Жерұйық, киелі жануар және құтты кісі

Қайсыбір нәрсені асыл санап, ардақ тұтқан кезде тілдік қорымыздағы «қасиетті», «қадірлі», «құрметті», «киелі», «кепиетті», т.с.с. әспетті сөздерді ретіне, реңкіне қарай кәдеге жаратып жатамыз. Осылардың бүкіл мағынасын бойына сыйғызып, өміршеңдігін осы күнге дейін жоғалтпаған көне түркінің бір термині кездеседі. Ол – ыдук (iduq). Бабаларымыздың әйгілі  «Күлтегін» жазуындағы «Ыдук иер, суб» («Қасиетті жер, су»), «Ыдук Отукен йышы» («Қасиетті Өтүкен қойнауы») тіркестерінде жолығатын құдіретті сөз.

Өресі кемел, өрісі кең осы сөз арқылы біз түркілік атақоныстағы атаулардың бірқатарының астарын ашып, басқа да талайғы таным-түсініктерімізді жаңғырта аламыз.

Туған топыраққа тағзым

«Ыдук иер» («құтты қоныс», «киелі мекен») тіркесінің қазақ тілінде Асан Қайғы іздейтін «жерұйық» немесе «жерүйек» сипатына көшкендігі лингвистика ғылымында әлдеқашан дәлелденген. Екеуінің тіл заңдылығына сәйкес фонетикалық өзгеріске ұшыраған бір сөз-ұғым екендігін білмегендіктен, кейбіреулер осы күнге дейін «жерұйық па, жерүйек пе?» деп өнбес даудың ізін қуалап жүр. Қазіргі әдеби қолданыста басымырақ орныққаны – «жерұйық» нұсқасы.

Белгілі ғалым Э.Севортян құрастырып, 1974 жылы жарыққа шығарған этимологиялық сөздікті қарасаңыз, бастапқы «ыдук» сөзінің қазіргі түркі халықтарының тілдерінде ызык, ыдык, ыйык, ытык, учук, т.б. дыбыстық сипаттарда ұшырасатындығына көзіңіз жетеді. Тек түр-түсін айырып, семантикалық бітімін танып алсаңыз болғаны.

... Якутияның Таатта ұлысында Ытыккүөл деп аталатын көл бар. Ол өзі аттас елді мекеннің қақ ортасында, оны кесіп өтетін Таатта өзенінің бойында орналасқан. Саха тілінде «Ытыккүөл» – дің мағынасы – «қасиетті көл». Аңыз бойынша, якут эпостарының Тығын атты даңқты қаһарманы осы көлдің жағасын жайлапты.

...Теріскей Алатауы мен Күнгей Алатауының арасындағы қазаншұңқырда жатқан – жер жүзіндегі тау көлдерінің ішінде көлемі жөнінен Оңтүстік Америкадағы Титикакадан кейін екінші орын алатын – атақты Ыстықкөлді қырғыздар Ысыккөл деп атайды. Географ, топономист Э.Мурзаевтың зерттеуіне сүйенсек, оның да мағынасы «қасиетті көл» екені белгілі. «Манас» жырында Ыйыккөл нұсқасында айтылады.

Сөйтіп, саханың  «Ытыккүөлі» мен қырғыздың «Ысыккөлі» («Ыйыккөлі») мазмұндас болып шықты.

Осыған ұқсас, «Алтын Адам» табылған Есік (ызык~ысык~есік) аймағының атауы да «қасиетті» деген мәнді білдіретіндігіне күмәніміз жоқ. Мысалы, қырғыз ағайындар мазарлы өңірлерді, киелі орындарды ыйык жерлер дейді. Олардың қатарында табиғи бастау-бұлақ, тау-тас, тал-тоғай, тіпті ескі үңгірлер де кездеседі. Әрбірінің айналасында неше түрлі әпсанасы мен хикаясы қосарласа жүреді.

Бұл ретте ұлы ғалым Ә.Марғұланның: «Шыңғыстаудағы Қоңыр әулие – қазақ аңызы бойынша, ерте кезде сәуегейлер, әулиелер тұрған ұйық үңгір», – деп жазғаны еске түседі (Қазақ бақсы-балгерлері. Алматы, 1993, 121-бет). Мұндағы «ұйық үңгір» дегені «қасиетті үңгір» екендігі сөзсіз. Біздің пікірімізше, Маңқыстаудағы Қызыл үйік қонысының, Қарқаралыдағы Бірұйық мекенінің атаулары да көне «ыдук» сөзімен  байланысты қойылған. 

Жер-суына құлай табынған Саян-Алтай түркілеріне жүгінсек те, көп сәйкестікті табамыз. Мәселен, зерттеуші В.Я.Бутанаевтың мәліметі бойынша, бір ғана Хакас-Минусин аймағында «ызых» атаулы сегіз орын бар (Хакас-Минусин өлкесінің топонимикалық сөздігі. Абақан, 1995, 212-б.). Алтайлықтар өздері сыйынатын әрбір ыйык (киелі) тауды тиесілі сүйектің (рудың) «құрметті мүшесі» әрі желеп-жебеушісі деп санаған.

Оларға қатысты ғұрыптық тыйымдарды ұстанып, құрмет көрсету жоралғыларын жасап отырған. Тіпті Кокорунин Ыйыгы деп аталатын таудың басында топан су қаптаған кезде адамзатты құтқарған кеме мен аштықтан аман сақтаған  қара шойын қазан қалып қойыпты дейтін, біздің Қазығұрттың әңгімесімен сарындас аңызы бар. Ол таудың үстіне шығуға ешкімге рұқсат етілмейді.

Алтайлықтардың «Ыйыкты ыйык тудалы» («Ұйықты ұйық тұталық») деген халық даналығы бекерден-бекер айтылмаған.

Сахалардың орталық қаласы Якутскіден қырық шақырым жерде, Лена өзенінің аңғарында ірге тепкен қасиетті таудың аты – Ытык-Хайа (хайа, хая, қая, қия сөздері түркі тілдерінде «тау-тас» деген мағынаға ие). Тауын да, көлін де сүйетін якуттар өз территориясының төрттен бірін мемлекет қамқорындағы табиғи қорыққа айналдырып, оған Ытык Кэрэ Сирдер (Қасиетті Қара Жерлер) деген ат беріпті.

Әрине, ата жұрт, туған жерге деген бағзыдағы түркі дәуірінен қалған перзенттік қарым-қатынастың, мейірлі көзқарастың тілде де, тірлікте де із-жұрнағын сақтап отырғаны – ғажап құбылыс.

«Қасиетті  құрбандық»

Хакастардың ел қыстаудан жайлауға көшіп, мал көкке тойынып, сүт көбейген  мезгілде, шамамен мамырдың соңы-маусымның басында өткізетін  «Түн-пайрам» атты алғашқы айраннан дәм татыру, яғни бақташылық мейрамы бар. Белгіленген күні ауыл-аймақтағының бәрі жақын маңдағы тау етегіне жиналады. Тал егіледі. От жағылады. Қазық қағылады. Ол қазыққа ызық деп аталатын ғұрыптық жылқы байланады. Елдің ең қадірлі ақсақалы бұл жылқыны сүтпен шомылдырып, ирбен (ермен) шөбінің түтінімен аластайды.

Содан соң жалы мен құйрығына ақ және қызыл шүберек байлап, басындағы жүгенін сыпырып алып, жөніне қоя береді. Мұнан кейін ыдыстағы айранды жағылған отқа, егілген шыбыққа, қағылған қазыққа тамызып, «туар көбейсін, ақ мол болсын» деген тілек айтады. Ақырында күрестен, садақ атудан, тас көтеруден сайыс ұйымдастырылады. Тақпақ айтудан, музыкалық аспап (чатхан, хомыс, пыргы, тюрла) тартудан жарыс өтеді. Ат бәйгесі болады. Ал енді осы мейрамның негізгі «кейіпкері» – әлгі «ызық» екен. Ол бұдан былай өз үйірінің ішінде еркін жайылып жүреді; мініске жегілмейді; сойысқа жіберілмейді; үстіне жүк артылмайды. 

Ызық таудың төбесіне шығуына рұқсат етілмейтіні секілді, әйел затына ызық жылқының маңайына жолауға да тыйым салынады.

Жұрт бұл «қасиетті құрбандық» елдің құтын сақтайды, ырысын молайтады, тыныштығын қамтамасыз етеді, тұяғының астындағы территорияның шекарасын күзетеді деп сенген. Әр сүйек (ру) ызық жылқының түр-түсіне мән беріп, оны өзінің қауым ішіндегі орнына қарай таңдаған.

Алтайлықтардың ағаштар бүр жарып, жер көгеріп, көкек шақырғанда тойланатын мерекесі иаскы мургуул («көктемгі жалбарыну») делінеді. Өзгешеліктерімен қатар, оның «түн пайрамына» ұқсас тұстары да ұшырасады. Ең бастысы, қасиетті Алтай тауының құрметіне ызық малдар- мойнында сарысы бар ақ қой және арқасына ер батып көрмеген ақ боз ат арнайы рәсімдеуден өткізіледі. Олар да өздерінің отары мен үйірінде қартайғанша «алаңсыз ғұмыр» кешеді.

Шығыс Саянның теріскей бетін мекендейтін түркі тілдес жұрт – тофалар да жер-су иелеріне «құрбандық» бағыштаған. Арнайы шақырылған бақсының қалауы бойынша бұған жылқы немесе бұғы таңдалған. Бұғы назарға іліккен жағдайда оның мойнына түрлі-түсті шүберек – джалама (шалма) байланып, жануардың үсті-басы қызыл, сарықоңыр немесе көкшіл түске боялған. Құлағы тесіліп, оған да алуан түсті жіп тағылған. Рәсімнен өткен бұғы «ыдык» деп аталған.

Ыдык бұғы жүрген табынды Даг-Ези (Тау иесі) өз қамқорлығына алады деген наным орныққан. Әлгі бұғының мүйізі кесілмейтін болған. Мініп жүруге тыйым салынған. Бірақ оны әйелдердің саууына рұқсат етілген, сондай-ақ үстіне арнайы орнатылатын ер – ангарчакқа кейбір «таза» заттарды артуға кедергі жасалмаған.

Телеуттер болса, жер-су иелері – ыйыктардың  «көңілін табу» үшін көктем сайын Ыйык Туудың (Қасиетті Таудың) баурайында қойды «кере тартып» деп аталатын әдіспен шын мәнінде құрбандыққа шалатын болған.

Етін ортақ қазанға пісіріп, бөліп жеген. Сүйегін жинап алып, отқа жаққан; солай етсе, жаны көкке ұшады деп иланған. Ал чуваштарда бұл секілді ғұрып «Учук» деген атпен белгілі және ол өзінің сипаты жағынан Алтай-Саян түркілерінің дәстүрінен алысқа ұзамаған.

Міне, жер-су иелерімен «тіл табысуға» тырысқан байырғы бабалардан жеткен салт-сананың бір белгісі – осы «қасиетті құрбандық» («ызық») үрдісі.

«Атадан ыйык зат болбойт...»

Ел өзгереді, дәстүр жаңарады, мазмұн құбылады десек, «ыдук» сөзінің қазіргі қолданыс аясынан да мұны аңғаруға болар еді.

Мысалы, түрікмен бақсылары науқастарды қағып емдегенде, сырқатты көшіру үшін тауықты, қойды немесе ешкіні пайдаланып, оларды учук деп атаған. Бұл атаудың түбінде «ыдук» сөзі тұрғандығын «Орта Азия халықтарының ежелгі ғұрыптары, наным-сенімдері және табынушылықтары» атты ұжымдық ғылыми жинақтың авторлары жан-жақты зерттеп, дәлелді түрде тарата жазыпты (Мәскеу, 1986, 101-108 беттер). Оған алып-қосарымыз жоқ. Тек «жер ұшық», «ұшықтау» ұғымдарының қазаққа да таныс екендігін айта кеткіміз келеді. Және бұл емдік ырымның қара жердің қасиеті мен құдіретіне деген сенімнен туғандығын байқау қиын емес.

«Ыдук» сөзі адамды дәріптеуге де қызмет ете алады екен. Көне Тұрфан ұйғырларының билеушілерін идук-кут (ідіқұт) деп атаған.

Осы сөздің дәрежелік мағынасы күні бүгінге дейін сақталғанын көреміз. Мысалы, Якутияда көп бала тәрбиелеп, әрқайсысын лайықты азамат етіп өсірген озық немесе үздік  (бұл қазақы сөздердің де бастапқы нұсқасы «ыдук» болса керек) отағасын қатты құрметтеп, ресми түрде «ытык аба» деген атақ береді. Сондай-ақ, мемлекет ісіне атсалысатын ақсақалдар алқасын «ытык сүбэ» дейді («кеңесші» мағынасын беретін «сүбе би» деген лауазым қазақта да болған).

Қырғыз жырларында: «Атадан ыйык зат болбойт, энеден ыйык ат болбойт», – деген жолдар кездеседі. Ата мен ананың қасиетін көкке көтерген бұл тіркестер аудармасыз-ақ түсінікті деп ойлаймыз. Бәлкім, қазақтың «ақиық», «иық теңестіру» деген бейнелі сөздерінің астарында «ыдуктан» өрбіген бір күш тұрған болар. Қырғызстандағы «Ысык Ата»  мен Қазақстандағы «Ыстық Ата» атауларының мәні де бір – «Қасиетті Ата».

Енді бір сұраққа жауап іздеп көрелік.

«Ыдук» сөзінің кейбір нұсқалары (мысалы, Ыстықкөл, Ыстық Ата)  қалай «ыстық» мағынасына ауысып кеткен? Мұның уәжін Серікбол Қондыбайдың белгілі зерттеу еңбегіне сүйене отырып таба аламыз. Ол «сарыүйек жылан» тіркесі туралы айта отырып: «... үйек сөзінің мәні екі қабатты, әуелде ол «отты» білдірген /отұқ – ыдуқ – үйек/, кейін «қасиетті» деген туынды мағынаға өзгерген. Сонымен, сарыүйектің ежелгі мағынасы «отты жылан» болған, орта ғасырларда  ол «қасиетті жылан» деген мағынада түсінілген», – деп жазыпты (Арғықазақ мифологиясы. Үшінші кітап. Алматы, 2004, 337-бет).

Бұл рас болса, «ыдук» пен «ыстық» сөздері бір-бірінен алшақ емес екен.

«Келіннің бетін кім ашса, сол – ыстық» (мәтел), «Ыстық тартып барасың, Бір сағаттан бір сағат..» (Абай), т.с.с. қолданыстарда «ыстық» сөзінің ар жағында қадір тұту, құрмет көрсету жатқандығын аңғару оңай.

Ал орыстың «язык», «язычество» деген сөздерін шамандық дүниетаныммен байланыстырып, түркінің «ызық» терминінен шығаратын зерттеушілердің пікірлері – өз алдына бөлек тақырып...

P.S. Біз «государственные символы» дегенді «мемлекеттік рәміздер ме, әлде нышандар ма?» деп біраз уақыт таласқа түсірдік. Ал қырғыз ағайындар оны өз тіліне  «мемлекеттік ыйык белгілері» («мамлекеттик ыйык белгилери») деп дау-дамайсыз аударып алған. Бұл – көне түркінің «ыдук» терминінің жасампаздығының арқасы.

 

социальная
рекомендация
коммерческая