Алаш ұраны және мифтік таным формуласы

Қазақ жұрты тәуелсіздік алғаннан кейін кейбір сөздер, әсіресе, мемлекетшілдікке, ұлттық рухқа қатысты сөздер қайта жаңғырды. Ғасырлар қойнауынан қайта ортамызға оралған ұғымның бірі – «Алаш». Бүгінгі таңның қазағына бағытталған ел-жұрттық, бірлік-татулық мәселелерінде «Алаш» атауы жиі ауызға алынады.

Ұлттық рухы түрлі мәдениеттің ықпалымен тұмшаланбаған қазаққа бұл атау өте ыстық. Ал рух адамның қанында сақталатынын ескерсек, бойында қазақылық қаны бар қазаққа Алаш атауының ыстық болатындығы өз-өзінен түсінікті секілді. Алаш - қазақтың қанына орныққан қасиетті ұғым.

Халықтың көне танымы қазақ жұртының бір орталыққа – бір тізгіндік билікке бағынып, ел болуын Үш жүз қазақтың басын қосқан Алаша хан атты аңыздық кейіпкердің бейнесіне тіркейді. Үш жүз бен Алаша хан ұғымының тұтастанып кеткені сонша, ХҮІІІ ғасырдың 70-жылдары қазаққа хан болып сайланған Абылай өзін көрші жұртқа «Үш жүз Алаштың» ханымын таныстырса, ал оның немересі Кенесары хан сол Үш жүз Алаштың бағын қайтарамын деп құрбан болды.

ХХ ғасырдың басында қазаққа азаттық алуды көксеген ұлттық партияның атауы да – Алаш.

Сол партияның мұраты жолында қызмет еткен ұлт қайраткерлері «Алаш зиялылары» деген сүйіспеншілік пен құрметке оранған атауға ие болды. Бұдан шығатын ой: қазақтың көне тарихынан бастап өткен ХХ ғасырдың басына дейін Алаш сөзінің мән-маңызы ерекше болды.

Алаш ұранында көне сыр бар екендігі алғаш тілге тиек етіп, оған өз пікірін білдірген ХХ ғасырдың басындағы Алаш көсемі Ә. Бөкейхан еді. Ол ХІХ ғасырдың соңында Алаш қазақ руларының ортақ ұраны екенін айта келіп: «...Ни один из этих родов не отказывается от подчинения, кроме своего родового частного «урана» (боевой клич), общенародному «алаш» обязываещему каждого киргиза беспрекословно идти на помощь обиженному собрату, забывая даже междоусобицы и хотя бы в виду сильного неприятеля и неминуемой от него смерти. Эта-то своеобразная и интересная жизнь киргизов отразилась, как в зеркале, в их разнообразной и богатой устной поэзии. Многие из этих  произведений носят на себе следы глубокой древности и печать отдаленного прошлого жизни, быта и верований киргизов» [Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Избранное.–Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1995.(– 478 б.), 319с.].), -деп жазады.

Олай болса, «Ажал кебінін киетін қауіпке қарамастан, Алаш ұранының соңына еретін қазақтың» көне дүниетанымында «Алашқа» қатысты көмескі таным бар екендігі сөзсіз. Оны Ә.Бөкейханның серігі М. Дулатовтың мына сөзі де қуаттайды. Ол былай деп жазады: «Қазақтың не себептен алаш, не себептен қазақ, үш жүз атағанын баяндайтын бұлардан басқа да ертегілер бар… Бірақ мұндай ертегілер қазақтың аты, тегін зерттеушілерді ойға қалдырарлық жері бар. Мәселен, қазақ, я алаш, қалай да болса, бір кісі-ру басы емес екені рас-ау, әйтпесе біріне-бірі қайшы келе берсе де, көптеген халық аузында сөйленіп ертегі болып жүргеніне қарағанда, «қазақ», «алаш» сөздерінің түбінде бір көмескілік бар ғой дегізетін. Тарихшылар мұндай ертегі сөздерді де ескерусіз қалдырмай, түбінде салыстыра, қорыта келе бір дәлелді мағына шығаруға болар деген үмітпен жинап жазады. Бірақ әлі күнге шейін ондай сөздерді қолданып бір нәтиже шығарған жоқ» [Дулатов М. Шығармалары./Құрас. М. Әбсембетов, Г. Дулатова. –Алматы: Жазушы, 1991.(–384 б.), 308 б.]

ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың  басындағы ұлт зиялыларының тарапынан Алаш сөзіне қатысты айтылған бұл мәселе әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ.

Біздіңше, Алаш ұранын жалпы халықтық дүниетаныммен, атап айтқанда, түркі-моңғол кеңістігіндегі халықтардың тотемдік наным-сенімімен және көшпелілік таныммен байланыстыра зерттеген дұрыс жолдың бағыт-бағдарын белгілеуге болады деп санаймыз.

«Алаш» атауы жазба деректер көзінен ХҮ ғасырлардан бастап нақты көрініс ала бастайды. Мысалы, Өзбек ұлысының ханы Шайбан Әбілқайыр туралы жазылған Масуд бен Усмана Кухистанидің «Тарих-и Абу-л-хайри» атты тарихи-көркем шығармасында жас Әбілқайыр сұлтан жетістік пен сәттілік іздеп үлкен далалық аймақтың иесі Алаша баһадүрдің еліне келгендігі айтылса [Материалы по истории Казахских ханств XV-XVІІІ веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). –Алма-Ата, Наука, 1969.(–636 с.), 143 с.], З-М. Бабырдың және М-Х.Дулатидың еңбектерінде Алаш атауы Моғолстанның көшпелі тайпаларын билеген Сұлтан Ахметтің «Алаша хан» деген лақап есімі ретінде белгілі. Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің атасы Орыс хан әскерінің сол қанатында үш сан «Алаш мыңы» болған деген дерек ХҮІ ғасырдың соңында жазылған Қадырғали Жалайырдың тарихи-шежірелік «Жами ат-тауарих» атты еңбегінде орын алған [Жалайыри Қ. Шежірелер жинағы. Алматы: Қазақстан, 1997.(–128 б.), 126 б.].

XVІІ ғасырда жазылған Махмуд бин Валидің «Бахр ал-асрар» атты тарихи еңбегінде қазақ ханы Есім өзіне қарасты алаш әскерін, қатағандықтарды және өзге тайпаларды жинап, қалмаққа қарсы жорыққа аттанды деген дерек тіркелген [Кляшторный Г, Султанов Н. Казахстан: летопись трех тысячилетии.–Алма-Ата: Рауан, 1992. (–216 с.), 201с.].

ХІХ ғасырда Шығыс Түркістан өлкесінде болған мұсылман халықтарының көтерілісі туралы жазған Ш. Уәлихановтың жазбаларында Шығыс Түркістанға көмек бергісі келген Қоқан хандығының әскері алты көшпелі (қытай-қыпшақ, түрік, қырық, қыпшақ, қарақалпақ) халықтардан құралғандығы [Валиханов Ч.Ч. Сведения о войне Кокандцев с Китаем в Кашгаре в 1830 г. // Соч. В 5 т. -Алма-Ата, 1985. –Т.2. (-416 c.), 351с.] баяндалады. Сонымен қатар атақты ғалым Ташкент құшбегісінің орыс үкіметіне жазған хатының мазмұнында оның алты алашқа билігі жүретіндігі айтылғандығын тілге тиек етеді [Валиханов Ч.Ч., Аталған кітап, 354 с.].

ХҮ-ХІХ ғасырлар аралығында жазба деректерге тіркелген бұл мәліметтер Алаш атауына қатысты екі мәселені түйіндей алады. Олар:

  1. Алаш әскери ұғымға қатысты;
  2. Алаш далалық өлкелерді мекен еткен көшпелі халықтардың ортақ атауы.

Бұл деректерді қазақ шежірелерінің мәліметтері де қостайды. Шежіре деректері бойынша, Алаш – қазақтың ғана емес, өзге түркі тектес өзбек, қарақалпақ, түркімен халықтарының түп атасы [Қазақ шежіресі // «Айқап» (Құрастырушылар: Ү. Субханбердина, С. Дәуітов). –Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. –(367 б.), 56 б.].

Қазақтың көшпелі дүниетанымы мен тарихи санасында Алаш атауымен байланысты айтылатын «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз – ағаш, ұранымыз – Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» дейтін аңыздық мәтел сөз бар. Мұндағы «үйіміз-ағаш» деген жол көшпелі тұрмыстың бейнесі болса, «Алаша хан болғанда», «ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» [Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 8 том. –Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006.(–452 б.), 153 б.] деген жолдар қазақ халқының жеке орда болып шығуына қатысты туындаған тарихи оқиғалардың жаңғырығы.

Сонымен қатар «Алты алаштың» астарында қазақтың үш жүзінен басқа көшпелі халықтардың да жиынтық атауы орын алған:

Үлгілі өткен Абылай – қазақ ханы,

Үш жүз түгіл, алты алаш білген, әні.

Қазақ үшін рақаттан безіп кеткен,

Алла әмірімен артықша туған жаны [Қазақ халық әдебиеті:көп томдық / Тарихи жырлар. І том. Абылай хан. –Алматы: Білім, 1995.(– 288 б.), 85 б.].

Қазаққа тұрмыс-тіршілігі жағынан аса жақын қырғыз халқының атақты «Манас» жырында Манас батыр алты алаштың айтулы ері деп жырланады:

Ойсыл тауын жерлеген, алты алаш ел деген,

Сол алаштың ішінде, айтулы Манас ер деген [Мұхамедханұлы Н. Мұхтар Әуезов және «Манас» эпосы.// Адамзаттың «Манасы» -Алматы: Рауан, 1995.(-256 б.), 232 б.].

Қырғыз оқығандарымен тығыз байланыста болған Алаш қайраткері М. Дулатовтың айтуынша, қырғыздар да өздерін «алашпыз» деп атайды [Дулатов М. Аталған кітап,  319 б.]. Ал тарихшы М. Тынышпаев қырғыз бен қарақалпақтар қазақтармен жүз арқылы емес, ортақ «Алаш» ұраны арқылы бірігетінін жазады [Тынышпаев М. Великие бедствия... (Актабан-шубырынды).–Алма-Ата: Жалын, 1991. (–152 с.), 77с.].

Қырғыз, қарақалпақ сынды көшпелі халықтарды қазақтарға жақындатып тұрған басты нәрсенің бірі тегі мен тілі бір туысқандық қана емес, тұрмыс-тіршілік пен рухани танымнан туындайтын дүниетанымның бірізділігі. Ол дүниетаным – көшпелілік.

Бұл орайда атақты тарихшы, түрколог В.В.Бартольдтың мына бір терең де мағыналы пікірін келтіре кеткен жөн: «Көшпелілерге белгілі бір мәдениетке ортақ болу ұлттық және тілдік белгілерге қарағанда маңыздырақ болды» [История Казахстана: народы и культуры: Учеб. пособие / Масанов Н.Э. и др. –Алматы: Дайк-Пресс, 2001.(-600 с.),  64с.]. Олай болса, атау Алаш атауының астарында қазақ халқының сан ғасырлар тұтынған көшпелілік өмір салты мен көне дүниетанымдарының іздері сақталғандығы сөзсіз.

«Алаш» атауының түзелуіне, біздіңше, Шыңғыс ханның арғы шыққан тегін баяндайтын көне мифтік аңыздың әсері бар. Ол – моңғол тектес тайпалардың шығу тегін баяндайтын Алаң қоға туралы миф. Онда моңғол тайпасын Бөрте Шынуа (Чино) мен Марал сұлудан таратылады. Олар Көк Тәңірінің жебеуімен теңізден өтіп, Бұрхан Қалдын деген тауды мекен етеді. Бұлардан бес-алты ұрпақ өткеннен кейін Борықшын атты бала туады. Борықшыннан Дұба соқыр мен Добу мерген деген екі бала дүниге келеді. Добу мерген хас сұлу Алаң қоға деген қызға үйленеді [Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері. ІІ том. Лұбсанданзан. Ежелгі хандар негізін салған төрелік жосығының туындыларын құрастырып, түйіндеген Алтын тобчы (Алтын түйін) демек-дүр. –Алматы: Дайк-Пресс, 2005.-305 б. 30б.].

Одан Белкүнтей, Бекүнтей атты екі ұл дүниеге келеді. Ал Дұба соқырдың төрт баласы болады. Дұба соқыр өлгеннен кейін әлгі төрта бала Добу мергенді көзге ілмей келеке етіп, өз жөндеріне кетеді. Сөйтіп жүргенде Добу мерген де қайтыс болады. Екі баламен жесір қалған Алаң қоға ерсіз жүріп үш ұл табады. Белкүнтей, Бекүнтей екі ұлы шешелерін мына ұлдарды қалай туды деп жасырын әңгіме ете бастайды. Мұны Алаң қоға сезіп қалып, көктемнің бір күні сүрленген қойдың етін асып, бес ұлын қасына шақырып, қатарластыра отырғызып бір-бір жебе ұстатып: «Ұлдарым, осы жебені сындырыңдар!», – дейді. Ұлдары сындырып тастайды. Және тағы да жебені біріктіріп ұстағанда, оны ешкім сындыра алмайды.

Сонда шешесі Алаң Қоға бүй дейді: «Екі ұлым, сендер мына туған үш ұлды кімнің балалары болды деп күдіктенесіңдер! Күдіктенгендерің дұрыс. Әр түн сайын сары шегір адам келіп, құрсағымды сипап түңілік, маңдайшыдан сәуледей еніп, күн мен ай жарқырап шығар шақта сары ит болып, жаланып-жұқтанып шығып кететін еді. Соған қарап мен бұларды тәңірдің ұлдары ма деп ойлаймын! Қараша адамға теңеп, сөз етпей-ақ қойыңдар! Күндердің күнінде қиырдың қағаны, ұлыстың иесі болған тұста, сонда ұғасыңдар, сендер! Қара басты кісілер емес. Әйтеуір, сен екеуіңнің көлеңке-нөкерлерің болсын!» дейді. Екі ұлы үн қатпайды. Алаң қоға тағы да ұлдарына өсиет етіп:

«Сен – бес ұлым, бір құрсақтан тудыңдар,

Сен бесеуің тату болмасаңдар –

Жаңағы жалғыз жебедей оңай жеңілесіңдер.

Жаңағы біріккен жебедей бірлікті болсаңдар –

Сендерді кім жеңе алар еді!», -дейді.

Содан кешікпей Алаң қоға ғайып болады» [Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері, 33-34б.].

Бұл мифтің жалғасы Алаң сұлудың күйеусіз тапқан үш ұлының кенжесі Боданшардың ұрпағы Борчигин арқылы Шыңғыс ханның дүниеге келетінін баяндайды. Ал Алаң қоға туралы айтылатын мифтің қазақ арасындағы нұсқасында көктен түсетін сәуле қасқыр бейнесінде беріледі және Шыңғыс тікелей Алаң қоғадан туады: «Дуюн – Баян имел сыновей от первой жены; потом он взял Алангу; умирая, он сказал своей жене Алангу, что он будет приходить к ней в виде света, а уходить в виде волка. И он приходил, а уходя восклицал: «Чингис! Чингис!» У Алангу родился сын Чингис» [Казахский фольклор в собрании Г. Н. Потанина. (Архивные материалы и публикации). –Алма-Ата:Наука, 1972.–382 с.64с.].

Қасқырды моңғол тілінде «шоно, шино (чино)» деп атайды. Қасқыр ұғымын беретін бұл атау моңғол тайпасы тарайтын Бөрте шино мен оның алтыншы ұрпағы, жоғарыда аталған Дұба соқыр мен Добу мергеннің әкесі Борықшынның есімінде орын алған.

Сондай-ақ Алаң қоғаның кенже ұлы Боданшардың бірінші әйелінен туған балалары Борчигин руы [Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері, 38 б.], яғни «бөріден туғандар, бөрі тектілер» деп аталады. Түркі, моңғол шежірелік еңбектерде Шыңғыстың руы осы «Борчигин» деп көрсетіледі. Шыңғыс – Борчигиннің тоғызыншы ұрпағы. Тіпті, Шыңғыстың алғашқы есімі Темучин де  «чино, шино» атауы жүр. Сондай-ақ «шино» сөзі түрленген дыбыстық өзгерістер арқылы қазақтың Кіші жүз руларының тайпалық бірлестігі «Алшын» атауында да орын алған.

«Алаш» ұраны, біздіңше, Шыңғыстың арғы анасы «Алаң» мен жарық сәуле болып көктен түскен тотем баба қасқырдың, яғни «шоно, чино, чин» сөздерінің кіріге бірігуінен түзілген. Мифологиялық танымнан нәр алатын екі сыңар сөздің бірігуінен түркі-моңғол тектес көшпелілердің шыққан тегін білдіретін ұран сөз туындаған. Сөздердің бірігуі арқылы жаңа сөз түзеу – түркі тілінде жиі кездесетін тілдік құбылыс. Бұл тілдік құбылыс мифтік жүйрік тазы құмай иттің атауында да жүр. «Құмай» сөзі, тілші ғалымдардың көрсетуінше, екі түбірден (қу+ұмай) біріккен. Мұндағы қу – құс, ұмай – отбасының киесі. Сөздердің кіріге бірігуіне бұдан да басқа мысалдар келтіруге болады. Айталық, бұл+күн=бүгін, бұл+жыл =биыл, жылжыған+аң=жылан.

«Алаң» мен «шонодан» туған ұрпақты «Алаш», яғни «қасқыр, бөрі ұрпағы» деп тану моңғол-түркі халықтарындағы тотемизм түсінігінің әсерінен туған. Қасқырды тотем баба деп тану ежелгі халықтардың-ғұндар, көк түріктер, үйсіндер, оғыздардың көне мифтерінде сақталған. Онда қасқыр - ру-тайпаны түрлі қиыншылықтан сақтап қалып, оның өсіп-өнуіне жәрдем еткен тотем баба.

Сол түркілік көне халықтардың бір жұрнағы болып саналатын қазақ халқында бөрі бейнесі қазақтың жауға шапқанда жауынгерлік рухын оятатын байрағына бедерленген.

Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерілсе,

Қозып кетер қайдағым, - деп жырлайды атақты Сүйінбай ақын.

Қорыта келгенде, кіріге біріккен Алаш атауының құрамына еніп отырған «шино (чин, шын)», «шоно», яғни қасқыр деген мағына беретін сыңарының мағынасы көне аңыз, мифтер, ру-тайпалар атаулары, кісі есімдері арқылы қазақ халқының танымына орныққанын.

Осы жерде заңды сұрақ туады: сол кіріккен сөздегі алғашқы сыңар «Алаң»  атауы қайда?

Бұл тұста келтірілер дерек, айғақ өте тапшы. Дегенмен де, халықтың көне тарихы мен танымынан мол хабары бар жыраулардың бейнелі сөздерінен «Алаң қоға» атауының өзін немесе оның көшпелі халықтардың түпкі ене ретіндегі бейнесін тануға болады. Айталық, XVІ ғасырда өмір сүрген атақты жырау Қазтуғанның «Алаң да, алаң, алаң жұрт// Ақ ала ордам қонған жұрт» деп басталатын толғауынын алайық. Толғауда бірнеше қайталанып тұрған «Алаң жұрт» – көне аңыздағы түпкі ене Алаң Қоға бейнесі болуы әбден мүмкін.

Осындағы «Алаң» атауы – көне аңыздағы Алаң қоға бейнесі. Толғауға бұл сөздің арқау болып отырғанының бірнеше себебі бар. Біріншіден, аңыздағы Алаң қоға бес ұлының басын біріктіріп, бірлікті өсиет еткен болатын. Екіншіден, әкесіз туғандықтан елден қуылған Шыңғыс ханды Майқы  бастаған 12 би баланың шешесінің жөн сілтеуімен тауып алып, жұртқа әкеліп хан ететін. Толғау тілімен айтсақ, «ақ ала орда» тігілген еді. Демек, «Алаң жұрт» – бір анадан туған ұлдардың жұрты әрі бірліктің символы.

Көктен түскен сәуледен үш ұлды дүниеге келтірген Алаң қоғаның бейнесі түркілердің көне тәңірлік наным-сенімінің негізінде сомдалған. Алаң қоға – тәңірдің құдіреті жебеген балаларды дүниеге келтіруші әйел.

Түркілік наным-сенімдерді зерттеуші ғалымдар ертедегі түркілер әйел баласын өлгеннен кейін жаны Айға барып орналасатын ата-бабалар рухын қайтадан елге қауыштырушы адам деп танығанын жазады. «Ертедегі тәңірліктер, - деп жазады бұл орайда философ ғалым С. Оспанов, – Ай ата-бабалардың жан-рухтарының мекені (халық арасындағы «Айға, сол сияқты бейітке қарап қолыңды шошайтпа» деген тыйм сөзді еске түсіріңіз – автор) деп есептеген. Сондықтан түркі-қазақ халықтарында жаңа ай туғанда ауылдың келіндері оған иіліп сәлем еткен. Олар ұмытса, оны орындауды ескерткен» [Оспанов С.И. Еуразиялық кеңістіктегі тұран-славян халықтарының тәңірлік кезеңдегі ортақ элементтері туралы (ымтану, ымтеория, ымәлем мәселелері) // Евразийский ежегодник / Под ред. С.А. Абдыманапова и Ж. А Ермекбаева.-Астана, Изд-во ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2005.(86-97с.), 90б.].

Зерттеуші С. Оспанов «әйел» атауын екі түбірден, яғни «Ай» мен «ел» сөзінен құралғанын, бұл атау өз кезегінде «Айдағы ата-бабалар рухын қайтадан елге қосушы адам дегенді білдіреді» [Аталған еңбек, 91б.] деп жазады. Демек, жырау толғауындағы Алаң түркілерді қайта дүниеге келтірген, оларды ата-бабалар рухымен қайта қауыштырған киелі тұлғаның- түпкі ененің бейнесіне саяды.

Алаң қоға туралы мифтің мазмұны да қазақ ақын-жырауларының шығармаларына арқау болған. Мысалы, Махамбеттің толғауындағы мына жолдар:

Біз бір енеден бір едік,

Біз енеден екі едік.

Екеуіміз жүргенде,

Бір-бірімізге ес едік.

Бір енеден үш едік,

Үшеуіміз жүргенде,

Толып жатқан күш едік.

Бір енеден бес едік,

Бесеуіміз жүргенде,

Алашқа болман деуші едік.

Өтемістен туған он едік,

Онымыз атқа мінгенде,

Жер қайысқан қол едік

Бұл тұспалды, бейнелі сөздер - Алаң қоғаның балаларына айтқан өсиет сөзінің поэтикалық өрнегі. Махамбеттің «беске» дейін санамалап отырған тұстары – Алаң қоғаға қатысты айтылатын көне мифтің мазмұны. Жырда «төрт» деген сөз айтылмайды. Өйткені аңызда төрт ұл деген дерек жоқ. Махамбеттің «екі» мен «үшті» қосып, «бір енеден бес едік» деуі – аңыздағы Алаң қоғаның бес баласын мегзегені. Сол бес баланың жиынтық бейнесі – Алаш. «Алашқа болман» деген жолдар осы ұғымнан туындап отыр. Ал Алаң қоға бейнесі толғауда жалпы мағынадағы «ене» сөзімен берілген.

Махамбеттің толғауындағы таным Алаң қоғаға байланысты көне мифтен туғандығына жанама дәлел – ақынның өз бауырларын енеден бастап санауы. Қазақтар өзінің бауырын немесе тумасын енеден санамайды, атадан санайды. Айталық, Абайдың:

Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ, – деп келетін өлең жолында ақынның атадан тараған бауырларын алдымен санағаны көрініп тұр.

Сол себепті Махамбеттің алдымен бауырларын енеден санап отырған тұсы – көне мифтің сарыны әрі аңыздық деректің поэтикалық өрнегі деп айтуға толық негіз бар. Ал ақынның атадан тартатын өзінің «шынайы тарихы» – «Өтемістен туған он едік» деген жолдар.    

Махамбет жырындағы «Бесеуіміз жүргенде// Алашқа болман деуші едік» деген жолдар – бірлікті насихаттау, Алаң қоғаның-түпкі ененің бес баласына бірлікті өсиет еткенін қайта бір еске алу. Сол арқылы ақын бірлікті, сол бірліктен туындайтын тегеуіріні мықты күштілікті аңсаған тілектен жыр жолдарына арқау еткен.

Осы тұстан ойымызды кілт үзіп, қорытынды, түйінді пікір түюге тырысамыз. Себебі шырмауы көп ойды шиырлай берсең – түпсіз терең шыңырауға түсіп кете бересің. Шиыр ойды ширатып алу жолының бірі – кенеттен үзу. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынадай: Алаш пен бөрі сөзі синонимдік мағыналас сөздер. Алаш – бір ана мен бір атадан тараған ұғымның түсінігі. Оның формуласы: ҰЛЫ ЕНЕ+ТОТЕМ БАБА=АЛАШ немесе АЛАҢ + ШОНО = АЛАШ.

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚОВ

Автор:
Алмасбек ӘБСАДЫҚОВ

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

ТОП-5 месяца

    социальная
    рекомендация
    коммерческая