Ежелгі түрік жазуының әдебиетке қатыстылығы

Түркі әдебиетінің тарихы туралы сөз болғанда көптеген ғалымдарымыз әдеби жәдігерлерімізді Орхон, Енисей және Талас өзендері бойында тасқа қашалып жазылған ескерткіштерден бастап, ХV ғасырда елінің тыныштығы үшін жер шолып, жердің ұйығын іздеген Асан Қайғы мен «мұсылман мен кәуірдің арасын өтіп, бұзып дінді ашқан» Сүйінішұлы Қазтуған жырауға әкеліп тірейді. Одан бергі әдебиетті түркі халықтары ара-жігін ашып, өздерінің ұлттық әдебиеті деп есептейді.

Шындығында түрік әдебиеті одан бұрын және кейін болмаған ба?

Түрік фольклоры мен әдебиетінің түп-төркіні мен қайнар көзі сақ дәуіріне барып тіреледі. Сақ заманындағы ерлік істер мен жеке тұлғаға қатысты елеулі оқиғалар халық қиялымен дамып, түрленіп күні бүгінге дейін келіп жетті.

Бұл жөнінде академик Әлкей Марғұлан: «Қазақ халқына көп ғасырдан бері мұра болып келе жатқан ғажайып аңыздарды, мазмұны ертегіге айналған терең мифтерді, жан күйін көкке сермейтін асқақ ерлік жырларын, фәлсафалық қария сөздерін тереңнен алып қарасақ, онда бүкіл дүние мәдениетіне қосылатын бір үлкен сәулетті сыр бар екені көрінеді. Бұл жойқын шығармалардың ту баста келіп шығуының өзі бір – жарқын дүние. Оны ең алғаш келістіре шығарған елдер ерлік дәуірін басынан кешірген, қазақтың байтақ сахарасын қоныстаған сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, олардың соңын ала қарыштаған ұрпақтары – оғыздар, қыпшақтар, қарлұқтар (қазылықтар), наймандар, керейлер, пешенелер, хазарлар» [1. 5-б.], – деп пікір білдірген еді. Сондай-ақ, әдебиеттанушы-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев та қазақ фольклорының генезисі мен әдебиет тарихын сақ-массагет дәуірінен бастау керектігін алға тартты [2].

Көне түрік жазуын зерттеушілер оның шығу тегі туралы түрлі пікірлер айтып, өз жорамалдарына саналуан дәйектер келтіреді. Түрік бітіктің шығу тарихы мен қалыптасып, дамуы жөніндегі ұстанымдары бойынша ғалымдар негізгі үш топқа бөлінген:

1. Арамей жазуының дамытылған түрі (В.Томсен, О.Доннер, П.М.Мелиоранский, Д.Н.Соколов, А.Аманжолов);

2. Соғды жазуынан шыққан (Г.Клосон, В.А.Лившиц, т.б.);

3. Төл тума жазу (Н.А.Аристов, А.Махмудов, А.Эмре, Қ.Сартқожаұлы, Н.Базылхан, О.Бекжан).

Бұдан бөлек, кейбір әуесқой түркітанушылар түрік бітікті Тәңірдің берген сыйы, қытай, шумер, грек әліпбилерінен ауысып, өңделген деген тұжырымдарды да ұсынады.

Арамей және соғды жазуларының түрік ойма жазуына еш қатысы жоқтығын, тек кейбір пішіндердің бір-біріне сәйкес келетінін анықтаған ғалымдар түрік бітігі малдың ен-таңбаларынан немесе көшпелілердің өздері жасаған пиктографиялық-идеографиялық белгілерден шыққан деп есептейді [3. 141-147-б; 4. 67-82-б.].

Көптеген түріктанушы ғалымдар түркі жазуы мен әдебиеті V-VI ғасырларда пайда болды деп есептесе де архиологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған материалдық нақты айғақтар бұл пікірді жоққа шығарып отыр.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап отандық ғалымдар түркі тілі мен оның жазуын тереңірек және ұлттық тұрғыда зерттеуге күш салып келеді. Отандық түріктанушы ғалым Н.Базылхан түрік бітіктің қалыптасуы мен даму сатысын төрт ірі кезеңге бөледі [5].

І. Ежелгі далалық көшпелілер. Алтайлық тектіл дәуірі. 1 млн. жыл бұрын (бабатүрік, бабамаңғол, бабатұңғыс-манжұр заманы).

Түріктанушы бұл кезеңнің зерттеу нысаны ретінде палеолит кезеңінен бастап б.з.д. ІІІ мыңжылдықтағы палеографиканы (пиктограмма, идеограмма, петроглиф) атайды. Орталық Азия аумағындағы ежелгі көшпелілердің арғы аталарынан қалған пикто-, идео-, петро-, иеорглифтерге назар аудара отырып оларды сол кезеңнің «дөрекі жазуларына» жатқызады.

ІІ. Прототүріктік дәуір (идеограмма-таңбалық). Б.з.д. ІІ мыңжылдықтан − б.з. І-ІV ғасырлар.

Ғалым археологиялық және жазба деректерді негізге ала отырып, бұл кезеңде түрік бітіктің ілкі идеограмма-таңбалық келбеті айқындала бастағанына, Хұн дәуірінде таңба-әріптердің фонетикалық сұлбасы беки түскеніне назар аударады.

ІІІ. Көне түрік дәуірі. Б.з. V-ІХ ғасырлар.

Аталмыш кезеңде түрік бітігі толықтай қалыптасып біткен. Көк түріктің туы астына біріккен ру-тайпалар ортақ жазуды қолданған. Бітік түрік тілінің фонетикалық, фонологиялық, морфемалық, лексикалық, синтаксистік талаптарын толық таңбалай алған. Н.Базылханның пікірінше бұл «фономорфемдік әліпби».

ІV. Соғды-ұйғыр және маңғол-манжұр жазуының трансформациясы.

ІХ ғасырдың ортасынан бастап-ақ далалық көшпелілердің жазуы шетел әліпбиі негізінде (соғды, манихей, брахми, араб, армян) таңбалана бастады. Түрік жеріне дін жая келген уағызшылар өз жазуларын қоса ала келді. Мани, брахми дінін таратуда соғды жазуы үлкен рөл атқарса, мұсылманшылыққа бет бұрған түрік халықтары араб графикасын қолданды. Христиандар армян жазуы арқылы қыпшақ даласына өз үгіт-насихаттарын жүргізді.

Біз түрік жазуының дәуірлеу сатысына ХХ ғасырда саяси күшпен енгізілген латын және кирилл әліпбилерін де қосу керек деп есептейміз.

Түрік жазуы, тілі сөз болған жерде түрік әдебиеті туралы да әңгіме қозғалатыны даусыз. Тіл, жазу, әдебиет – тұтас бір ұғым. Тіл жоқ жерде жазу мен әдебиет болуы мүмкін емес. Әдебиет – тілді дамытады. Жазу − тіл мен әдебиетті сақтаушы, ғасырдан ғасырға жеткізуші. Демек, бұл үшеуін бөліп-жармай тұтас күйінде қарастыру түріктанушы ғалымдарға аса қажет.

Жоғарыда көрсетілгендей, түрік жазуының алғашқы нұсқаларын 1 млн. жыл бұрын таңбаланған пиктограмма, идеограмма, петроглифтерден іздеу керек болса, әдебиеттің де түп-төркінін сол заманнан қарастыру лазым. Бұл жөнінде фольклортанушы ғалым Едіге Тұрсынов кеңестік жүйе кезінде-ақ: «Түптүркі, түпмаңғол, түптунгустардың этник бірлестіктері аяғы салбырап, аспаннан түскен жоқ: олардың тамырларын одан арғы дәуірде, палеолитте (көне тас дәуірі) өмір сүрген тайпалардың ішінен іздеу керек. Ілкі замандардан бастап, бүгінгі қазаққа дейін созылған мыңдаған жылдардың желісінен тас дәуірінен бері қарай жалғасып келе жатқан ұзақ дәстүрдің іздерін байқауға болады. Бұл дәстүрдің бойынан қазақ фольклоры өкілдерінің ең көне типтерінің шығу тарихын іздеу керек» [6. 7-б.], – деп тұжырымдады.

Палеолит кезеңінде-ақ адамдар табиғаттың тылсым күшіне қатысты түрлі мифтер шығарып, өздерінің араларындағы «ерекше жаратылған адамдарға» қатысты аңыз-әңгімелер таратты. Жақсы-жаман ырымдарға сеніп, құдайға табынды және соған сай діни әңгімелер пайда болды. Бабатүрік, бабамаңғол дәуірінде туындаған алғашқы жазба әдеби нұсқалар толық күйінде бізге жетпесе де, олардың наным-сенімге қатысты тас бетіне түсірген бейнелерінен біраз нәрсені аңғаруға болады. Мұндай алғашқы дөрекі жазулар Орталық Азияның пиктограмма, петроглиф үлгілерінен әртүрлі аймағынан көптеп табылған. Мәселен, Алматы облысындағы «Таңбалытас», Қырғызстандағы Куру-Бакайыр өзенінің сол жақ жағалауындағы жартастарға түсірілген таңбалар сөзімізге дәлел бола алады. Егер Геродоттың сөзіне сенсек, арғы сақтардың тұсында «заттық жазулар» болған. Бір мағынаны білдіретін мұндай идеограммалық жазулар ел мен ел арасында ақпарат алмасуға септігін тигізген.

Сақ дәуірінде таңбалардың мағынасы барлық аймақтағы адамдарға түсінікті болған. Олар идеограммалар мен алғашқы әріптік таңбаларды күнделікті қолданбағанымен қолөнер мен бейнелеу өнерінде пайдаланып отырған.

Алғашқы әдеби сөз тіркестерін, өлең түрлерін, діни аңыз-жырларын, теңеулер мен бейнелеулерін, дұғалары мен насихаттарын таяқшаларға, былғарыларға, сүйектерге, қыштар мен тастарға жазып отырған.

Осындай жазулардың бірі Есік қорғанынан табылған күміс тостағанға түсірілген. Аталмыш тостаған туралы белгілі түріктанушы ғалым Алтай Аманжолов: «Как позволяет судить предложенная расшифровка, надпись на серебрянной чашечке относится к довольно ранней разновидности тюркской руники, тесно связанной с алфавитными письменностями Среднеземноморья середины І тысячалетия до н.э. Данная надпись сделана на древнетюркском языке, на котором, по видемому говорили ранние кочевники Семиречья» [7. стр. 293], − деп түрік бітігінің біздің дәуірімізге дейінгі мың жыл бұрын болғанын дәлелдейді. Десе де, А.Аманжолов, А.Махмудов, В.А.Лившиц, И.М.Дьякова сынды ғалымдар күміс ыдыстағы жазуды толығымен оқи алмады. Түріктанушылар бұл жазуда этрустық, арамей, финикия таңбаларына ұқсас белгілер барлығына сүйене отырып мұраны сақ заманындағы алғашқы түрік бітігіне жатқызады.

Көшпенді түріктер өздерінің ерлік істерін, нала-зарларын, наным-сенімдерін тас бетіне бәдіздеп түсіргені жөнінде «Алпамыс батыр» мен «Манас» жырларында да айтылады. Мәселен Майкөт Сандыбайұлының жеткізуі бойынша Сұлтанқұл Аққожаев жырлаған «Алпамыс батырда»:

Аяғының астында,

Тақтай тастың бетінде,

Жазылған таста хат жатыр.

Хатқа бала қараса,

Іші толған тамаша,

Талай-талай кеп жатыр.

Түсінбеген түсінсін

Болмаған бұрын кеп жатыр.

немесе

Алпамыс жалғыз келсе деп,

Жазған хатты көрсе деп,

Тасқа қалам басады [8. 24-б.], −

делінсе, «Манаста» Көкетай қайтыс болған соң басына тас қойып, оған тіршілігінде жасаған игі істері жазылғаны баяндалады [9. 179-180-б.]. Демек, тас көшпенді түріктердің негізгі жазу құралдарының бірінен саналған.

1960 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара су қоймасының орнындағы «Ақтөбе І» деп аталатын екі қабатты қам кесектен қаланған қорғанды тазалау кезінде археолог М.Мерщиев диаметрі 5,5 см., қалыңдығы 1,5 см. қыштан жасалған, беткі жағында жазуы бар дөңгелек зат табады. Археолог тапқан олжасын түріктанушы А.Аманжоловқа тапсырып, жазудың сырын ашуды өтінеді. А.Аманжолов дөңгелек затты «тұмар» деп түсініп, бетіндегі белгісіз жазуды оқу барысында қателік жібереді. Көне ескерткішті «Тігіт ас, Тығ алп ас(а)» [7. стр. 158, 239], − деп түпкі мағынасынан алшақтайды.

Осы мұраны мұқият зерттеген түріктанушы Орынбай Бекжан ескерткіштің ешқандай тұмар еместігін, жазудың мазмұны мен зат бетіндегі құмыра бейнесіне зер сала отырып, дөңгелек қыш зат құмыраның қақпағы екенін дәлелдейді. О.Бекжан әрбір таңба мен әріпке ғылыми тұрғыда түсініктеме бере отырып белгісіз жазуды:

(1) аСыЗ аЛП аС

(2) ТӨБӨ аЛыПаН аШ

Аудармасы:

(1) Асыл, алып ас (өзен)

(2) Төбесін (құмыраның қақпағын) алып аш / [9. 88-б.], −

деп аударады. Жазу қос тармақты, ұйқасқа құрылған. Алғашқы тармақтағы ұйқас «аЛП аС» жазуы «алып өзен, үлкен өзен, таза су» мағыналарын білдірсе, екінші жолдағы «аЛыПаН аШ» сөзі «көтеріп аш, алып аш» деген түсінік береді.

Бұл қатар жазылған жазу белгілі бір өлеңнен, шығармадан алынған үзінді болуы да мүмкін. Себебі, көне түрік қолөнершілері өздері жасаған бұйымдарға сол кездегі халық арасына танымал өлең-жырлардан бірер сөз алып, жазып отырған.

Оның дәлелі – Сарайшық қаласының орнына қазба жұмысы жүргізілгенде табылған қыш құмыра. Ол құмырада «Кіші көркі юз, ол бу юз көркі көз, Бу ауз көркі тил, бу тил көркі сөз» деп жазылған. Демек, Шардарадан табылған қос тармақты жазу да түрік жазба әдебиетінің тереңде жатқанын және өлең құрылысының ерте кездегі жасалу жолынан аз да болса хабар береді деп есептейміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар: Ғылыми-зерттеу мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1985. – 368 бет.

2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түкология. Алматы: Ғылым, 1987. – 368 бет.

3. Махмудов А. Как возник древнетюркский алфавит // Исследования по тюркологии. Алма-Ата, 1969. – 295 стр.

4. Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік руни жазуының шығу тегі // Көне түркі жазба ескерткіштері: жазу мәдениетінің бастаулары, тілдің даму құбылыстары. Алматы: «Информ-А», 2005. – 256 бет.

5. Базылхан Н. Түрік бітіктану саласының теориялық мәселелері: тарихи-мәдени аспектілері // Көне түркі жазуларының зерттелуі: бүгіні мен болашағы. − Астана: «Ер-Дәулет», 2004. – 232 бет.

6. Тұрсынов Е. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері, − Алматы, «Ғылым», 1976. – 200 бет.

7. Аманжолов А. История и теория древнетюркского письма. Алматы, «Мектеп», 2003. – 366 стр.

8. Алпамыс батыр / Редакциясын басқарғандар: М.О.Әуезов, Н.С.Смирнова. − Алматы, ҚазССР ҒА баспасы, 1961. – 566 бет.

9. Манас (Елдік пен ерлік эпосы) / қырғыз тілінен ауд. М.Шаханов, Р.Отарбаев. − Алматы, Жазушы, 1995. – 264 бет.

10. Бекжан О. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі белгісіз сегізінші бірігіңкі дауыссыздардың мағынасы мен таңбасы // Көне түркі жазба ескерткіштері: жазу мәдениетінің бастаулары, тілдің даму құбылыстары. − Алматы: «Информ-А», 2005. – 256 бет.

 

Ақжігіт ӘЛІБЕКҰЛЫ

Автор:
Ақжігіт ӘЛІБЕКҰЛЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

ТОП-5 месяца

    социальная
    рекомендация
    коммерческая