Қолайсыз шындықтан – болашаққа

2006 жылы Америка Құрама Штаттарының қырық бесінші вице-президенті Альберт Гордың «Қолайсыз шындық» («An Inconvenient Truth») атты туындысы жарық көрген бойда, оның мәні мен мазмұнын ашатын деректі фильм әлем кинотеатрларының экрандарын бірден жаулап алған болатын. Өйткені, әлгі фильм адамзат өркениетіне төніп тұрған ең бас­ты қатердің қозғаушы күші де, негізгі себебі де адамзаттың өзі екендігіне көрерменің көзін анық жеткізген еді.

Бұрын саясаткерлігімен белгілі болған тұлғаның одан бетер танымал болуының сыры, біріншіден, фильм режиссерінің мықтылығында жатса, екіншіден, «Қолайсыз шындық» авторының парасаты мен шешендік қабілетінің биіктігінде екені күмән тудырмайды. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені, аталмыш фильм­де Альберт Гор әлем ғалымдары бұрыннан көтеріп жүрген «қоршаған ортаның бүлінуіне кім кінәлі?» деген ащы сұрақтың жауабын көрермендердің санасына өте нанымды жеткізе білген.

Тоқетерін айтқанда, Альберт Гор бүгінгі таңдағы Жер шары қы­зуының көтерілуіне де, жаһандық климаттың өзгеруіне де, биосфера жүйесінің бұзылуына да, қос полюстер мен асқар таулардағы мәңгі мұздардың өте жылдам еріп бара жатқанына да, өзен-көл­дердің сарқылып, топырақ эрозиясының етек алуына да, теңіздер мен мұхиттардың шектен тыс қышқылданып, өте тез булануына да, соның салдары­нан апатты дауылдар мен цуна­милердің жиілеп кетуіне де адами фактордың, яғни адамзат әре­кетінің салдарынан атмосфераны толассыз былғап отырған көмірқышқыл газы (СО2) себепші екенін шешен сөзбен қатар, жылдар бойы жинақталған ғылыми деректердің негізінде дайындалған салыстырмалы слайдтардың көмегімен шебер дәлелдеп берген болатын.

Әлемдік үдеден шыққан бұл өткір фильм үшін Альберт Гор алдымен Оскарды бағындырып, 2007 жылы Нобель сыйлығымен марапатталғанын бүкіл әлем біледі.

Одан бергі кезде саясаттан шеттеп, бизнеске кетсе де, танымал тұлға ғылыммен айналысуын жалғастыра берген. Соның нәтижесінде 2013 жылы ғалымның «Болашақ» («The Future») атты заманауи мәнге ие, ғылым мен білімге толы және бір туындысы жарық көрді.

Автордың сөзіне қарағанда, «Болашақтың» жазылуына ұзақ жолда бірге болған жолаушының: «Жаһандық өзгерістердің қоз­ғау­шы күштері қандай?» деген тосын сұрағы түрткі болған сыңайлы. Өйткені, өзін әңгімеге тартқан әлгі адамға бірден жау­ап қайтарғанымен, іссапардан қайта оралған соң, ұшақта қойыл­ған әлгі бір сауал оның мазасын алып, көп уақытқа дейін тол­ған­дырғанын Альберт Гор жасырмайды. Толғаныстың соңы жеті жылға созылған зерттеу жұмысына ұласып, нәтижесінде тілге тиек болып отырған жаңа туынды жа­рық көрген.

Футуристік арна­да жазылған көлемді зерттеуде болашаққа негіз болатын жа­һан­дық өзгерістердің қозғаушы күш­тері өте нанымды бейнеленеді.

Біріншіден, бүгінгі таңдағы Жер шарын Альберт Гор бір-бірімен кіндігі жабысқан әлем экономикаларының басын бірік­тіретін жаһандық корпорация ретінде қарастырады. Өйткені, бү­гінгі әлемде адамдар ғана емес, тұтыныс тауарлары да, капитал да, жұмыс та, табиғи ресурстар да, заманауи технологиялар да, ақпарат ағыны да еркін айналады. Оларға ешбір шекара тосқауыл болып отырған жоқ. Оның үстіне қазір жұмыс қолы қай елде арзан болса, өндіріс пен технологиялық капитал да солай қарай ағылатыны жұмбақ емес. Мұның айқын мысалы – Қытай.

Себебі, оза дамыған АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония сынды елдердің жеңіл өнеркәсіптері ғана емес, ауыр өнеркәсіптері де, автомобиль өндірістері де, электроника немесе жиһаз шығаратын фирмалары да, алып ұшақтар мен қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттары да бүгінгі таңда, негізінен, Қытайға немесе Қытай сияқты жұмыс қолы арзан, бірақ пайдасы мол өзге мемлекеттерге қоныс аударып алған.

Осындай жаһандық экономикалық байланыстардың нәтижесінде мемлекетаралық қарым-қатынастар да мүлде жаңа сипатқа ие болып отыр.

Екіншіден, электрондық ақ­па­рат технологиялары мен ақ­парат­тық базалардың керемет дамып кеткендігі соншама, миллиардтаған адам ғана емес, корпорациялар мен компаниялар да әлгі технологиялар мен ақпараттық базаларды еркін пайдалана отырып, қас-қағым сәтте пікір алмасып, бизнеспен байланысты сан-қилы мәселелерді шеше алады. Мұның сыртында адамның қатысынсыз-ақ өз бетімен жұмыс істей беретін, бір-бірімен интернет арқылы жалғасқан ав­то­маттық жүйелер дүниеге келіп жатыр. Ғалымдардың топшылауынша, 2020 жылға қарай ондай жүйелердің саны 50 миллиардтан асып кететін түрі бар. Демек, бүгінгі әлем ақпарат тех­нологияларының қазығына байланып қалған. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін компьютерден қол үзбейді.

Мұнымен қоса, қазіргі кезде тұтыныс өнімдерін шығаратын заманауи корпорациялар мен компаниялар бұрын адам қолымен істелетін қара жұмысты ғана емес, интеллектуалдық жұ­мыс­тардың да басым көпшілігін робот­тарға артып қойған. Енді бұл үдеріс дамыған мемлекеттер­ден дамушы елдерге де келіп жетті.

Роботтардың қабілеті, тіпті, адам қабілетін қуып жетіп, жақын болашақта оны басып озуға да жақын тұр.

Үшіншіден, жоғарыда аталған мүмкіндіктер мүлде жаңа тұр­пат­тағы саяси, экономикалық және әскери күштер мен орталықтардың дүниеге келуіне ықпал етіп отыр. Оларды заманы өткен ХХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан аналогтармен салыстыруға мүлде келмейді. Бір кездерде әлемді аузына қаратқан Америка, Батыс Еуропа немесе өзге дамыған елдер қазір экономикалары мен нарық қуаты үлкен қарқынмен өсіп келе жатқан Қытай, Үндістан, Индонезия, Бразилия, т.с.с. дамушы мемлекеттермен есептесе бастады. Мұны біз өз көзімізбен көріп отырмыз.

Мәселен, бүгінгі Қытай тұтыну жағынан болсын, өндіру жағынан болсын, жан басына шаққанда алпауыт Америкамен теңесіп келеді. Сосын, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-тың бастамасымен құрыл­ған Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүние­жүзілік банк, Халықаралық валюта қоры және Бүкіләлемдік сауда ұйымы сияқты институттар да бү­гінгі жаһандық өзгерістер заманында бұрынғы қауһарынан айы­рыла бастады.

Себебі, бүгінгі таңда олардың бастамашысы бол­ған алпауыт мемлекеттің өзі де қар­­жы дағдарысына ұшырап, эко­но­микалық рецессияға тап болып отыр.

Төртіншіден, бүкіл әлемге тең­герімсіз демографиялық өсім қатер төндіріп отыр. Адамзат санының еселеп өсуі, технологиялардың қарқындауы және жаһандық эко­номиканың теңгерімсіз ұлға­юы миллиардтаған адамның тір­ші­лігі тәуелді болып табылатын табиғи ресурстардың, оның ішін­де, әсіресе, нәрлі топырақ пен ауыз судың сарқыла бастауы­мен бетпе-бет келуде. Бұл құбылыс планетаның экологиялық жүйе­ле­ріне де орасан зор зардабын ти­гізуде. Жер бетіндегі халық санының еселеп өсуі өз кезегінде азық-түліктің жетімсіздігіне ұрын­дырып отырғаны да жасырын емес.

Демографиялық жарылыс, соны­мен қатар, қоршаған ортаның лас­тануына да теңіздер мен мұхит­тардағы және жер бетіндегі жан-жа­нуарлардың сарқылуына тікелей әсер етуде. ХХІ ғасырда бұл құбылыс бұрынғыдан бетер үдей түсуде.

Бесіншіден, биология, биохимия, генетика және кванттық физика ғылымдарының қарыштап дамығаны соншама, бүгінгі таңда нанотехнологиялық әдістер­мен атом немесе молекула құры­лымдарын өзгертіп, мүлде жаңа өнімдер мен құрылыс материалдарын алуға мүмкіндіктер ашылып отыр. Өз кезегінде бұл үдеріс өмірдің эволюциялық заңына да қол сұғып, тіпті, адам ағзасындағы органдарды ғана емес, өсімдіктер мен жануарлардың жаңа түрлерін сұрыптап шығаруға мүмкіндік беруде. Бұл тұрғыдан, Альберт Гор келтірген бір слайд кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны анық.

Мәселен, генетик ғалымдар жүргізген бір эксперименттің барысында өрмекші мен ешкінің гендері будандастырылып, нәти­же­сінде көп аяқты «өрмекші-еш­кі» алынған. Бұл бұрын түске де кірмейтін дүние емес пе еді?

Алтыншыдан, бүгінгі таңда адамзат өркениетінің өндіретін жиынтық энергия қуаты мен Жердің экологиялық жүйелерінің арасында мүлде қатерлі байланыс қалыптасып отыр. Оның ішінде, әсіресе, күллі адамзаттың тіршілігі тәуелді болып табылатын атмосфера мен климат арасындағы нәзік тепе-теңдікке үлкен қауіп төніп тұр. Мәселен, бүгінгі таңда әлем экономикасы өзіне қажет энергияның 85 пайызын мұнай мен газ және көмірден өндіретіндіктен, жану процесі кезінде аталған лас энергия көздері әрбір 24 сағат сайын атмосфераға 90 миллион тонна улы қалдық, оның ішінде көмірқышқыл газын тарататыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Демек, атмосфераның төменгі қабаттары адамзаттың зиян­­ды қалдықтарын сақтайтын қой­ма­сына айналған десе де болады.

Бұл үдеріс осылайша жалғаса беретін болса, ғалымдардың болжауынша, үстіміздегі ғасырдың аяғына дейін жер бетіндегі жан-жануарлардың тең жартысына жуығы мүлде жойылып кетуі ықтимал.

Басында жалғыз сұраққа толық­қанды жауап табудан басталған іргелі ізденістің ондаған жаңа сұрақтарға ұласып, олардың да жауабын іздеуге тура келгендігін Альберт Гор жасырмайды. Бірақ ол бүгінгі таңда әлгі сұрақтардың жауабын іздеуге тек ғалымдар ғана емес, әлемнің саяси билігінің тізгінін ұстап отырғандармен қатар, бизнес пен дін көшбасшыларының да қоса атсалысуы керек екендігін алға тартады. Олай болмаған жағ­дайда адамзат болашағының қыл үстінде тұрғанын ескертеді.

Он саққа жүгірген ойын қо­ры­тындылай келе, кітап соңында Альберт Гор: «Осы біз кімбіз?» деген сұрақ қояды да, оған: «Адам баласымыз. Саналы ғұмырдың иесіміз», деп келте жауап қайы­рады.

Сөйтеді де, адамзаттың сан ғасырлар бойы жүріп өткен тари­хи жолын қысқаша шолып, оның алдымен ормандардан шы­ғып, саванналарға, одан соң фер­маларға, одан мегақалаларға қоныс аударғанын; басында тек екеу болып, келе-келе бастары көбейіп, сандарының алдымен мыңға, одан соң миллионға, бара-бара миллиардқа жеткендігін; о баста тас дәуірін бастан кешіріп, бірте-бірте соқаға жетіп, одан соң зауыттарға, енді, міне, роботтар мен наноботтарға да иек артып отырғанын; о баста тілдердің жалғыз буынды сөздерден басталып, келе-келе энциклопедияларға қол жеткізгенін; алдымен эфир арқылы радио хабарларын таратуды игеріп, енді интернетке негізделген жаһандық ақпарат құралдарын бағындырып отырғанын; о баста жалғыз отбасын құрып, келе-келе қауымдасып, одан ру-тайпаларға, одан ұлттарға, одан мемлекеттерге ұласып, өркениет құрғанын шолып өтеді.

al 3

Ғасырларға созылған адам­зат­тың өткен жолы осындай бол­са, ендігі болашағы қандай болмақ? Бұл сұраққа Альберт Гор берген жауаптың да мәні зор. Адам­зат­тың болашағы оның қандай жолды таңдауына тікелей байланысты болмақ.

Болашақ жолды адамзаттың өзі таңдай ма, жоқ әлде әлгі жол адамзатты таңдай ма, мәселе осыған келіп тіреледі.

Нақтырақ айтқанда, адам баласы жоғарыда аталған жаһандық өзгерістердің қозғаушы күштерінің ықпалында тұяқ серіппей кете бере ме, жоқ әлде қайрат-күшін қайта жиып, әлгі күштерді тізгіндеп, өткен күндерге мүлде ұқсамайтын жаңа болашақ орнатуға бет түзей ме деген ондаған сауалдарды кесе көлденең тартады.

Альберт Гор, сонымен қатар, төніп тұрған сын-қатерлерді болдырмауға бағытталған бірінші кезекте қолға алынуға тиісті шараларды да атап өтеді.

Ең алдымен Жердің жылынуын бәсеңдету үшін көмірқышқыл газын өлшеусіз тарататын өндіріс ошақтарына салықты көбейтуге мүмкіндік беретін заң қабылдаудың кезек күттірмейтін мәселе екеніне назар аударады. Егер мұндай заң бүкіләлемдік деңгейде іске асса, оның оң нәтиже беретіні күмән тудырмайтынын алға тартады.

Екіншіден, қоршаған ортаға өлшеусіз зиянын тигізетін қолданыста жүрген лас энергия көздерінен барынша тез арылып, мүлде жаңа технологияларға негізделген жасыл энергия көздеріне көшуді тездету керек­ті­гін еске салады.

Үшіншіден, демо­гра­фиялық теңгерімсіздікті, яғ­ни адам санының еселеп өсуін баяу­лату үшін, бірінші кезекте, адам санасын тәрбиелейтін білім­ге ерекше мән берілуі керек­тігін көлденең тартады. Білімсіз ортада көздеген мақсатқа жету мүмкін емес екендігін шеге­леп ескертеді.

Төртіншіден, әлем­дік қоғамдастықты адамзат құн­ды­лықтарын құлдыратып алмай, олар­ды ту етіп ұстауға шақырады.

Айтпақ ойын қорыта келе, Альберт Гор: «Адамзат өркениеті бүгін жол айырығында тұр. Екіге айырылған жолдың екеуінің де қайда апаратыны белгісіз. Бірақ олардың бірінің күллі адамзат тіршілігі тәуелді болып отыр­ған климат тепе-теңдігінің бұзы­луына, табиғи ресурстардың сарқы­луына, теңдесі жоқ адамзат құндылықтарының кері кетуіне немесе, мүмкін, өз өркениетіміздің мүлде күйреп түсуіне апаратыны күмән тудырмайды. Ал екінші жол болашаққа бастайды» деген сөздермен аяқтайды.

 

Al Gore: The Case for Optimism on Climate Change (TED 2016)

 

 

Әділ АХМЕТОВ

Автор:
Әділ АХМЕТОВ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

ТОП-5 месяца

    социальная
    рекомендация
    коммерческая