Ерте тұратын ел

Қытай – әр түрлi мүдделердiң бәрiн ортақ елдiк мақсатқа тоғыстырған алып мемлекет. Студент кезімізде өзiмiз «Қытай мәдениетi» пәнiнен лекцияда ұққанымыздай, мұнда Қытай мемлекетiн сипаттайтын бiр ғана мәдениет емес, бiрнеше алуан мәдениет бар. Соның бәрi Қытайдың мүддесiн көздейдi. Мүмкiн, бұған ел көлемiнiң аса үлкендiгi және халық санының көптiгi ықпал ететiн шығар.

Еңбекқор халықтың мақсат-мұраты туралы

Қытайда 23 провинция бар және де әр провинцияның өз мәдениетiнiң ерекшелiгi аңғарылады. Сондай-ақ бәрiне ортақ  «дұрыс қытай тiлi»«путонхуаға» мүлдем ұқсамайтын өз диалектiлерiн де байқаймыз. «Путонхуада» сөйлеп үйренген бiз – шетелдiк жастар мен студенттер кейде жергiлiктi халықтың диалектiсiн ұға алмаймыз. Бiрақ иероглиф­тердiң жазылуы барлық жерде де бiрдей.

Қытайда белгiлi бiр ұлт мекен ететiн 4 iрi аймақ бар: Тибетте – тибет халқы, Шыңжаң – Ұйғыр автоном­ды округiнде ұйғырлар, Неймонгуда – iшкi Моңғо­лияда моңғолдар және Ниңшиада – хойдзулар (мұсылман қытайлар мен дұңғандар) мекендейдi. Бұл аймақтар экономикалық жағынан аса айтарлықтай дамыған деуге келе қоймайды.

Ал Қытайдың оңтүстiк-шығыс бөлiгiндегi жағдай керiсiнше, олардың экономикалық дамуы жоғары деңгейде. Негiзiнен, бұл табиғи климаттық жағдайға және аймақтың геогра­фиялық орнына байланысты. Оның үстiне бұл аумақтардың  тұрғындары басқаларға қарағанда кәсiпкерлiкке бейiмдеу болып келедi.

Қытай асханасындағы дастархан мәзiрi де әр жерде әр түрлi. Солтүстiк аудандардың жұрты ащы тағамды ұнатса, оңтүстiктегiлер көбiнесе тәттiге үйiрлеу.

Қытайлықтардың күнделiктi жейтiн шөп-шаламы мен бақа-шаянына бiраз уақыт бойы үйренiсе алмайтын өзiм сияқты шетелдiк жастар көбiнесе ұйғыр, дұңған асханаларына барады. Немесе еуропалық ресторан­дардан ас iшедi, кейде фастфудпен күн көредi.

china dauren 3

china dauren 4

Бұл елдегi оқушылар мойындарына қызыл галстук тағып жүредi. Кейiннен партия мүшесi болуды көздейтiн пионерлер мен комсомолдар баршылық.

Қытай – расында да алып мемлекет. Қарап отырып қайран қаласың. Бұл мемлекеттiң соншама халықты асырап қана қоймай, елдiң ары қарай дамуын, аса алпауыт мемлекеттердiң қатарына жетiп қана қоймай, одан озу жолдарын ойластыруына қарап, бiраз нәрсе түйiндеуге болады. Қытайлықтар саясатта социализмге жүгiнсе, экономикасы нарық заңдарына негiзделiп құрылған.

Мен оқыған Шығыс Қытай Ғылым және технологиялар университетi әлемге әйгiлi Шанхай қаласында орналасқан. Шанхай – өте еуропаланған, аса iрi портты қала.

Бұл қала бүгiнде iрi экономика және қаржы орталығы болып саналады. Қала өте жедел қарқынмен дамып келедi. Күнде жаңа мұнаралар мен биiк ғимараттар тұрғызылып, сауда  орындары мен  неше түрлi ойын-сауық орталықтары ашылып жатады. Арзан жұмыс күшiнiң арқасында құрылыстың жылдамдығы өте тез.

Мысалы, студент кезімде шiлде айында, жазғы каникулға шығар алдында, әлем бойынша биiктiгi жағынан үшiншi орын иеленетiн, Шанхайдың экономика және қаржы орталығы болып саналатын 88 қабатты «Джинмао даша» атты мұнара мен оған қарама-қарсы тұрған Азиядағы ең биiк ғимарат саналатын «Донгфанг мингджу» (Шығыс маржаны) атты мұнараның ортасынан құрылыс басталғанын байқағанмын. Үш-төрт айдың iшiнде қытайлар сол құрылысты 88 қабаттың деңгейiне дейiн көтеріп тастады. Осындай алыптар мен көпқабатты магистральдарға, күнi-түнi тоқтамайтын қозғалысқа бiрден көз үйрету оңайға соқпайды.

Менiң Қазақстанымда бүкiл республика бойынша халық саны шамамен 17 миллиондай болса, тек Шанхайдың өзiнде ғана 20 миллионға жуық халық мекендейдi.

Елде жүргенiмiзде қытайлардың негiзгi көлiгi велосипед екенiн бiлсек те, мұнда келгенде бiр-бiрiне жол бермей, не ары не берi өте алмай, орысша айтқанда, «пробка» туғызып тұрған велосипедшiлер бiзге бастапқы кезде ерсi көрiнетiн. Қазiр сол «кептелiстiң» арасында өзiмiз де бiраз уақыт тұрып қалатын күндерiмiз болады. Көлiктiң көптiгiне және жол жүру ережелерiнiң бұзылуы жиi байқалатынына қарамастан, мұнда төтенше жағдайлар дегенiң мүлдем жоқ.

Бұл қытайлар демалыс күндерi де ерте тұрады. Көптеген жұрт таңғы сағат төрт-бестер шамасында ұйқысынан оянады да, топ-топ боп жиналып, «ушу», «тайчичуан» (релаксация) және басқа гимнастикалық жаттығулармен айналысады.

china dauren 1

china dauren 2

Бiр қызығы, бұлардың бiразы – қарт адамдар. Бiздiң шамамен 60-70-тен асқан  ата-әжелерiмiз немерелерiн арқалап, «аһылап-уһiлеп» ары-берi жүргенге лезде шаршап қалатын болса, бұл елде таң атпай дене шынықтырып қана қоймай, велосипед теуiп, одан қалса, қала iшiнде мотороллер айдайтын егде кiсiлер жетедi.

Жалпы, қытайлар – еңбекқор халық. Бiр мезгiл бос уақыттары болмайды. Азаннан кешке дейiн құмырсқа сияқты тоқтамай тiршiлiк етедi.

Кейде бiзге олардың сәл ғана тоқтап, өмiр, тiршiлiк, тұрмыс заттары, тағы басқа мәселелер туралы ойлануға да 5-10 минут уақыты жоқ сияқты көрiнедi.

Адам санының көптiгiне сәйкес бәсекелестiк дәрежесi де жоғары. Өмiрде өз орнын тауып, «фа да цай» – баю принципiн ұстанып, күндердiң күнiнде балалы-шағалы болып, өз бақытын табу мақсатында аянбай еңбек ететiн Аспан асты елi тұрғындарының бiз байқаған бір сипаты осындай!  

 

Дәурен ОМАРОВ

Автор:
Дәурен ОМАРОВ

Шығыс Қытай Ғылым және технологиялар университетінің докторанты, қытайтанушы, журналист

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

Свежие материалы автора:

ТОП-5 месяца

    социальная
    рекомендация
    коммерческая