"Көрмес түйені де көрмес" мәтелі қайдан шыққан?

Жарықтық түйені жолы ауыр, соры қайнаған, бағы жанбаған жануар ма дерсің. Ойсылқара тұқымын біз ғана «жылдан құр қалдырып», «көзін соқыр етіп», «көпірден таяқ жегіземіз» деп жүрсек, «Әлем халықтарының мифтері» атты бір атанға жүк боларлық үлкен кітапты құрастырған оқымыстылар оған бұл арадан да орын таппапты.

Тышқан екеш тышқанға дейін оның беттеріне «тесік тауып» кіріп кетіп, көлдей мақаланың кейіпкеріне айналған. Ал түйе бейшараның  «айыр өркеші  есікке кептеліп» қалса керек. Он сегіз мың ғаламдағы мақұлық пен жәндік атаулының бәрі туралы мағлұмат берген ең  толымды әрі әлденеше рет қайта басылған екі томдық мифологиялық энциклопедия түйе туралы ләм-мим деп ауыз ашпайды. Кінәні біз ғылымдағы баяғы «еуропоцентризмге» аудара салудан аулақпыз... Бірақ мифологияны зерттейтін ғұламалар ТҮЙЕНІҢ ЖЫЛДАН ҚҰР ҚАЛМАҒАНДЫҒЫН, оның тағы да басқа ғажайып құпиялары барын білмейтіні өкінішті. Оны қазақтың жоғарыдағы бір ғана мәтелінің көмегімен дәлелдеуге болады.

Түйенің де «Тәңірісі» бар...

Белгілі зерттеушілер С.Кляшторный  мен Т.Сұлтанов «Қазақстан: үш мың жылдық шежіре жазбалары» атты кітабында (Алматы, 1992) былай дейді: «Біздің заманымызға дейінгі ХІІ-ІХ ғасырларда тағы бір жаңалық орнықты, яғни көшпелі шаруашылықтың дамуына байланысты қос өркешті түйелердің – бактриандардың басы көбейді. Олардың сүйектері андронов мәдениетінің ең ежелгі қоныстарынан табылды, ал одан  бергі дәуірлерде түйеге табыну ірге тепкені анықталып, оның қыштан жасалған мүсіндері мен жартастағы бейнелері тіркеуге алынып отыр» (16-бет).

Бұл арада тарихшы-ғалымдардың «қос өркешті түйе – бактрианды» бөлектеп отырғаны тегін емес.

Өйткені өркешіне қарап ажыратсақ, түйенің екі түрі бар: жалғыз өркештісі – дремодер, қос өркештісі – бактриан. Ал бұл өзгешеліктің біз үшін қаншалықты маңызы бар екендігіне назар аударайық.

Орыс ғалымы Е.Кузьмина өзінің «Үндіарийлар қай жақтан келген?» атты аса салмақты еңбегінде (Мәскеу, 1994) андронов қауымдастығы тайпаларының заттық мәдениетін зерттей отырып, үндіарийлардың бүкіл өмір салтының Алдыңғы Азия халықтарының тұрмыс-тіршілігінен айырмасы көп екендігін жан-жақты дәлелдейді де, оларды еуразия аймағының жұрттарымен, әсіресе андроновтықтармен туыстырады. Сондағы бір байқаған ерекшелігі тағы да түйе түлігіне қатысты болып шығады.

Зерттеушінің өз сөзіне жүгінелік: «Үндіарий этносын нақты археологиялық мәдениетпен байланыстырудағы келесі қадам – үндіирандықтардың мәдениетін басқа үндіеуропалықтардан анық ажыратып беретін этникалық белгілерді табуға тірелуі тиіс. Мұндай этникалық белгілердің қатарына барлық үндіеуропалық  халықтардың ішінен тек үндіирандықтардың ғана шошқаны қолға үйретпегендігі және құрбандыққа шалмағандығы, оның есесіне – қос өркешті түйелерді асырап, осы жануарға табынғандығы туралы мәліметтерді жатқызуға болады. Менің білуімше, қола ғасырында андронов мәдениетіне  қарасты жұрттар ғана шошқа бағумен айналыспаған. Барлық үндіирандықтардың мәдениетінде қос өркешті түйеге табыну салты – отқа табыну салтымен қатар дамыған.

Бұған керісінше, Алдыңғы Азия халықтары тіпті ассириялықтардың дәуіріне дейін жалғыз өркешті түйені ғана білген және бұл малды ешқашан қадір тұтпаған. Үндіирандықтардан басқа, үндіеуропалық халықтардың бірде-бірінде түйемен ежелден таныстығы және оған табынғандығы туралы ешқандай дерек жоқ.  Үндіирандықтардан өзге, үндіеуропалықтардың  тілдерінде кездесетін түйе атауы кейінгі замандарда семиттің жалғыз өркешті түйені білдіретін -  gamal сөзінен алынған. Үндіиран тілдерінде қос өркешті түйені сипаттайтын ортақ сөз бар, ол: үндіше – ușțra, авесташа – ūstra;  vah – «сәуле шашу» немесе «тасу» деген мағынадан шығады» (222-бет).

Сөйтіп, түйе малына қарым-қатынасынан-ақ үндіирандықтардың мәдениетінің андронов мәдениетімен жақындығы танылады.

Шаруашылық қалпының (қос өркешті түйені қолға ұстау) ғана емес, дүниетанымының ұқсастығы да айқын көрінеді (түйеге табыну=отқа табыну). Басқа жұрттардан, әсіресе жалғыз өркешті түйе мінген Алдыңғы Азия жұрттарынан өзгешелігі байқалады. Бұл – бізге археология ғылымы тауып берген олжа. Түйенің мүсіндері Оңтүстік Орал бойындағы, Минусин ойпатындағы қазындылардан, өзімізде - Сырдың төменгі ағысындағы Үйқарақ қорымынан табылған. 

Бұған қоса, кавказдық ғалым Б.Калоевтың: «Арменияда қос өркешті түйені өсіріп-баққан, бұл салт сондай-ақ қазақтарға, қалмақтарға және ноғайларға тән. Бір ескеретін нәрсе, жалғыз өркешті түйе суыққа шыдамайды, ал қос өркешті түйе – керісінше – ауасы ыстық жерде өмір сүре алмайды.  Соған қарап, біз оларды армянның таулы аймақтарына солтүстіктен келген деп болжай аламыз», – деген «мойындаулары» да жоғарыдағы ғылыми пікірлерді растай түседі (Солтүстік Кавказ халықтарындағы мал шаруашылығы. Мәскеу, 1993, 15-бет). Бірқатар зерттеушілер бактрианның тек Монғолия, Қазақстан және Түрікменстанда ғана мекендегені жайында жазады.

Сөйтіп, қос өркешті түйенің «тәңірілік» сипаты бар екендігіне көзіміз жетті. Е.Кузьминаның зерттеуі арқылы, оған сыйынудың отқа табынумен қатар орын алғандығын да білдік. Және осы жануардың ескі үндіирандық атауында «сәуле шашу», «жарық шығару» мәнінің болғандығын да бағамдадық. Бұл да жайдан-жай емес екен.

Мысалы, «Ешкіөлмес тауындағы жартасқа салынған бейнелер» атты зерттеуінде (Алматы, 1991)  А.Марьяшев пен А.Рогожинский: «Батыс Жетісу, Оңтүстік және Орталық Қазақстаннан табылған петроглифтерде бактрианның бейнесі кең тараған... Оқшау тұрған бейнелердің арасынан – өркештерінен қысқа сызықтар түріндегі «сәулелер» шашыраған түйенің суреті көзге айырықша көрінеді», – деп жазады (33-бет).  Монғолияның Дүрбелжін, Тайхар-гулун, Хавцгайт, т.б. жерлеріндегі жартастардан да түйенің осындай суреттері жиі жолығады.

Ендеше, ежелгі петроглифтердегі айыр өркештерінің арасынан «сәуле» шашырап тұрған түйелердің бейнесі мифтік «күн тәңірісін» (солярное божество) сипаттайды.

Қазақта: «Кәрі кісі түйешіл» деген мәтел бар. Бұл – «жасы ұлғайған адам тәңіршіл (құдайшыл) келеді» дегенді білдіретіндігін аңғару оңай. Қорқыт пен Асанды мифтік түйе - желмаяға мінгізіп қойғанымызда да  көне түсініктердің жаңғырығы, бағзы ұғымдардың сілемі жатыр. Айта берсек, бұл тараптағы мысал – шексіз...

Қысқасы, біздің мәтеліміздегі «түйе» – жай түйе емес, КҮН ТӘҢІРІСІ КЕЙПІНДЕГІ ТҮЙЕ.

Ахура Маздадан – көрмеске дейін

Ахура Мазда –  үндіирандық зороастризмдегі ең басты құдай. Ол «Авестада» осылай делінсе, көне парсыша – Аурамазда, пехлевийше – Ормазд аталады. Ахеменид дәуірінің мұраларында (б.з.д. ҮІ-Ү ғасырлар) аты бірге – Ахурамазда түрінде жазылған. Ал сақ тілінде «urmaysde» аталып, «күн» деген мағына берген. Зороастризмнің негізінде отқа табыну жатқанын ескерсек, бұған таң қала қоймаймыз. Қазақ тіліндегі «маздақ» сөзінің отпен байланыстылығы да айқын («маздап жану»).

Қазір бірқатар мифтанушы-ғалымдар «Ахурамазда» сөзі буддизмді қабылдаған соғдылықтар арқылы «Хурмазта» үлгісінде орта ғасырларда ұйғырлар мен монғолдарға, содан түркі тайпаларына өткендігін айтады.

Монғол-маньчжур-тибет-бурят-алтай-тува пантеонындағы тәңірі – Хормустаның аты әр тілде әрқалай дыбысталады. Мысалы: Хурмас, Хирмус, Хирмас, Хермус, Тюрмас, Курбусту, Курбустан, Хормусда, т.с.с. Тіпті алтай тілінде ол адамзатқа зиян шеккізетін – «көрмөс» атты кесірлі күшке айналып кеткен. Біз қарастырып отырған мәтелдегі «Көрмес» те осы қатардан табылатынға ұқсайды. Сонда ол да тәңіріні танытып тұрғаны белгілі болды.

Бірақ бұл атау бізге Үнді айналып, Тибет пен Алтай аспай-ақ, мұнан әлдеқайда бұрынырақ жетті ме деген ойымыз бар. Жоғарыда «Ахура Мазданың» арғы бабамыз – сақ тіліндегі аталымы мен мағынасын көрдіңіздер. Қазақ тілінде «ахур», «хур», «ор», «ур», т.с.с. сөздерге үндес дыбысталып, от пен күнге байланысты айтылатын немесе соларды сипаттайтын қызыл түсті  әрі тәңірінің иелігін білдіретін сөздер баршылық. Мысалы, қырмызы, қуырмаш, Ормаш (кісі аты), өрт, т.б. Бұлардың әрбірінің этимологиясын, яғни шығу төркінін таратып жатпай-ақ, біреуін ғана сөз етелік.

Бәрінің ішінен «өзіміздің» түйеге қатысты «өркеш» атауын алсақ, оның «өр» дегені де, «кеш» дегені де күнді білдіреді.

Мысалы, Күнқияш деген кісі есімі бар. Мұндағы «қияш» (құяс, құяш) сөзі – «күн» мағынасында. Сонда ол кісінің аты «күн-күн» ұғымында болады. Сол секілді, «күн» мағыналары бар «өр» және «кеш» («құяштың» дыбыстық өзгерген түрі) буындарынан құралған «өркеш» атауы да «күн-күн» дегенмен бірдей, яғни қос өркешті түйенің «күн тәңірілік» сипатын ашып тұр.

Мұның барлығын ежіктеп жатқанымыздың себебі – «Көрмес» атауының соғдылық «Хурмазтадан» емес, арийлік «Ахура Маздадан» тікелей жету ықтималдығын дәлелдегіміз келгені.

Сайып келгенде, мәтелдегі КӨРМЕС те, ТҮЙЕ де – күн құдайлары. Бір айнаның екі беті секілді. Бірақ КӨРМЕСтің дәрежесі жоғары. Өйткені ол ТҮЙЕНІ «көрмейді». Неге? Гәп осында.

 «Ораздының он ұлы...»

Эпостық жырларда: «Ораздының он ұлы» деген жол жиі қайталанады. Енді мұндағы «Оразды»-ның арғы жағында «Ахура Мазда» тұрғандығын айтқымыз келеді. Ал оның «он ұлы» деген  нені меңзейді?

Әлбетте, бұл арқылы мүшелге енген хайуанаттар тұспалданған (он екінің онға қысқаруы поэтикалық дүние үшін қалыпты жағдай).

Мүшел болса, астрологтардың пікірінше, Күн жүйесіндегі ең үлкен - Есекқырған (Юпитер) планетасының қозғалысын бақылаудан туған. Ол  Күнді 12 жылда бір айналып шығады. Әрі бұл планетаның 12 серігі бар.

Осы жерде тағы да алдымыздан түйе шығады. «Оны аңқаулығының салдарынан жылдан құр қалған, сөйтіп мүшелге кірмеген» деп жүрміз. Шындығында, ел ішінде басқа да аңыз бар. Ол бойынша, түйе жылдан құр қалмаған. Өйткені оның тұла бойында мүшелге енген 12 хайуанаттың бір-бір мүшесі бар. Барлығы жиналып, түйені құрайды. Соған қарағанда, түйе – МҮШЕЛДІҢ ӨЗІ. Тәңірілік сипатқа ие болып тұрғаны да содан. Бірақ ол Есекқырған планетасының жүйесіне ғана билігі жүрген Күн құдайы іспетті.

... Әлқисса, заман өзгеріп, зороастризм діні ірге тепкен кезде, Сатурн планетасының қозғалысына негізделген – арийлардың 32 жылдық жаңа мүшелі дүниеге келді.

Бұдан былай аспан әлемінде Ахура Мазданың (Көрместің дей беріңіз) жеке-дара үстемдігі орнады. Түйенің «жылдан құр қалатыны» – сол тұс.

«Көрмес түйені де көрмес» болды... Бірақ, бір ғажабы, Ахура Маздаға сыйынып, зороастризмнің негізін қалаған дейтін Заратуштраның өз есімі «кәрі түйе баққан кісі» деген мағынаны білдіреді екен...

 

ТОП-5 месяца

    социальная
    рекомендация
    коммерческая