқынға жататынын айтады.

Гринбергтің тілдік айғақтардың негізінде жасаған пайымдауынша, о бастағы үлкен «америнд» тілінде сөйлейтін алғашқы америкалықтар Азиядан шамамен 12 000 жыл бұрын келіп қоныстанған.

Кейіннен олар Солтүстік Американың көпшілік аймағына, содан соң Орталық және Оңтүстік Америкаға тараған. Гринбергтің ойынша, Американың барлық аймағында қазіргі кезде қолданылып немесе сөйленіп жүрген әр түрлі «үндіс» тілдері түгелдей о бастағы ортақ жалғыз тілден тараған.

Байырғы Американың таңқаларлық тағы бір үлкен құпиясы «үндістердің» әлмисақтан бері қолдан тұрғызып келген алуан түрлі қорғандарымен тікелей байланысты. Сан ғасырлар бұрын дүниеден өткен, арғы тегі Азиядағы Алтайдан келіп қоныстанған, байырғы «үндістердің» көздеріндей болып қалған ескі қорғандар, бүгінде, әсіресе Солтүстік Америкада, дәлірек айтқанда, Америка Құрама Штаттарының шығыс өңірлерінде өте жиі кездеседі. Қорғандардың аса көп шоғырланған аймағы Миссисипи мен оған келіп құятын ұзынды-қысқалы тармақтардың бойлары және осы ұлы өзеннен шығысқа қарай созылып жатқан үлкен орманды алқапты қамтиды.

Тарихи деректерге қарағанда, осыдан 200 жыл бұрын ғана Солтүстік шығыс Американың орманды өңірлері байырғы америкалықтардың он мыңдап саналатын алып қорғандарына толы болған. Сансыз көптігі мен көлемділігі және ерекше бейнелілігі оларды көргендердің ешқайсысын жайбарақат қалдырмағаны байқалады [Squier 1973].

1942 жылға дейін Солтүстік шығыс Америкадағы қорғандар шоғыры солтүстіктегі Ұлы көлдерден басталып, оңтүстіктегі Мексика шығанағына дейін, сол сияқты батыстағы Ұлы Ойпаттың шығыс жақ бөлігінен бастап, шығыстағы Аппалач тауларына дейінгі аралықты тұтас қамтыған және олар аталған аймақта 4000 жыл бойы үздіксіз салынып келген. Сосын осыдан екі-ақ ғасыр бұрын ағылшын колонистері иелік еткен жерлердің сырт жағында орналасқан қорғандардың бәрі дерлік бәз қалпында аман сақталған. Себебі 1800 жылға дейін ағылшын тілді колонистер қоныстанған жерлер, негізінен, Аппалач тауларының шығысындағы Атлант мұхитының жағалауларымен ғана шектелген. Ал кейінірек Еуропадан қоныс аударушылардың саны көбейіп, олар енді Аппалач тауларынан асып түсіп, батысқа қарай тез жылжыған сайын қорғандардың саны да күрт кеми бастаған.

Өйткені колонистердің соңғы толқындары жаңа жерлерге ие болып, оларды жаппай өндеуге кіріскен кезде, әлгі жерлерде бағзы заманнан бері тұрған «үндіс» қорғандарын да қоса тегістеп жіберген. Ал XX ғасырда әлгі қорғандарды тек еуроамерикалық фермерлер ғана емес, сонымен қатар олардың ішін кеулей үңгіп, асыл тастар мен бағалы бұйымдар іздеген қызыл көз мүттәйімдер де тіміскілеп, сосын сол жерлердің үстімен өтетін үлкен жолдарды салған құрылысшылар да өз «үлестерін қосып», қорғандарды бульдозермен тегістеп, байырғы америкалықтардың ескі өркениет көздерін жермен-жексен етіп жойып жіберген. Әйтсе де, азды-көпті қорғандар байырғы қалпында сақталып, бүгінге дейін аман-есен жеткен.

Тарихи деректерге қарағанда, Еуропадан қоныс аударған колонистердің ішінен некен-саяқ болса да қорғандардың сырын білуге тырысқандар ұшырасқан.

Бірақ Еуропадан тыс жерде мұндай мәдениет ошақтары болады деген түсінік еуроцентристік көзқарастағы еуроамерикалықтардың үш ұйықтаса түсіне де  кірмеген. Сондықтан колонистер әлгіндей алып қорғандарды тұрғызған «үндістер» деген пікірге өте сенімсіздікпен қараған. Себебі еуроцентристік көзқарасты берік ұстанған еуроамерикалықтар «үндістердің» қабілеті ондай алып құрылыстар салуға жетуі мүмкін емес деген мүлде жаңсақ пікірде болған.

Соның салдарынан олар қорғандарды тұрғызған немесе салғандар кезінде христиандардың қасиетті кітабы – Тауратта жазылғандай, Палестинадан қуылған он тайпа еврей халқының өкілдері болуы мүмкін, немесе жиһангер викингтер, немесе он алтыншы ғасырдағы испандықтар болуы ықтимал деген сияқты алыпқашпа пікірлер таратқан. Ал XX ғасырда «үндістердің» қорғандарын тіпті ғарыштан келген басқа планеталықтардың іс-әрекеті деушілер де табылған. Бірақ бұл болжамдардың бірде-бірі шындыққа жанаспайды, өйткені олардың ғылыми негіздері де, дәлелді айғақтары да жоқ.

Археологиялық айғақтар мен кейінгі ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері қорғандар шоғырланған жерлерде кезінде «үндістердің» өте тығыз орналасқандығынан хабардар етеді. Мәселен, 1983 жылы Генри Ф.Добинс жариялаған деректерге қарағанда, қорғандар жиі орналасқан аймақтағы халықтың саны кезінде 18 миллионнан кем болмаған [Dobyns 1983]. Басқа ғалымдардың келтірген мағлұматтары да осыған жуықтайды [Thornton 1987].

Археологтардың пікірінше, жоғарыда аталған миллиондаған халықтың басым көпшілігі Солтүстік шығыс Америкадағы қорғанды алқаптардың маңайына шоғырланған. Сонымен қатар әлгі ірі елді мекендер сол кездердегі қоғамның саяси-экономикалық және сауда-саттық орталықтарының қызметін де қоса атқарған. Бұл пікірдің дұрыстығына шек келтіруге болмайды. Өйткені археологиялық қазба жұмыстары кезінде әлгі қорғандардан табылған алуан түрлі бұйымдар, атап айтқанда, батыстағы Жартасты таулардан жеткізілген пышақ тәріздес өткір жүзді құралдар, Миссисипи өзенінің солтүстік жағынан өндірілген түрлі-түсті бояулар, Флорида маңындағы теңіз жәндіктерінің қабыршақтарынан жасалған бұйымдар, Ұлы Көлдердің маңайында өндірілген мыстан істелген заттар, Огайо өзенінің бойында жасалған су жүргізу үшін қолданылатын қуыс тас құбырлар, Аппалач тауларынан өндірілген слюда, тағы да толып жатқан басқа бұйымдар жоғарыда айтылған пікірдің бұлтартпас дәлелі деуге әбден болады [Shaffer 1992].

Америка қорғандарын арнайы зерттеген америкалық ғалым Л.Н.Шаффер олардың салынған немесе пайда болған заманын үш дәуірге бөледі.

Бірінші дәуірде, шамамен біздің заманға дейінгі 1500-700 жылдар арасында қорғандар тұрғызу Миссисипи өзенінің төменгі алқабы мен соған жақын жатқан өңірлермен шектелген. Археологтардың пайымдауынша, ол кездегі ең үлкен қорғандар шоғыры Миссисипидің батыс жағалауында, қазіргі Луизиана штатының солтүстік шығыс бөлігінде орын тепкен. Археологтар бұл орынды Поверти Поинт деп атайды. Екінші дәуір – Орманды немесе Адена-Хоупвелл дәуірі. Бұл біздің заманымыздан бұрынғы 500-жылдар мен біздің заманымыздың 400-жылдар арасын қамтиды.

Ең маңызды қорғандар осы дәуірде Огайо өзені мен оған келіп құятын басқа тармақтардың бойында тұрғызылған және осы арадан Шығыс орманды алқаптарына тараған. Қорған тұрғызудың үшінші дәуірі біздің заманымыздың 700-1700 жылдар арасын қамтиды. Археологтар бұл кезеңді Миссисипи дәуірі деп атайды. Өйткені бұл кезде Миссисипи өзенінің бойында, қазіргі Иллиноис штатының Шығыс Санкт-Луис қаласына жақын жердегі Кахокия деп аталатын ең алып қорғандар шоғыры дүниеге келеді. Біздің заманымыздың 900-1200-жылдары арасында бұл қорғандар шоғырына тең келетін басқа қорғандар Солтүстік шығыс Америкада болмаған. Бұл дәуірден кейінгі замандарда да қорған тұрғызу толастамаған, бірақ, көлемі жағынан соңғылар алдыңғылардан әлдеқайда кішірек болған. Сосын, жоғарыда атап өткендей, қорғандардың сипаты мен үлгісі алуан түрлі болған.

piramid adil 1

piramid adil 2

Сонда қалай? Бір-біріне ұқсамайтын қорғандар не үшін тұрғызылған? Олар қандай мақсатқа бола салынған? Әрине, бұл сұрақтарға үзілді-кесілді немесе бір жақты жауап беруге болмайды. Өйткені оларды зерттеген ғалымдардың қол жеткізген нәтижелері қорғандардың әр түрлі мақсатқа бола тұрғызылғанын айғақтайды. Мәселен, биіктігі әр түрлі, дөңгелек немесе эллипс үлгісінде салынған кейбір қорғандар қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін тұрғызылған зираттар екені байқалады. Мұндай қорғандарды байырғы Америка өркениетін терең зерттеушілердің бірі, белгілі ғалым Милослав Стингл Америка Құрама Штаттарының Солтүстік Каролина, Вирджиния, Кентукки және басқа да штаттарынан кездестіргенін атап көрсетеді [Стингл 1984]. М.Стингл келтірген басқа деректерге қарағанда, кейбір қорғандардың қызметі мүлде бөлек болған.

Мысалы, 1925 жылы Джорджия штатындағы Этов қаласының маңынан археолог Уоррен Мурхид ашқан топырақтан үйілген бір топ қорғандар «үндістердің» құдайға сиынатын қасиетті орындары екені анықталды. Себебі әлгі қорғандардың төбесіне байырғы америкалықтар ағаш храмдар мен шіркеулер тұрғызған. М.Стингл суреттеген қорғандардың енді бір түрі топырақтан көп баспалдақты пирамидалар үлгісінде салынған. Мысалы, жоғарыда аталған Миссисипи бойындағы Кахокия қорғаны осы үлгімен тұрғызылған.

Солтүстік Америкадағы «үндістер» салған ең алып құрылыс болып саналатын бұл қорғанның табанының ұзындығы мен ені 350x210 метрге, ал биіктігі 30 метрге тең болған.

Солтүстік шығыс Америкада, дәлірек айтқанда, Америка Құрама Штаттарының Висконсин, Огайо штаттарында қорғандардың жоғарыда аталған үлгілеріне мүлде ұқсамайтын тағы бір ерекше түрі кездеседі. Топырақтан тұрғызылған бұл алып қорғандардың сыртқы бейнесі белгілі бір жануарлардың кейпінен айнымайды, бірақ олардың көлемі әлгі жануарлардың табиғи болмысынан мыңдаған есе үлкен болып келеді. М.Стинглдің келтірген деректеріне қарағанда, Огайо штатындағы екі қорған жылан бейнесінен айнымайды және олардың бірінің ұзындығы 300 метрге теңеледі. Бұл жылан-қорғанның «денесі» бірнеше жерден иіле ирелеңдеп, құйрық үшы шеңберше шиырылып барып бітеді.

Сол сияқты Висконсин штатындағы ұзындығы 60 метр болатын бір қорған Америка аллигаторын елестетсе, Оңтүстік Дакотадағы және бір ірі қорған тасбақадан айнымайды. Ал Висконсиндегі Крауфорд қаласының маңынан осыдан 100 жыл бұрын ашылған алты қорған түгелдей биікте қанаттарын жайып, самғай ұшып бара жатқан алып құстардың бейнесін елестетеді. Мұндай қорғандарды тұрғызған «үндістердің» байырғы отаны қазіргі Висконсин штатының орналасқан аумағы десе де болады. Өйткені бейнелі қорғандар өте-мөте осы штат орналасқан жерде жиі ұшырасады. Бейнелі қорғандарды арнайы зерттеген ғалым Ч.Рау өз диссертациясында олар туралы жан-жақты мағлұмат береді. Ол келтірген нақты деректерге карағанда, 24 қорған құстарды, 11 қорған бұғыны, 16 қорған үй қоянын, 20 қорған аюды бейнелейді. Висконсин штатынан Ч.Рау бас-аяғы 483 бейнелі қорған ашқан [Rowe 1956].

Байырғы америкалықтар бұл сияқты бейнелі қорғандарды жайдан жай немесе еріккеннен салмағаны айтпаса да түсінікті.

Олардың ең басты себебін ғалымдар байырғы америкалықтардың наным-сенімдерінен, атап айтқанда, олардың тотемдік нанымдарынан іздейді және әлгі қорғандардын бәрі де «үндістердің» пір тұтқан тотемдік тектерін бейнелейді деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырымның қисыны бар. Онымен толық келісуге болады. Себебі тотемизм – әлемде өте кең таралған наным. Оған көп елдің ғылымдары жете назар аударып, арнайы зерттеген. Соның нәтижесінде, бұлтартпайтын шынайы айғақтарға сүйене отырып, нақты ғылыми тұжырымдар жасаған. Арнайы еңбектер жазған. Солардың ішінен Эдуард Тэйлор, Зигмунд Фрейд, Джон Мак-Леннан, Эндрю Ланг, Джеймс Фрэзер, С.Рейнах, В.Вундт, С.П.Толстов, Д.Е.Хайтун, Н.А.Алексеев, Л.Расоний секілді ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының алатын орны ерекше екенін атап өткен жөн.

Ал тотемизмнің америкалық «үндістердің» наным-сенімдерінің ішінде алатын орны өте ерекше. Тіпті бұл күнде халықаралық терминге айналып, бүкіл әлем тілдерінің көпшілігіне еніп кеткен «тотем», «тотемизм» деген ұғымдардың да түп төркіні «үндістердің» тілінде жатыр. Мәселен, оджибве «үндістерінің» тілінде «тотем» деген сөз «тек» деген ұғымды білдіреді. Мұның мәнісі мынада. Солтүстік Америкадағы алгонкин «үндістерінің» (бұл топқа оджибвелер де кіреді) тайпалары өздерінің арғы тектерін аю, қасқыр, тасбақа, бұғы, қоян немесе т.б. жануарлардың бірінен таратып, әр тайпа өз тегінің, яғни тотемдік жануардың атын сол тайпаның төл атауы ретінде пайдаланады. Сонымен қатар әлгі тайпалардың әрбір мүшесі де жаңағы тотемдік атауды өзінің төл есімі ретінде қолданады.

Тотемдік жануарларды адамдардың арғы тегі деп тану, яғни тотемизм тек Америка «үндістерімен» ғана шектелмейді.

Мұндай наным кезінде Африка, Австралия және Азия материктерін мекендеген халықтардың көпшілігіне де тән екені ғылымда белгілі жай. Мысалы, Африкадағы бечуан тайпалары өздерін «бакуена» (крокодил), «батлапи» (балық), «балаунга» (арыстан) немесе «баморар» (жабайы жүзім) секілді тотемдік есімдермен атаған. Сол сияқты Индияның таулы аймақтарын мекендейтін ороан және мунд тайпалары да «жылан балық», «қаршыға», «сұңқар», «көкқұтан» т.б. жануарлар мен құстарды өздерінің тотемі, яғни тегі санаған және оларды өлтіруге немесе етін жеуге қатаң тыйым салатын болған.

Белгілі ғалым Зигмунд Фрейдтің жасаған қорытындыларына қарағанда, Австралияның байырғы тайпаларының өмірінде де тотемизмнің алатын орны ерекше болған. Мәселен, австралиялықтарға тән басты ерекшелік – белгілі бір тайпаның тотемі сол тайпаның ата-тегі болып саналуымен қатар әлгі тайпа мүшелерін қорғап-қоршап жүретін киелі күш иесі болып та есептелген. Сонымен қатар тайпа мүшелеріне өз тотемін өлтіруге, оның етін тамаққа пайдалануға, әрі ортақ бір тотемге жататын ер адамдар мен әйелдерге жақындасуға немесе қан араластыруға аса қатты тыйым салынатын болған. Бұл тыйым қатаң сақталып отырған, себебі оны бұзғандар табан астында тотемнің кәріне шалдығатынына немесе өз-өзінен мерт болатынына ешбір күмәнданбаған.

Ғылыми деректерге сүйене отырып сараптама жасасақ, арғы тегі Америкаға Азиядағы Алтайдан ауып келген «үндістердің» тотемдік наным-сенімдері мен оған қатысты тыйымдары Азия халықтарының, оның ішінде түркі халықтарына тән тотемдер мен тыйымдарға қатты ұқсайтындығын байқамау мүмкін емес. Мәселен, Л.Расоний түркі халықтарының тотемдік нанымдары жөнінде ең алғаш бағалы пікір айтқан, бүкіл әлемге аты кеңінен танымал ғалым Рашид-ад-диннен (1247-1318) өте құнды деректер келтіреді. Әлгі деректер бойынша, ол кездерде түріктер, оның ішінде төрт-төрттен алты топқа бөлінетін 24 оғыз тайпасының әр тобы, «қаршыға», «бүркіт», «сары бүркіт», «сұңқар», «ителгі», «лашын» секілді «онгандардың» (демек, ол кездерде түріктердің тілінде «тотем» деген ұғымды білдіретін «онган» деген арнайы терминнің болғаны байқалады), яғни тотемдердің бірінің атымен аталып, құт-береке әкелетін әлгі тотемдерді аулауға қатаң тыйым салатын болған.

Л.Расоний сонымен қатар XI ғасырда қырғыздардың да кейбір рулары «сиыр», «жел», «сұңқар», «сауысқан» болып аталып келгенін, ал түріктер өздерінің арғы тегін бөріден тарайды деп сенетіндіктен байрақтарына бөрінің, яғни тотемдерінің бас бейнесін салатындығын және сол заманда жиі кездесетін Көкбөрі, Бозғұрт, Үкі, Жылан, Аю, Тұрымтай, Аққұс, Бидай, Арпа секілді кісі есімдерінің де әлгі тотемдік нанымдармен тікелей байланысты қойылғанын сөз етеді. Мұндай мысалдарды кез келген түркі халқының рухани мәдениетінен кездестіруге болады. Бірақ бұл арада олардың бәрін жіпке тізіп жатпай-ақ, тотемдік нанымдардың жоғарыда аталған түркі халықтарымен қатар түркімендерге де, өзбектер мен қарақалпақтарға да, алтайлықтар мен тувалықтарға да, тіпті сонау Азияның қиыр солтүстік шығысында, Солтүстік Америка материгіне біршама таяу жатқан якут-сахаларға да ортақ құбылыс екенін айтсақ та жеткілікті [Хуршудян, Муканова 1999]. Сондықтан бұл тақырыпты осыменен доғара тұрып, әңгіме желісін енді сөзіміздің негізгі арқауы болып отырған қорғандарға қайта бұрайық.

Қорғандар демекші, дәл осы жерде оларға қатысты тағы бір мәселенің, дәлірек айтқанда, қорғандар тек Америка «үндістерінің» төл мәдениетіне ғана тән құбылыс па, жоқ әлде олар «үндістерге» басқа өркениеттерден ауысқан мұра ма? деген екіұшты сұрақтың басын ашып алған жөн сияқты.

Бірден кесіп айту керек, бұл мәселеге ғылымның қай тұрғысынан келмесек те, америкалық қорғандардың төркінін ең әуелі Азиядан іздеуге бағыт сілтейді. Себебі Азия, оның ішінде Алтай, біріншіден, байырғы замандарда Америкаға Берингия жермойнағы арқылы қоныс аударған алғашқы америкалықтардың («үндістердің») тарихи отаны. Екіншіден, қорғандар, әсіресе, Еуазияда кең таралған, тарихы өте терең мәдени құбылыс. Үшіншіден, Азиядан Америкаға ең алғаш қоныс аударғандар ол жаққа өздерінің салт басы мен сабау қамшысын ғана алып өтті десек, ақылға сия қоймас еді. Керісінше, жаңа қоныстарына алғашқы америкалықтар тілін де, салт-дәстүрін де, наным-сенімін де қоса алып өтті деуге толық негіз бар.

Өйткені тіл, дәстүр, наным-сенім дегендердің бәрі де адаммен біте қайнасып, бірге жасайтын, одан мәңгі ажырамайтын, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын, аршып алып тастауға да болмайтын табиғи дүниелер екені дау туғызбаса керек. Тағы да бір есте болатын нәрсе –  қорғандардың Азияда, Еуразияда, оның ішінде, әсіресе түркі халықтары мекен еткен Сібірде, Қазақстанда өте жиі кездесетіндігі. Бұған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, тек Қазақстан аумағында ғана XX ғасырда әлемдік мәнге ие болған қорғандардың ірі-ірі екі тобы ашылғандығын айтсақ та жеткілікті. Олардың бірі – археолог К.Ақышев ашқан, ішінен «алтын адам» шыққан Алматы маңындағы Алатау етегінде орналасқан Есік қорғандары, ал екіншісі – археолог З.Самашев ашқан, ішінен екі бекзадамен (бірі – еркек, бірі – әйел) бірге алтын әбзелді он үш аттың сүйектері қоса табылған Алтайдағы Берел қорғандар шоғыры.

Есік қорғандары, шамамен, біздің заманымыздан бұрынғы бесінші-төртінші ғасырларда [Хуршудян, Муканова 1999] тұрғызылса, Алтайдағы қорғандардың жасын ғалымдар әзірше, шамамен, екі жарым мың жылға теңеп отыр. Бірақ ғылыми-зерттеу жұмыстары толық аяқталмағандықтан бұл мәліметтердің әлі де өзгеруі әбден ықтимал.

Қазақстан жеріндегі кейбір қорғандардың көлемі де адам таңқаларлық. Олардың ішінде көлемі жағынан Америка қорғандарынан еш кем түспейтін өте ірі қорғандар тобы да кездеседі.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы, атап айтқанда, мұнайлы Қарашығанақ жеріндегі «Қырық оба» деп аталатын қорғандар шоғыры – осы айтқанның бұлтартпас дәлелі. Әлгілердің ішінде, әсіресе, «патшалар қорғаны» деп аталатын үш үлкен қорғанның алатын орны ерекше. Өйткені олардың ең ірісінің биіктігі 20 метрге жетсе, диаметрі 150 метрге теңеледі. Ал оған жапсарлас тұрған және екі қорғанның көлемі де таңдай қақтырады. Тіпті олардың бірінің ені 110 метрге дейін жетеді. Ғажап емес пе? Ғалымдардың айтысына қарағанда, мұндай ірі қорғандар шоғыры Еуразия кеңістігінің басқа жерлерінде кездесіп көрген емес.

Азия мен Америка қорғандарын салыстыра қарайтын болсақ, олар тек көлемі жағынан ғана емес, сонымен қатар сыртқы пішіні, атқаратын қызметі тұрғысынан да ұқсас келеді. Әрине кейбір айырмашылықтары да жоқ емес. Мәселен, жоғарыда біз америкалық «үндістердің» қорғандары төрт түрлі (дөнгелек, эллипс, пирамида, тотемдік жануарлар пішіндес) үлгіде және олардың әрқайсысының белгілі бір мақсатқа бола тұрғызылып келгендігіне тоқталған болатынбыз. Ал «Азиядағы қорғандар не үшін тұрғызылған және олар қандай үлгіде салынған?» деген мәселеге келсек, олар жөнінде де біраз мағлұмат беруге болады.

Біріншіден, Азия қорғандарының ішінде де дөңгелек немесе эллипс үлгісіндегілер баршылық екені дау туғызбайды. Бірақ пирамида үлгісіндегі қорғандар мен тотемдік жануарлардың кейпін қайталайтын бейнелі қорғандар ұшыраспайды. Ал қызметі жағына келсек, Азиядағы қорғандарды, негізінен, үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – дүние салған адамдар жерленген орынның төбесіне үйілетін кәдімгі зираттағы қорғандар. Мұндай қорғандар кез келген елді мекеннің маңынан табылады, сондықтан оған басқа дәлел іздеудің ешбір қажеті жоқ.

Екіншісі – сыйынатын, тәу ететін, яғни ерекше культтік сипаты бар қорғандар. Мысалы, бағзы замандарда қыпшақтар ондай қорғандардың төбесіне тастан қашалған статуялар қоятын болған. Төмендегі жолдар осының дәлелі секілді. «Эти изваяния воздвигались в память умерших и являлись важнейшим атрибутом господствовавшего у кыпчаков культа предков. Поэтому ставить их могли только в местах, где появлялись постоянные кипчакские зимовища и прокладывались соединяющие отдельные кочевья степные дороги. Десятки тысяч статуй стоял на курганах и майданах, на перекрестках степных дорог и рек» [Хуршудян, Муканова 1999].

XIII ғасырда жиһангер сопы Гильом де Рубрук жазып кеткен мына бір жолдар да жоғарыда айтылғанға қосымша дәлел бола алады. «Команы (қыпшақтар – Ә.А.) насыпают большой холм над усопшим и воздвигают ему статую, обращенную лицом к востоку и держащую у себя в руках перед пупком чашу» [Рубрук 1911].

Үшіншісі – шекаралық меже сипатындағы қорғандар. Ғылыми деректерге қарағанда, кезінде Дешті Қыпшақтың басқалармен шекарасы ылғи да меже-қорғандар арқылы белгіленгені байқалады. Мысалы, бұл жөнінде Мурад Аджидің бір еңбегінен мына бір айғақты кездестіреміз: «На русском языке слово «курган» как пишет крупнейший топонимик Э.М.Мурзаев, прежде всего означало «граница», «межа». Почему? Потому что в первую очередь курганы отличали тюркские земли. За курганами начиналась чужая для русских земля... На крайнем юге страна тюрков доходила до Ирана, опять же и курганы тому свидетельство» [Аджи 1998, Путешествие в древность 1983].

Осы айтылғандарды қорыта келе, алғашқы америкалықтардың тек арғы тегі ғана емес, сонымен қатар олардың ғасырлар бойы тұрғызып келген қорғандарының сыры да Азиямен, Еуразиямен, Орта Азиямен де тікелей сабақтасып жатыр деген батыл тұжырым жасауға болады.

Тақырыпқа қатысы бар дерек көздері:

(алфавит тәртібімен орналастырылған)

Begley Sh. The Americans. Columbus Special Newsweek. Fall Winter, 1991.

Dobyns H. Their Number Become Thinned: Native American Population Dynamics in Eastern North America. Knoxville: University of Tennesee, 1983.

Encyclopaedia Britanica, vol. 21. London, 1946. 

Ferrario B. Della possibille paretelu fra le lingue «altaiche» ed alcune americane // Atti del XIX Congresso Internazionale degli Orientalisti. Roma, 1938.

Frazer J.G. The Golden Bough. Part 2. London, 1922.

Guerios M. Tabus Linguistics. Rio de Janeiro, 1955.

Hrdlicka A. Catalogue of human crania in the United States National museum collections // Proceedings of United States National museum. Washington, 1924, 1927, 1928, 1930, 1940, 1942, 1944.

Hrdlicka A. Crania of Siberia // American journal of physical anthropology. 1942. Vol. 29, № 4.

Hrdlicka A. The origin and antiquity of the American Indians. Washington, 1942.

Huddleston  L.E. Origins of the American Indians. European Concepts. 1492-1729.

Pei M. The Story of Language. Philadelphia and New  York, 1965.  

Rasonyi  L. The Psychology and Categories of Name Giving Among the Turkish Peoples // Hungaro-Turcica. Studies in Honour of Julius Nemeth. Budapest, 1976.

Rivet P. Les rile des Oceaniens dans 1’ histoire du peplement du monde et de la civilisation, Annales de geographie, Juill, 1926.

Rowe Ch.W. The Effigy Mound Culture in Wisconsin. Milwaukee, 1956.

Sapir E. Language. New York,1921.

Shaffer L.N. Native Americans Before 1492. The Mounbuilding Centers of the Eastern Woodland. M.E. Sharpe. Armonk, New York. London, 1992.

Squier E.G., Edvin H.D. Anciet Monuments of the Mississippi Valley. 1973 reprint (Orig. Pub. 1848).  New York: AMS Press for Harvard Peabody Museum.

Thomas D.H. Exploring Ancient Native America. An Archaeological Guide. Macmillan. New York, 1994, pp. XVII-XVIII.

Thornton R. American Indian Holocaust and Survival: A Population History since 1492. Norman, OK: University of Oklahoma. 1987.

Viola H.J. After Columbus: The Smithsonian Chronicle of the North American Indians. New York: Orion Books, 1990.

Waters F. Book of the Hopi. The Viking Press. USA, 1963.

Wikander S. Maya and Altaic // Ethnos. Stockholm, 1970, #35.

Wikander S. Maya and Altaic // Orientalia Suecana. Uppsala, 1972.

Wikander S. Maya and Altaic. Is the Maya group of Languages related to the Altaic Family? // Ethnos. Stockholm, 1967. #32.

Аджи М. Европа, тюрки, Великая степь. Москва: Мысль, 1998, стр. 27.

Аджи М. Полынь Половецкого поля. Москва: Новость, 2000.

Айтыс. Т.1. Алматы, 1964.

Андреев Даниил. Роза Мира. Метафилософия истории. Москва: Прометей, 1991.

Аргуэльес Х. Фактор майя. Загадка 2012. Москва: София, 2010.

Аргуэльес Х., Аргуэльес Л. Тринадцать лун в движении. СПб. : Клонатон, 2001.

Арибжанов М. Некоторые лексические параллели в языке древних индейцев майя и тюркских языках // Вопросы тюркского языкознания. Казань, 1976.

Ахметов Ә. Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер. Алматы: Ғылым, 1995.

Әуезов М. Абай жолы. 1-кітап. Алматы, 1961.

Баскаков Н.А. Пережитки табу и тотемизма в языках народов Алтая // Советская тюркология. 1975, №2.

Болғанбаев Ә. Қазақ тіліндегі алғыс пен қарғыс мағынасындағы тұрақты сөз тіркестері // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері.Алматы, 1960.

Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т. 1. Алма-Ата,1961.

Вандриес Ж. Язык. Москва, 1937.

Вечерняя Алма-Ата, № 95 (1016), 1971, 23 апреля. 

Гордлевский  В.А. К личной ономастике у османцев // Древности Восточные. Вып. 1, Москва, 1913.

Грегг Брейден, Питер Рассел, Эрвин Ласло..., Дэниел Пинчбек и др. 2012: Окно возможностей. Взгляд на мир в эпоху перемен глазами всемирно известных ученых, визионеров и исследователей.  Москва, 2010.

Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Т.1.Ташкент, 1889.

Группы крови у чукчей и эскимосов // Советская этнография. 1958, № 5;

Гумилев Л.Н. Древние тюрки. История образования и расцвета Великого тюркского каганата (VI-VIII вв. н.э.). Москва: Кристалл, 2003.

Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая Степь. Москва: АСТ, 2007.

Гумилев Л.Н. Конец и вновь начало. Москва: Рольф, 2000.

Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. Москва: Танаис-Ди-Дик, 1994.    

Дебец Г.Ф. Антропологические исследования в Камчатской области // Тр. Института этнографии АН СССР. Москва, 1951.,Т. 17.

Диего де Ланда. Сообщение о делах в Юкотане. Перевод со староиспанского, вводная статья и примечания Ю.В. Кнорозова. Москва-Ленинград: Издательство АН СССР, 1955.

Әуезов М. Абай жолы. 1-кітап. Алматы, 1961.

Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы. Алматы, 1971.

Зеленин Д.К. Табу слов у народов Восточной Европы и Северной Азии. Ч. 2, Ленинград, 1929.

Золотарев А.М. К вопросу о происхождении эскимосов // Антропологический журнал. 1937, № 1.

Ибрагимов И.И. Этнографические очерки киргизского народа
II Русский Туркестан. Т. 2. Москва, 1872.

Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. Казань, 1861.

Искаков Н., Шалахметов Г. Прорыв. Книга об устойчивом развитии. Москва, 2008.

Исқақов М. Соқыр сенім және діни ғұрыптар. Алматы, 1968.

Исматуллаев Н. Эвфемизмы в современном узбекском языке. Автореф. дисс. на соиск. канд. фил. наук. Ташкент, 1964.

Итс Р. Века и поколения. Москва: Мысль, 1976.

Кpayлей Э. Мистическая роза.СПб, 1905.

Казакеевич В.А. Современная монгольская топонимика. Ленинград,1934.                             

Кайдаров А.Т. Культ слова у тюркских народов // Тюркология. 1992, № 3.

Каримуллин А.Г. О возможном родстве отдельных индейских языков с тюркскими // Вопросы тюркского языкознания. Казань, 1976.

Карл Марет. Загадка 2012 года. 2012: Окно возможностей. Взгляд на мир в эпоху перемен глазами всемирно известных ученых, визионеров и исследователей. Москва, 2010.

Каруц Р. Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке. СПб, 1910.

Катанов Н.Ф. Поездка к карагасам в 1890 г. Петроград, 1891.

Кнорозов Ю.А. Система письма древних майя. Москва: Издательство АН СССР, 1955.

Қазақтың көне тарихы. Алматы: Жалын,1993. 

Лауде-Циртаутас И. К вопросу о табу и эвфемизмах в казахском, киргизском и узбекском языках // Советская тюркология. 1976№ 4.

Лёви-Брюль Л. Первобытное мышление. Москва, 1930.

Левин М.Г. Краниологические типы чукчей и эскимосов // Сб. Музея антропологии и этнографии АН СССР. Т. 10, Москва-Ленинград, 1949.

Масару Эмото. Послание воды: Кристаллы жизни // Пер. с англ. Минск, 2006.

Масару Эмото. Послание воды: Тайные коды кристаллов льда // Пер. с англ. Москва, 2006.

Мифологический словарь. Москва : Советская энциклопедия, 1990.

Моисеев Н.Н. «Устойчивое развитие» или «Стратегия переходного периода». Введение в тему. В книге «План действий «Устойчивые Нидерланды». Москва, 1995.     

Мулдашев Э. От кого мы произошли? Сенсационные результаты научной Гималайской экспедиции. Москва, 2000.

Мэри Х. Наследие Сириуса. Киев, 1997.

Наливкин В., Наливкина М. Очерки быта женщины оседлого туземного населения Ферганы. Казань, 1896.    

Новые материалы по группам крови у эскимосов и ламутов // Советская этнография. 1959, № 3.

Окладников А.П., Василевский Р.С. По Аляске и Алеутским островам. Новосибирск, 1976.

Панов Е. Смысл жизни и истории с позиций эзотерики. Москва, 2000.

Панов Е. Собирание умов. Международный журнал «Форум», 2004, № 30-31.

Перетрухин В.Н. Беседы о языке и культуре речи. Тюмень, 1962.

Позднепоейстоценовые и раннеголоценовые культурные связи Азии и Америки. Новосибирск, 1983.

Потанин Г.Н. Очерки северо-западной Монголии. Вып. 2. СПб, 1881.

Путешествие в древность. Издательство Московского университета, 1983.

Рубрук В. Путешествие в восточные страны / Пер. Малеина. СПб., 1911.

Сaт Ш. Табу и эвфемизмы в тувинском языке//Советская
тюркология. 1981, № 5.

Савин А.Ю. Кто-то высший опекает каждого из нас // Экономические стратегии, № 4, 2009.

Самойлович А.И. Запретные слова в языке казак-киргизской замужней женщины // Живая старина. Петроград, 1915.

Самойлович А.Н. Женские слова у алтайских турков // Языки литература. Т. 3. Ленинград, 1929. 

Сборник «Евразийский университет и мир Евразии». Астана: Издательство ЕНУ им. Л.Н.Гумилева, 2006.   

Сборник трудов конференции «Л.Н. Гумилев. Теория этногенеза и исторические судьбы Европы». СПб., 2002.

Сейфулин С. Шығармалар жинағы. Т. 6. Алматы, 1964.

Стингл М. Индейцы без томагавков. Москва: Прогресс, 1984.

Сукарно. Сарина. Москва, 1961.

Сухонос С.И. Российский ренессанс в ХХI веке. Москва, 2001.

Фрэзер Дж. Золотая ветвь. Вып. 2 (Табу - запреты). Москва, 1928.

Фрэзер Дж.Дж. Золатая ветвь. Исследование магии и религии. Москва: Издательство политической литературы, 1946.

Хуршудян Э., Муканова Д. Из истории армянско-казахстанских отношений. Ереван, 1999.

Черчвард Дж. Древний континент Му. Прародина человечества. Киев: София, 1997.

Шалахметов Г., Искаков Н. Принцип пирамиды. Москва, 2005.    

Этническая антропология и проблемы этногенеза народов Дальнего Востока // Тр. Института этнографии АН СССР. Т. 36, Москва, 1958. 

 

Әділ АХМЕТОВ

Автор:
Әділ АХМЕТОВ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

ТОП-5 месяца

    социальная
    рекомендация
    коммерческая