Томас Густав Виннер зерттеуіндегі Қалижан Бекхожин шығармашылығы туралы ой-пікірлер

Қазақ әдебиеті қиын-қыстау кезде де несібесіз болмапты. 1958 жылы Америка Құрама Штаттарының Дьюк университетінің баспасынан «The Oral art and Literature of the Kazakhs Of Russian Central Asia» («Ресейлік Орталық Азия қазақтарының ауыз екі шығармашылығы мен әдебиеті»») деген кітап жарық көрді. Бұл зерттеу еңбектің авторы – АҚШ-тың славянтанушы және семиотик ғалымы Томас Густав Виннер еді. Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихы қамтылған бұл көлемді жинақты 1995 жылы АҚШ-қа барған сапарымызда Оклахома мемлекеттік университетінің кітапханасынан көріп, көшірмесін ала келгенбіз.  

Осы кітапта қазақ әдебиетіндегі алыптар шоғырының соңына ілескен тұлғалы ақындарымыздың бірі – Қалижан Бекхожин шығармашылығын талдауға да орын берілген. Томас Густав Виннер өз кітабының 231-ші бетінде былай деп жазады: «Көптеген өлеңдер соғыс тақырыбының сан қилы сәттеріне арналды және олар толығымен дәстүрден тыс тәсілмен жазылды. Бұл кезде осы шығармалар өзінше тың дүниелер еді, заманауи және батыс реализміне орайластырылған-ды Әскери поэзияның негізгі бөлігі алғы шептегі шайқастарға арналды. Мәселен, Жұмағали Саиннің «Шайқастан кейін» («After the Battle») және Қалижан Бекхожиннің «Жиырма сегіз» («Twenty-eight») атты ұзақ өлеңі осы тақырыпты қамтиды». Одан әрі қазақтың белгілі ақындары Ғали Орманов мен Қасым Аманжоловтың соғыс тақырыбына жазылған шығармаларын атап өткен америкалық зерттеуші Қалижан Бекхожин поэзиясына арнайы тоқталады: «Мейлінше әсерлі әскери поэзиялық шығарманың бірі Қалижан Бекхожиннің «Освенцим үні» («A Voice Oswiecim») шығармасы. Ақын онда нацистердің әйгілі ажал лагерін аралағаннан кейінгі жантүршігерлік сезімі мен әсерін баяндаған. Ол нацистер жауыздығы құрбандарының рухымен тілдеседі, олардың кек қайтаруды сұрап, жалбарынған дауыстарын естігендей болады».

Томас Густав Виннер қазақ поэзиясын кеңестік саясатқа ыңғайлас тақырыптар аясында талдап қана қоймайды, оның өзіндік ерекшелігін де атап көрсетеді.

Сол тұстағы ахуалдың салдарынан қазақ жеріне өмірі табаны тиіп көрмеген ғалым былайша пікір білдіреді: «Бұл уақытта қазақ ақындары дәстүрлі соғыс тақырыбынан басқа үрдістерді де қамтыды. Біз ежелгі эпикалық рухтың жаңғыруын Қалмақан Әбдіқадыровтың «Махамбеттің сыры» («The Seсret of Makhambet») және Қалижан Бекхожиннің «Аш-жалаңаш дала» («In the Hungry Steppe») шығармаларынан аңғарамыз. Ақындар ауыз екі шығармашылық алдындағы өздерінің парызын сезініп, соған жүгінді. Мысалы, Қалижан Бекхожиннің «Домбыра» деген өлеңі Қасым Аманжоловтың осы аттас өлеңімен үндеседі. Екі шығармада да домбыраның қоңыр үні жырланады. Мәселен, Бекхожин былай деп жазады». Одан әрі автор ағылшын тіліндегі мәтінді мысалға келтіреді:

Your voice caresses my heart endlessly,

It seems that I was born with your sounds in my blood

In it are the wind, the steppe and the sadness

           of our fathers,

And the quiet tune of motherly love.

Your voice used to sing me to sleep as a child,

In it is all my life, turned into sound,

Dombra, all my thoughts are devoted to you,

Dombra, all my songs are born by you,

My soul and my singing heart

Are forever united with you.

Қалижан Бекхожиннің Мәскеуде басылған өлеңдерінен, яғни, орыс тіліндегі нұсқадан аударылған бұл үзінділердің түпнұсқадан біраз алшақтап кететін тұстары бар. Ағылшын тілінде баяндалған осы өлеңнің Қалижан ағаның жүрегін жарып шыққан қазақша нұсқасы мынау еді:

Тиер жылы жүрекке үнің сенің,

Туған күні даусыңды естігемін.

Атам, анам өсіпті сеніменен,

Саған айтып кетіпті ескі кегін.

 

Мені де маужыратқан – сол бір күйің,

Үніндей сонау сырлы дүниенің.

Ұйқы орнына жас жүрек дүрсіл қағып,

Жалындатқан жанымды сол әлдиің.

 

Ой-қиял сырласқанда сеніменен,

Жорғалап сазбен талай шыққан өлең.

Барармын сені шертіп майданға да,

Өлсем егер, мен сені шертіп өлем.

 

Томас Густав Виннер бұл өлеңді Қасым Аманжоловтың «Домбыра» атты өлеңімен салыстыра талдайды. Ұқсастықтары мен ерекшеліктерін баяндайды.

Бұдан әрі қарай: «Сталиннің орыс халқына 1945 жылғы үндеуі қазақ әдебиетіндегі соғыстан кейінгі жаңа тақырыпқа қозғау салды. Онда Кеңес елінің басшысы орыс халқының Кеңестер Одағын құтқарып қалған ерен ерлігін, оның басқа кеңестік ұлттарға ұстаз әрі «аға болғанын» атап айтты. Бұл тақырып мұнан кейін екі туындыда көрініс тапты.  Бұлар Қалижан Бекқожиннің «Ресей даусы» және Қапан Сатыбалдиннің «Орыс халқына» атты шығармалары еді», – дейді автор.

Сонымен, қазақ халқының әдебиетін, оның ішінде Қалижан Бекхожин шығармаларын да талдап, арнайы кітап жазған Томас Густав Виннер деген кім еді?

Ол  1917 жылы 3 мамырда Прагада дүниеге келген. 2004 жылы 20 сәуірде Америка Құрама Штаттарының Массачутес штатында, Кембридж қаласында қайтыс болды. Ол – сондай-ақ, Лев Толстой мен Антон Чехов шығармаларын жан-жақты зерттеген ғалым. Виннердің «Толстойдың Ясная Полянадағы шәкірттерінің шығармашылық жұмыстары», «Чехов және оның прозасы», «Чеховтің «Шағаласы» және Шекспирдің «Гамлеті», тағы басқа ғылыми монографиялық еңбектері жарық көрген.

Томас Густав Виннердің «Ресейлік Орталық Азия қазақтарының ауыз екі шығармашылығы мен әдебиеті» атты кітабы 1980 жылы Нью Йоркте және 2002 жылы Стэнфордта қайта басылды. Демек, бұл кітапқа кейін де сұраныс болды деген сөз.

Тұрсынбек Кәкішевтің «Санадағы жаралар» атты кітабында Сәбит Мұқанов, Қалижан Бекхожин құрастырған хрестоматия, Есмағамбет Смайылов, Қажым Жұмалиев, Әлкей Марғұлан жазған оқулықтар «астан-кестен болды» деп атап көрсетілгендей, танымал ақын теперішті көп көрді. Өлеңдеріне де, зерттеу еңбектеріне де тиым салынып, қоғамнан біраз уақыт қол үзіп қалды.

Сондықтан Томас Густав Виннердің бұл кітабы өз елімізде Қалижан Бекхожин қудаланып жүрген елуінші жылдарда мұхиттың арғы бетінде жарық көргендігімен құнды және ол қазақ әдебиеті үшін де маңызды жәдігерлік саналады.

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Автор:
Бауыржан ОМАРҰЛЫ

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор 

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

Свежие материалы автора: