Әр жырының әрі – дүр

Қазақтың белгілі ақыны Шаһизада Әбдікәрімовтің  ақындық болмысы мен адами келбеті, парасатты поэзиясы мен шығармашылық шеберлігі туралы ой-толғам.

Уа, бауырым, сынығымыз асылдың, 

Ойымыз да, бойымыз да жетілді.

Біздің жылдар – жаңа туған ғасырдың

Жұтылмайтын жаңғырығы секілді.

Шаһизада Әбдікәрімов

Тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Студент шақтағы өлеңқұмар бір топ дос – біздер үшін ең мықты ақын Есенғали ағамыз еді сол кездің өзінде. Жігіттердің бірінен, ұмытпасам, Әділ Ботпанов болса керек, «Қызылордада Шаһизада Әбдікәрімов деген сұмдық ақын бар, қазір көрінбей жүргені болмаса, нағыз ұлттық үлгіде өлең жазудың көкесін Есенғалилардан да  бұрын сол көрсеткен» дегенді естідім бір күні. Құлағым елең ете қалсын. Әлгі шайырдың:

Майқара жусан көкжұлынданып,

Зауза айы келіп тыныс шақырды.

Қозы көш жерден көз нұрымды алып,

Аққаба айдын күміс сапырды,

– деген немесе:

Ақ жамбы гүлге оранып дөңдер,

Ақшамның самы селдірегенде,

Кемері қорыс қарамық көлдер,

Қарашығымдай мөлдірегенде,

– тәріздес шырайлы да шұрайлы шумақтарына тұңғыш «Пах!» деп тұшынған шағым со кез шығар, шамасы.

Ол бүгінде шын өзімсіне алатын өзегі туыстас, көңілі жақын ағамның бірі Шаһизада Әбдікәрімовтің атын алғаш естуім болатын.

Ал өлеңімен одан бұрынырақ, авторын білмей тұрып танысыппын. Курстасымыз Біржан Үсенов гитарамен нәшіне келтіре айтатын Табыл Досымовтың «Күнікей қыз ба ең күн астындағы» деп басталатын әнінің мәтінін жазған сол «Сырдың сары шайыры» болып шықты.

Көбіне көктемедегі бурадай буырқанып жүретін басы асау, «бұзық» ақын туралы аңызға бергісіз әңгіменің талайы содан соң құлағыма арагідік жетіп жүрді. Көзәйнегінің ар жағынан сығырая қараған сары жігіттің суретін де кешікпей көз көрді. Бірақ өзін жолықтырудың сәті түспей-ақ қойды. Есесіне өлеңі арқылы онымен етене жақындасып кеткендей сезіндім. Қойлы ауылдың қайырқом шақтарын сағынтқан қаланың қатыгездеу тірлігінен қажыған жанымды қайта түлетіп сала берген Шаһизада ағамның төмендегідей шумақтарын таңдайымда біраз уақыт тамсап жүргенім есімде.   

        

Көктеуге құлар күнді аңсап,

Тәңірдің құтын хош көріп,

Қамданған шақта сырдаң шал,

Кереге көктеп, таспа өріп,

 

Көзімде маздап ой оты,

Қараймын қырға күн салып,

Әлімбұлақтың әйеті

Бойыма қосып тың шабыт.

 

Кілтеңге қағып қазықты,

Қонса ғой, шіркін, мың сан үй!

Тербетіп жүлге, жазықты

Тоқшылық атты тұмса күй.

 

Үйекке үйір құлатып,

Үйездеп тынған кез қандай!

Рахман мезгіл рәтін

Сімірер сонда көз қанбай.

 

Көкпегін кешіп қырымның,

Құйғытсам қырмен жон бойлап,

Қоңырау даусы құлынның

Қымызбен қоса қанда ойнап.

 

Аршылар еді кірбің бір,

Көңіліме көктем құсы кеп,

Тізгінін сүзген жыр-дүлділ

Жас көкіректе кісінеп...

 

Тәттімбеттің «Саржайлауын» тыңдағандай жаныңа жайлы әуез есіп, ұйқасы қиналыссыз құйылып, татымды тілі татаусыз төгілген «Көктеу» атты осы өлеңді өз басым нағыз «қазақи идиллияның» үздік бір үлгісі деп бағалаймын. Сол қатарға ақынның «Тақыркөлде», Ымыртта» деген туындыларын да ойланбай-ақ қосар едім.  

Жалпы, құлағы түрік жұрттың бәрі біледі, Шаһизада Әбдікәрімов – өлеңі де, өзі де тентек ақын ретінде танылған тұлға.

Тентек болғанда – есті, текті тентек. Мәселен, «Менің шекарам» деген үш ауыз өлеңіндегі мінезі мынау:

Мойның созсаң иығымнан ілгері,

Көрер едің үрдісімді іргелі.

Мүрдесінен аттатқызып қоятын

Момақан деп айтты саған кім мені?!

 

Ал бүкіл ұлтқа тұлға болған Әбіш Кекілбайұлына арнаған, үш бөліктен тұратын (циклды) «Алтын қазық» атты базыналы топтамасын ақын былай деп аяқтайды:

Маңғаз біткен «мерсіне» жүр кеуіп!

Менің дағы керек шығар «сілтеуім»?!

...Жаяу тартып кеттім сыраханаға,

Тұлпарымның бүйірінен бір теуіп!...

Міне, бұл да – мінез!

 

Шыны сол, Шаһизада шайырдың арнау өлеңдері де баршылық. Бірақ көбінесе саңлақтардың өзі сыр алдырып қоятын арнау жырда да Әбдікәрімовтің арзандап-аласармайтынын айта кету керек. Бұл ретте оның үнемі тосын ой айтып, экспромт үрдісіне қол артуға тырысатынын байқадым. Мәселен, Оразбек Мақсұтұлының рухына арнаған «Ыстық өмір» деген өлеңін:

Қытайдың кеденінде көп қамалмай,

Сүйегің жетті әйтеуір жатта қалмай.

Үзіліп Үрімшіде кеткенің не,

Үйіңнен өлетін жер таппағандай?

– деп бастауы оқыған адамды бей-жай қалдырмайды. Қимас жанның қазасын естігенде мұң-наласын марқұмға өзімсіне ұрсып отырып жеткізе алатын Шаһизадаға тән мінез мұнда да менмұндалап-ақ тұр. Солай етуге әбден хақысы бар сияқты көрінеді және Шәкеңнің...

«Жер бетіне бір сызат түссе, ол ең алдымен ақын жүрегі арқылы өтеді» деген Гетенің әйгілі сөзі біздің кейіпкерімізге де тікелей қатысты. Шаһизада ирониялық иірімге, сарказмдық сарынға бай, жусандай ащы «Жетімхана», «Біздің інілер», «Үш жүз», «Байқоңыр» сияқты бірқатар запыранды өлеңдерінде ел мұңы, ұрпақ қамы, жер қайғысы жатса-тұрса арқасына арқардың асығындай бататынын ақындық ашынысы арқылы сездіріп алады.  

 

Моншаңа, досым, бармаймын!

Текке сарсылма!

Мешеулеу жаннан меселің қайтса, арсынба.

Онсыз да қанмен жуылған мынау денемде,

Жұртымның күлі... ұлтымның кірі қалсын да!

деп апшиды ол «Алаңдағы әңгіме.1986 жыл» атты өлеңінде.

 

Жанымды бір мұң тербейді,

Мұңымды кім бар ұғатын?

...Өлең де жазғым келмейді

Өлгеннен кейін шығатын...

– деп торығады «Аяқталмаған жырында». Келер сәтте жаңағы жабырқаулы ақын кенет бұлт астынан шыққан күндей жадырап:  

Ақ сарайлар, шамдалдардың шаш нұрын,

Жол беріңдер, хаттамалар тас мығым!

Әлі талай алдарыңнан шығады

Елдестірген менің ұлы дәстүрім!

– деп өркештеніп, арқаланып шыға келеді. Енді бірде («Қиялдағы патшалықты іздеу» атты жырында):

Жоқшы ғой олар, жолынан тоспа,

Жөнелсін!

Бір күні тағы... шау тартып...

шаршап-шалдығып,

Менің үйіме қайтып келеді,

Көрерсің!

– деп масаттанып, мерейі тасып, асқақтап тұрады. Осының бәрі – шыншыл шайырдың боямасыз болмысы, Қабдоловша қайырсақ, бүтін бітімі немесе өмірдегінің барлығына өзін жауаптыдай сезінетін мазасыз ақын жүрегінің кардиограмма-көрінісі!

Сірә, әркімнің өз Әбдікәрімові болуы заңды шығар. Маған, мысалы, Шаһизада шайырдың әлгіндей мінезді, тарпаң туындыларынан гөрі жібектей есілген майдақоңыр лепті лирикалары, шылғи шедевр шумақтардан тұратын поэтикалық пейзаждары көбірек ұнайтын.

Сырашыл жігіттер сол кездегі стильмен өршеленіп, екіленіп, кіжініп тұрып оқитын оның жігерлі жырлары жұртпен бірге еліктіргенімен, мені ақынның сыршылдығы, суреткерлігі сүйсінтетін. Дарынға дауа бар ма, дүбірлі дүниелеріне делебең қозбауы тағы мүмкін емес, сөйте тұра өршіл өлеңдері арқылы құлағына қол апартпайтын шу асаудай шәлкем-шалыс біреу боп көзіме елестейтін сотанақтау ақыннан сыбызғыдай сызылған нәзік жырлар қалай шығатынына таңырқаған кезім аз емес.  

Кейіннен өзімен аз-кем аралас-құралас бола жүріп, өлеңдеріндегі атойлаған жауынгерлік рух пен спартандық серпінге қоса, Шаһизада ағаның ішкі дүниесі шуақты, жайсаң жан екеніне көзім жете түсті. Жырсыздығынан емес, құнтсыздығы мен қырсыздығынан қырықтан асқанда дос-жолдастарының жабылып жұмыстануымен әзер жарық көрген «Байқоңыр» деген тұңғыш кітабындағы «Болмыс», «Жылдарым», «Ақындар», «Толық емес өмірбаян» сияқты өлеңдерінен жүріп өткен өмір жолының сілемдері анық аңдалатын аңғал ақын, ақкөйлек ағаның шынайы табиғаты осындай.

***

Шаһизада Әбдікәрімов – поэзиясының мәдениеті биік, поэтикалық тілінің пластикасы керемет келісті де көркем келетін сұңғыла шайыр.

Табиғилығы соншалық, оның жырларының аса бейнелілігін бажайлап қараған жан бірқыдырудан соң барып байқайды. Кейбір өлеңшілердей аллитерация-ассонасты мақсатты түрде мұрнынан тізу, әдейі ұрынып өлеңнің әрін қашыру, ұйқасты қинап қиыстырып, жасандылыққа жол беру оған жат. Дыбыс үндестігі дегенге мүмкіндігінше ғана ден қоятын ол бұл ретте соншалықты сезімтал, талғампаз, дегдар. Сөйте тұра әр жырының әндей әуезділігін аңдамау тағы мүмкін емес. Төмендегі өзіміз мысал еткен өлеңге ұнасымды үндестік үстеп тұрған тармақтардың басқы әріптерін әдейі қарайтып, ерекшелеп көрсетіп отырмыз:

Тобынан таңдап мың қыздың,

Тоспайын сені мен неге?

Ұялшақ қызы Ырғыздың,

Ұялап қалдың кеудеме.

 

Оялы жырдың өзі ме,

Осы ма дедім шын бақыт.

Тұмасы терең көзіңе,

Тұншықсам ба екен шым батып?!

......

Күнікей беттен нұр көзеп,

Күніге шамша жандың-ау,

Жымия қарап бір мезет,

Жынымды қағып алдың-ау?

(«Ырғыз қызына» атты өлеңінен).

Шаһизада шығармашылығындағы осындай сөз саздылығына қоса образ-бояулар палитрасы мен тілінің байлығы – бөлек әңгіменің жүгі.

Мысалы, «көксіл нөсер», «жекен жұрт», «желкем күз», «құмбыл сыр», «жасыл ғұмыр», «гүлнәр бақтар», «қани қыр», «алпар аймақ», «құтпан шал», «сәруар сәт», «қамажай көктем», «күдер белдер», «әсел қыз», «ақмизам күз», «кенен өзен», «сабат самал», «сарыөзек сай» секілді әдебиет теориясында жеке авторлық қолданыс ретінде айшықталатын ерекше эпитеттерді, таптаурын емес тіркестерді тосырқамай қабылдайсың (сондайды Сағат Әбдуғалиевтің жырларынан жиі жолықтырып ем бұрында). Тіпті түсіндірме сөздіктен табу қиын «қамысақ», «бермішек», «жепік», «зытқыр», «нығыт», «зорман» сияқты басқадан көп кездестірмейтін біраз сирек сөздерді де сары шайырдың лексиконынан кезіктірдім.

«Мен ұйқастың көрсетер ем көкесін, ол ешкімге таңсық емес, дегенмен» деп Есенғали айтпақшы, шабыт буған Шаһизаданың ұйқасқа өте еркіндігінің ерен үлгісін «Абай ескерткішіне» атты өлеңінен көруге болады:

Саумысың, қазағыма құтпан шалым,

Тау мүсін Алматының жұтқан шаңын!

Даласын Жидебайдың көрсетпей ме,

Қарасын Қарауылдың тұтқан сағым? 

 

Төменде Сарыарқаның сазы қалды,

Төбеңде – Жетісудың жазы мәңгі.

Байлаусыз Байқоңырдан келдім саған,

Алғаусыз айтқым келіп базынамды.

 

Ғаламның Жынын күтіп Семейіңде,

«Боранның» уын жұтып өлейін бе?

Қыңсылап жұрттан қайтқан күшіктей боп,

Бір сұрақ ұлиды кеп көмейімде.

 

Жел үріп іргесінен Босағамның,

Жегіліп, бейдауа күй кешем әр күн.

«Үйрен» деп құлағыма құйып едің,

«Үйрет» деп түсінгені несі олардың?

 

Үйрендім, ал үйрендім орысыңнан...

(Қанына тартпағанның қары сынған)

Батпандап борыш артып мойыныма,

«Аттандап» айдап шықпақ қонысымнан.

 

Шаһизада шайыр бұған бір жағынан тек тәжірибе-эксперимент ретінде барған ба деп ойлайсың. Өйткені, басқа өлеңдерінде 4-5 шумақ бойы басқы ұйқас пен артқы ұйқасты дәл мұншалық ұзақ жарыстырғанын байқамадық. Бірақ төмендегідей еркін есілген ұйқас пен еріксіз еліктіретін көркемдік,  музыкалылық оның екі өлеңінің бірінде молынан ұшырасады деп айтсақ, әсірелегендік болмас.

 

Қашайын дулы дүрмектен,

Басайын ессіз өртімді,

Бусанып жеткен бір көктем,

Бұйдалап алсын еркімді.

                   ....

Жетермін бір күн мұратқа,

Сенімін елдің өтермін...

Шын дүбір жетсе құлаққа,

Шылбырымды үзіп кетермін

(«Шабыт»). 

 

«Гладиатор Спартак» атты өлеңінде Шаһизаданың «Мен де – бір гладиатор, Поэзияның парасатын қорғайтын жанұшырып» деп келетін жолдар бар. Бұл жыр жауапкершілігін сезінетін, талғам төмендігі мен таным тарлығына төзе алмайтын ақынның адал сөзі екеніне шүбәсіз сенесің. Әдеби-көркем, тарихи-танымдық кітаптарды көп тұстастары тәрізді құныға оқыған, ел мен жер көруге әуес, арғы-бергіден хабардар, әр нәрседен құлағдар өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарда туған буынның көкірек көзі ашық бір өкілі ретінде Шаһизада ағаммен әңгімелесу көңіл көкжиегін кеңейтіп тастайтыны бар.

Сол дүниетаным өлеңнамасының өн бойында өзек тартып жатуы тағы заңдылық, әрине. Соғыстан соң туған, әдебиетке алпысыншы-жетпісінші жылдары келген толқынның шығармашылығы арқылы ұлттық өлеңге біртіндеп еніп, бүгінде «интеллектуалды поэзия» деген атаумен қалыптасқан ұғым бар екені мәлім.

«Қиялдағы патшалықты іздеу», «Литораль», «Пиндар ақын», т.б. сияқты тақырыптарының өзі сол санатқа жататынын сездіретін, ежелгі тарих пен дәстүрден сыр тартып, дерек-дәйегі оқырманынан едәуір дайындықты талап ететін жырлары Шаһизада ақынның білген-түйгенінің аз еместігін аңдатады. Бірақ жөнсіз білімпаздану, естіген-көргенінің бәрін өлеңге қосып, артық жүк ету оның әдетінде жоқ. Интеллект – шайырдың шығармашылығы үшін айсбергтің су астындағы бөлігі секілді қосымша пласт, қосалқы шикізат қана.

«Бір ұқсастық бар білем екеумізде, Италияны шулатқан гладиатор» деп өзі жазғандай, Алматы мен Ақмешіт арасында аты аңыз болып тараған Сыр бойының Спартагының, жыр ауылының жампозының жан сарайында поэзия парасатын паш ететін тағы қандай қазыналар шөгіп жатқанын біз, бәлкім, өз өлеңдерінен артық таныта алмаспыз. Алақандай мақала аясында оны түгел қамтып, толық ашып көрсету мүмкін де емес және біз оны мақсат еткен жоқпыз. Сондықтан, ең дұрысы, ақын өлеңдерін әркімнің өзі оқып шыққаны.

Кезінде өрімдей жас ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің бірде-бір жыр жинағы шықпай тұрып-ақ аса беделді әдеби басылым – «Жалын» журналының редакциялық алқа мүшесі болғанының өзі (әлі күнге дейін сол тізімнен түскен емес) талай сырды аңдатса керек-ау...

***

Жырлары арқылы жаныма жақын болып кеткен Шаһизада ағамның өзімен бертінде жиірек сөйлесіп, арагідік телефон арқылы тілдесіп тұратын болдық. Былтыр Қызылордаға іссапармен барғанымда меймандос ағаммен мейрамханада емен-жарқын отырып әңгімелесудің сәті түсті. Өз бағасын білетін өргек ақынның мүшел жастан да кіші маған бекзат басымен бәйек болған жан жомарттығы мен шарапат шуағына шомылып, мерейленіп едім. Ағалы-інілі екі сары Ақмешіт ақшамының аясында емен-жарқын ақтарыла әңгімелесіп, арқа-жарқа болдық. Арасында жоғалтқанын тапқан адамдай, «Бір кездегі өзімді көргендей болып отырмын» дей береді ағам қайта-қайта елжіреп. Қазақтың қонақжай салтымен сол жолы Сыр өңірінің сый-сияпатын көрсетіп, мәнді әңгімемен мейірімді қандырғанын ұмытпаспын-ау...

Әңгіме үстінде ол менің жыр жинағымды шығарып беруге ықыласты екенін айтты. Осы ретте менің тағы бір таңғалатын нәрсем бар: өзім ерекше жақсы көретін екі ақын – Шаһизада мен Есенғали бизнесменге бергісіз іскерлігімен де ел-жұртты тегіс мойындатты.

Сондықтан кітабымды шығару Шаһи-ағама сөз емес, әрине (Айтпақшы, биттің қабығындай тұңғыш кітапшамды бұдан тура жиырма жыл бұрын «Жазушыдан» Есенғали ағам шығарған). Бірақ көріне беруге құлықсыз Шаһизада ағамның өзі сияқты біз пақыр бір жинақтың басын құрауға әлі құнтсыздық танытып, «қолымыз тимей» жүрген жайы бар. Жұмекен ақын айтқандай, «Аға – жақсы, інісі – нашар болса өстеді» енді...

Негізі, алғыс дегеніміз ниетке айтылуға тиіс лепес қой, игі ниеті үшін жаны жайсаң ағаға алғаусыз ризамын!

Жақында арсалаңдаған ақкөңіл Шәкең алпысқа толған күні арнайы телефондап: «Алпысқа келдіңіздер, Бәрін де көрдіңіздер, Алпысқа келсек екен енді біздер» – деп, Мұқағалидың өлеңімен тіл қаттым бірден. «Өй, жынды...» деді тұтқаның ар жағынан күле сөйлеп. Жәреукеленуді білмейтін жақсы ағаның риясыз көңілі осындай жасандылықсыз шынайы сөзі мен табиғи мінезінен-ақ білініп тұрады. Біз көп сөз айтпай-ақ бір-бірімізді түсіне қоямыз әдетте. Етене бауырластық деген де осы шығар-ау...

 

ТОП-5 месяца

    социальная
    рекомендация
    коммерческая