Сұңғыланың пайымдары

Кезінде АҚШ-тың отыз тоғызыншы Президенті Джимми Картердің Ұлттық қауіпсіздік мəселелері жөніндегі кеңесшісі болған, сол сияқты, осы алпауыт мемлекеттің сыртқы саясатының сұңғыла сарапшысы əрі күні бүгінге дейін аттан түспей келе жатқан идеологы Збигнев Бзежинскийдің «Стратегиялық көзқарас: Америка жəне əлемдік биліктің дағдарысы» («Strategic Vision: America and the Crisis of Global Power») атты монографиясы 2013 жылы жарыққа шыққан бойда,  «New York Times» газеті оны ең таңдамалы туындылар санатына қосқан болатын.

Сондай-ақ, белгілі сыншы əрі Пулитцер сыйлығының иегері Мичико Какутани аталмыш кітаптың авторы туралы: «Əлемнің гравитациялық өзегінің Батыстан Шығысқа қарай ойыса бастаған дəл бүгінгідей шешуші сəтін,  құралайды көзге атқан мергендей, уəлі де өткір тілімен дөп басқан», – деп лебіз білдірсе, АҚШ-тың 2006-2011 жылдар аралығындағы қорғаныс министрі – Роберт Гейтс  жаңа туындыға берген өз бағасын былайша түйіндепті: «Аса қажетті əрі дер кезінде соғылған ұйқыашар қоңырау. Егер Америка қордаланып қалған ішкі дағдарыстарын сəтті ауыздықтай алмаса, оның халықаралық салдарының қайда апарып соқтыратыны туралы тұшымды сараптама жатыр мұнда... Əдеттегідей, оқырманын бірден үйіріп əкететін Бзежинский ұсынып отырған бұл ойлы кітапты міндетті түрде оқу  парыз».

Айтса айтқандай-ақ, өз туындысында З.Бзежинский бүгінгі таңда əлем мемлекеттерінің бір-бірімен тығыз байланысты жəне бір-біріне өте тəуелді екенін тілге тиек ете отырып, планета бетіндегі адамзат үшін, ең көкейкесті мəселе  заманауи сын-қатерлерден қалай аман қалудың амалдарын іздестіру болып отырғанын көлденең тартады. Сонымен қатар, З.Бзежинский, əдетте, ақпарат құралдарының назарынан бір сəт те тыс қалмайтын халықаралық жанжалдар мен қарулы қақтығыстардың қазіргі кезде тасада қалып қоя беретініне де назар аударады.

Автордың пікірінше, қара бұлттай төніп келе жатқан экологиялық, климаттық, əлеуметтік-экономикалық, азық-түліктік жəне демографиялық сын-қатерлердің алдын алуға немесе оларды болдырмауға бағытталған түбегейлі шараларды, əзірше, алпауыт мемлекеттер қолға ала қойған жоқ.

Олай болса, дəл қазір геосаяси тұрақтылыққа қол жеткізу де мүмкін емес. Ал геосаяси тұрақтылық болмаған жерде жаһандық ықпалдастық шаралардың толық іске асуының  да екіталай екені көкейге қонымды түйінделген. Сонымен қатар, автор жаһандық билік векторының өзгеруі мен саяси сілкіністердің күшеюі бүгінгі халықаралық жағдайдың өте жылдам шиеленісуіне тікелей түрткі болып отырғанын жасырмайды.

Мысалы, Қытайдың ықпалы өскен сайын ол мемлекет пен Ресей, Индия немесе Бразилия тараптарының арасында табиғи ресурстар мен қауіпсіздікке немесе экономикалық басымдықтарға бағытталған сайыстардың үдей түсетініне жəне мұның салдары болашақта орын алатын сын-қатерлер мен шиеленістерге ұрындыратынына да шек келтірмейді жəне мұндай іс-əрекеттер, өз кезегінде, Америка Құрама Штаттарын да өзге мемлекеттермен ықпалдасуға немесе тиімді геосаяси əріптестік орнатуға итермелейтінін көлденең тартады.

Жоғарыда аталған мəселелерді жан-жақты зерделей отырып, аталмыш туындысында З.Бзежинский бүгінгі Америка мен жаһандық биліктің дағдарысына қатысты төрт көкейкесті сауалды алға тартады.

Біріншіден, автор жаһандық биліктің өзгеріске ұшырап, Батыстан Шығысқа қарай ойысуының себебін қалай түсіндіруге болады жəне бұл үдеріске қалыптасып отырған жаңа əлемдік болмыс пен адамзаттың оянып келе жатқан саяси белсенділігінің қандай ықпалы бар?

Екіншіден, Американың бұрынғы тартымдылығы неге бəсеңдеп келеді жəне оның халықаралық аренадағы құлдырауының басты белгілері қандай? Сонымен қатар, бейбітшілікпен аяқталған қырғи-қабақ соғыстың нəтижесінде қол жеткізген жаһандық мүмкіндіктерінен АҚШ қалайша айырылып қалды? Ендігі жерде Американы қайта серпілтетін күш қандай болмақ? Сосын, АҚШ-қа бұрынғы əлемдік басымдығын қайта қалпына келтіру үшін, ендігі жерде қандай геосаяси бағыт ұстану керек деген секілді көкейкесті мəселелерді  де автор айналып өтпейді.

Үшіншіден, егер Америка құлдырап, өзінің жаһандық басымдығы мен билігінен мүлде айырылып қалатын болса, мұның геосаяси салдары қандай болады жəне мұндай құлдыраудың тікелей құрбандары кімдер болмақ? Сосын, бұл сын-қатерлердің жиырма бірінші ғасырдағы жалпыпланеталық мəселелерге тигізетін ықпалы қандай болады? Сондай-ақ, автор 2025 жылға қарай əлемдік аренадағы Америкаға тəн басымдық сипатқа Қытай ие бола ала ма деген риторикалық сұрақтардың жауабын да қоса іздейді.

Төртіншіден, 2025 жылдан əрмен қарай қайта түлеуге мүдделі Америка өзінің ұзақ мерзімді геосаяси нысаналарын қалай айқындауы керек жəне өзінің дəстүрлі еуропалық одақтастарымен қанаттаса отырып, бұрынғыдан да зор əрі қуатты Батысты қалыптастыру мақсатында АҚШ Ресей мен Түркияны ішке тартудың тиімді жолдарын қалай үйлестіре алады? Сонымен қатар, Америка өзінің Шығыстағы қос мүддесінің арасындағы тепе-теңдікті бұзып алмай, бір қалыпты ұстауға қалай қол жеткізе алады?

Оның біріншісі Қытаймен ықпалдасуға бағытталған мүдде болса, екіншісі Азиядағы Американың конструктивті рөлінің тек Қытаймен ғана шектеліп қалмауын жəне, ең бастысы, Азия кеңістігіндегі қауіпті шиеленістер мен қақтығыстарға арандап қалмаудың амалдарын мұқият ойластыру болып табылады.

Аталмыш сауалдардың жауабын іздестіру барысында, автор АҚШ-тың таяу болашақтағы рөлі əлі де болса салмақты болатынына сенімді екенін жасырмайды. Солай бола тұрғанмен, ол бүкілəлемдік геосаяси тартылыс осінің Батыстан Шығысқа қарай жылжитынын да жадынан шығармайды.

Сондықтан да болар, жаңа Шығыспен жаһандық байланыс орнататын жаңа Американың экономикалық тұрғыдан қуатты, əлеуметтік тұрғыдан тартымды, жауапкершілік тұрғысынан пəрменді, стратегиялық тұрғыдан сақ, халықаралық тұрғыдан абыройлы жəне тарихи тұрғыдан өнегелі болуын көксейді жəне олай болмаған жағдайда, алпауыт елдің діттеген мақсатына жетуінің мүлде оңай болмайтынын да ашық айтады. Алдына жоғарыдағыдай іргелі мақсаттар қойған Американың бүгінгі жай-күйі қандай деген көкейкесті сұрақ та туынды авторын мазалайтыны айқын көрініп тұр.

Бұл мəселеге келгенде де З.Бзежинский өз ойын бүгіп қалмайды. Ащы шындықтың бетін айқара ашып тастайды. Мұның дəлелі соңғы сауалға берілген жауаптан анық байқалады. Мəселен, автордың пікірінше, Американың бүгінгі болмысы мен көңіл-күйі мəз емес. Өйткені, тарихи тұрғыдан келгенде, Американың құлдыраудан қашып құтыла алмайтын  нышанды сипаттары баршылық. Алайда, бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар демекші, автор əлгіндей  сипаттардың жаңалық емес екенін ескерте келіп, пессимизмге  бой алдырмауға  жөн сілтейді. 

 

Әділ АХМЕТОВ

Автор:
Әділ АХМЕТОВ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

ТОП-5 месяца

    социальная
    рекомендация
    коммерческая