Әдебиет және Әбжәд ілімі

ХIХ ғасыр ақындарының көпшілігі көңіл көздерiн имани нұрмен нұрландырған, шығыстың шайырлық шеберлiгiн толық меңгерген шайырлар болатын. Алғашқы сауаттарын жергiлiктi молдалардан ашқан олар Қазан, Уфа, Бұхара сияқты шахарлардағы бiлiм ордаларында жалғастыратын еді әрі сонда шығыстың «бәлағәт уә сәнағәтімен», яғни сөз өнерімен жақыннан танысатын. Сондықтан да, дiни медреселерде тәлiм алған ақындар өз шығармаларында араб, парсы өлең құрылыстарын кеңiнен қолданып отырған. Құранның құпия iлiмдерiн әдебиетке алып келген.

Қазақтың бас ақыны Абай алғашқы өлеңдерiн шығыс ақындарына елiктеп  шағатай тiлiнде жазғаны белгiлi. Сондай өлеңдерiнiң бiрiнде ақын:

Әлифдек ай йузiңе ғибрат еттiм,

Би, бәләи дәртiңа нисбат еттiм.

Ти, тiлiмнен шығарып түрлi әбиат,

Си, сәнаи мәдхия хүрмет еттiм, –

деп араб әрiптерiн тiзбектеп бiр сұлудың сымбат тұлғасын беруге тырысқан. Ақын өлеңде арабтың жиырма тоғыз әрiпiмен ғана шектелместен, сонымен бiрге «Мәт – қасың, тәштит – кiрпiк, сукун – көзiң», – деп сұлу қыздың жүзiн суреттеуде араб харакаттарын да сәттi пайдаланған. Мұнда ақынның дөңгеленген сукундi көзге, иiлген мәттi қасқа, тәштиттi кiрпiкке теңегенiн ерекше айта кеткен жөн. Бұл Абайдың ақындық шеберлiгiнiң көрiнiсi.

Ақын дүниесiн жан-жақты зерттеген М.Әуезов Абайдың бұл өлең жолдарды жазарда Әлiшер Науаиға елiктегенiн алға тартады.

Расында, парсы поэзиясына жетiк түркi шайыры өз шығармаларында мұндай шеберлiктi көп қолданған. Шайыр «Ләйлi-Мәжнүн» шығармасында:

Етгәч «алиф» қәдін қылыб «дал»,

Мажнунні аяғын өпті филхал (сол мезетте), –

деп тiк тұрған Ләйлiнi «әлиф» әрпiмен берген де, оның иiлгенiн арабтың доғал тәрiздi жазылатын «дал» мен суреттеген. Сондай-ақ шайыр Мәжнүннiң шынайы сезiмiн суреттеуде және де араб әрiптерiне жүгiнген:

Бойнұм уза, «айн» ін әйләгіл тәуқ (алқа),

«Шин» ін қыл ічімгә шупаи шәуқ (сезiм).

«Қаф» ын маңа әйлә кухи әндух (қайғы),

Куңлумгә ғәміні кух та кух.

Уч нуқтасіні шәрара әйлә,

Иккісіні иккі харә әйлә.

Мұнда тырнақша iшiне алынып берiлген «а», «ш», «қ» әрiптерiн қосып оқығанда арабша «ғашық» сөзi келiп шығады. Ал төменде аталатын үш нүкте «ш» әрпiнiң үстiне қойылатын болса, екi нүкте арабтың «қ» әрпiнiң үстiне қойылады. Ғашықтық тақырыбына барған шығыс ақындарының басым бөлiгi осы тәсiлдi көп қолданған.

Мысалы, ғашықтықтың жолында мас болған Мәуләуи өзiнiң «Мәснәуиiнде» «айн о шин о қоф мәдон, Бәлки сирри әст дәр се хәрфе нәһон» (Ғашықтықты айн, шин, қаф деп бiлме, Қайта (ғашықтық) осы үш әрiптiң астарына жасырынған)  деп, «а», «ш» және «қ» әрiптерiн ойнатып берген. Сопылық дүниетанымда ғашық пен машұқ әлемiнiң жұмбақ болатыны сондай, оны жай ғана баяндап шығу мүмкiн емес.

Шығармада әрiптердi ойнату тәсiлiн Софы Аллайардың «Сәбәтул әжизин» деген еңбегiнен де кездестiруге болады:

...Әлiптей жан iшiнде орын аларсың

Егер қисық болса пейiлдерiң,

Қаларсың мүмкiн қаф астында нундай,

деп үш әрiптi ойнатып берген. Осындай тәсiлдi шығыс әдебиетiне жетiк Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы да шебер пайдаланғанын көремiз.

 

Жапырақтың бiреуi – «кәф», бiреуi – «нон»,

Көңiлдi Хаққа қойып, айталық шын.

Сол екi жапырақ болды ерлi-байлы,

Болғанда бiрi – пышақ, бiреуi  – қын.

Орнатып «кәф» жапырағын «нон»-ға қойды,

Мас болып бiр ноқатпен қарны тойды, –

десе, тағы бiр жерiнде:

Кетпен шот қолға ұстайтын «кәф» емес пе,

Осы сөз анық емей, сол көмес пе?!

Бiр салып қалған жерден топырақ алса,

Шұңқыр боп қалған жерi «нон» демес пе?!, –

деп толғайды. Ақын мұнда «Кәф» әрпiн бiресе пышаққа теңесе, бiресе кетпен шотқа теңеген. Бұл әрiптiң арабша жазылуы да расында, сабы бар кетпенге ұқсайды. «Мас болып бiр ноқатпен қарны тойды» деп «нон» әрпiнiң үстiндегi бiр нүктенi суреттеген. Осы өлеңнiң соңында ақын «Кәфтi нонға қосалық – күн» – дейдi ғой» деп Құрандағы «Йасин» сүресiнiң  82-шi аятында баяндалатын Алланың он сегiз мың әлемдi жаратарда «Кун» яғни «Бол» деп бiр ғана сөзiмен болмыстың пайда болғанын алға тартқан. Ақынның осы өлең жолдарымен мәндес жердi парсы шайыры Фердаусидiң «Шахнамасынан» да кездестiремiз. Онда шайыр:

Ду гейти пәдид омад әз «коф» вә «нун»,

Черо нә бе фәрмон-е дәр нә чун, –

деп, екi әлемнiң «кәф» және «нуннан» жаратылғанын алға тартқан. Осы арада Фердауси мен Мәшһүр ақынның бiр арнадан сусындағанын анық аңғаруға болады. Ол Ислам дiнiнiң қайнар көзi –Құран. Қасиеттi кiтаптың iшiнде адамзат баласы үшiн жұмбақ бiрнеше аят бар. Аят дейтiн сөз немесе сөйлем де емес, жәй ғана араб әрiптерi тiзбектелiп берiлген. Мысалы «Бақара» сүресi «Әлиф Ләм Мим» деп басталған. Бұдан басқа «Әлиф Ләм Ро», «Әлиф Ләм Мим Сад», «Кәф Хә Ия Айн Сад», «То Хә», «То Син», «То Син Мим», «Ия Син», «Әлиф Ләм Мим Ро», «Хә Мим», «Нун» сияқты аяттар да бар. Сондай ақ, «Сад», «Қаф» сияқты сүрелер арабтың «С», «Қ» әрiптерiмен аталып, алғашқы аяты да осылай баcталған. Жалпы, жиырма тоғыз әрiптер жиынтығынан тұратын арабтың он төрт әрпi жиырма сегiз сүренiң бiрiншi аятын құраған.

Бұл сүрелердiң «Бақара» мен «Әл Ғимраннан» басқасы Меккеде түскен аяттардан саналады. Бұларды ғалымдар «муқаттаға әрiптерi» деп атаған. Астарлап берiлген бұл әрiптердiң мағынасын муфассирлер (Құранның тұспалдап, астарлап берiлген тұстарына мағына берушiлер) шешуге тырысқанымен де, көбiсi бұл аяттардың мағынасын Алла ғана бiледi деген қорытындыға келген. Бiрақ кейбiр ғұламалар бұл қасиеттi әрiптердi Әбжәд iлiмi арқылы шешуге де тырысқан.

Себебi қасиеттi аяттардың кейбiрiнiң құпиясы Әбжәд iлiмiмен шешiлетiнi белгiлi. Осы жағына қатты назар аударған олар бұл әрiптердi әбжәд сандарымен ойнату арқылы мынадай мағына да шығарған.

Исламның шиға ағымындағылар осы әрiптер жиынтығын құрастырып, «Сиратун Әли хақ нәмсәкуһ», яғни «Әлидiң жолы тура, оны бiз ұстанамыз» деп талдау жасаса, сүннит ағымындағы кейбiр ғалымдар «Сахха тариқука мағас суннат», яғни «Сенiң жолың әһлi сүннетпен дұрыс» деген қорытынды шығарған.   Бiрақ, олардың бұл жасаған қорытындылары көпшiлiк ғалымдар тарапынан мойындалмаған. Сондықтан да ғылымда бұл әрiптер жұмбақ қалпында қалып отыр. Әлемнiң барша тiлдерiне аударылған Құран аудармаларында бұл аяттардың мағынасын Алла бiледi деп, тек әрiптердiң өзi ғана берiлетiн болған. Осындай араб әрiптерiнiң әдебиетте ойнатылып берiлуiн өзбек ғалымы Т.Ахмедова «китобат санғати» яғни «кiтапшылық өнерi» деп атапты.

Әбжәд демекшi, бұл iлiм мұсылман мәдениетiнiң дамуына көп септiгiн тигізген. Мысал ретiнде, өзiмiз күнде көрiп, онша назар аудара бермейтiн мешiт пен бейiттерге қойылатын ай символын алуға болады. Жаңа туған ай ислам дiнiнде ерекше қасиетке ие болғанымен де, оның астарында белгiлi бiр дәрежеде Әбжәд iлiмi жатыр. Арабтар жаңа туған айды «һилал» деп атайды. Осы айдың арабша атауы мен «Аллаһ» деген сөздердiң Әбжәдтағы сандары бiр болғандықтан (сандар жиынтығы алпыс алты), мешiттiң күмбездерiне Алла деп жазудың орнына, ай белгiсiн қоятын болған екен.

Осындай iлiмдi бiлген ақындар өз шығармаларында тек араб әрiптерiн ойнатумен ғана шектелместен, сонымен бiрге әрiптердiң астарына жасырынған сандарды да түрлендiрiп берген.

Әсiресе, бұл тәсiлдi Бұхара медресесiнiң шәкiрттерi көп қолданған. Солардың бiрi Шәдi төре шығармаларының бәрiнде де өз атын сандармен жасырып берген. Мысалы, «Ахуал қиямет» атты шығармасының соңында ақын өз атын:

Бiлмекке өзiмнiң һәм ат нышанын,

Әбжәдтiң есебiмен айтай оны.

Үш жүзге бiр мен төрттi дахыл етiп,

Оқығың ақырына қойып «йайды», –

десе, «Барсиса» қиссасында:

Үш жүз бiр мен төртке оны қосып,

Әбжәдтiң есебiне назар салың, –

деп жасырып берген. Мұндағы үш жүз саны әбжәдта «ш», бiр «ә» әрiпiн берсе, төрт санының астарына «д» әрiпi жасырынған. Бұлардың қосындысынан Шәдi деген ақынның аты шығады.

Бұл iлiмдi Шәдiден басқа, Бұхара медресесiнiң басқа да шайырлары сәттi пайдаланып отырған. Керейiт Даңмұрын мен Қаңлы Жүсiптiң арасындағы жазба айтыста осы iлiм қолданылған.

Даңмұрын қарсыласы Қаңлы Жүсiптiң бiлiмi мен тапқырлығын сынау үшiн мына жолдарды жазады:

«Үш басты, – деп айтады, – бiр хайуанат,

 Әз екен алты аяқты ауыр дене.

Тәнi – алпыс, екi жағында алты қанат.

Бiтiмi – екi тарақ құйрық екен,

Бiрi мақлұқ қасиеттi зор хабардат.

Күнiне «таспих-тәһлил» айтады екен,

Арттырып әруағын көп мiнажат.

Даңмұрын сөз иесi мұны жазған,

«Iнi едi мархаматты, – деп, – азамат!».

Хатты қолға алысымен Қаңлы Жүсiп:

Сол мақлұқ содан берi бiздiң қолда,

Еткенсiн ием лайық қызметiн.

«Сұрайтын сұраушыдан бiлем» десе,

Әбжәдтан есеп қылсын Жүсiп атын, –

деп жауабын дұрыс шешедi. Мұндағы үш басты дегенi «ж», тәнi – алпыс дегенi «с», бiтiмi – екi дегенi «б» әрiпiн бередi де, шешуi «Жүсiп» болып шығады. Сыр бойында Қаңлы Жүсiтен басқа Кетеден шыққан Жүсiп те өмiр сүргенi белгiлi. Бiрақ Кете Жүсiп Әбжәдтағы есiмiн «Юсуф» деп жазған екен:

Басы – он, ортасы – алпыс, соңы – сексен,

Бұл нұсқау хабар берер бiздiң аттан.

«Е» мен «шын», «нұн» менен «иә», «әлiп» пен «зе»,

Аңдатар әкем есiмiн ақиқаттан.

Осы өлең жолдардағы он, алпыс, сексен сандарынан «Юсуф» деген жазу шығады да, әкесiнiң есiмi Ешнияз екенiн аңғаруға болады. Әбжәд дегенiмiз тек әрiптердi сандармен ғана жасыру емес, сонымен бiрге әрiптермен сандарды да ойнату. Онда автор өз еңбегенiң қай жылы жазылғанын белгiлi бiр себептерге байланысты жасырып, астарлап бередi. Мысалы ХVI ғасырда өмiр сүрген Селим Сүлеймен «Жүсiп-Зылиха» поэмасының қай жылы жазылғанын шығарма iшiнде жасырып берген:

Луро бихикояти шәниия,

«Тарих зесми хақ ғания».

Мен кiтапты жазып бiтiрдiм,

Жазылу тарихында «Құдайдың есiмi де жеткiлiктi».

(жолма-жол аударма,.Т.Қ.).

Соңғы жолда көрсетiлген «тарих» сөзiнiң сандар жиынтығы: 400+1+200+10+600=1211 санын берсе, «зесми хақтың» сандар жиынтығы: 7+1+60+40+8+100=216 болады. Ендi шыққан екi нәтиженi бiр-бiрiнен алсақ 995 шығады. Әбжәдта хижри жыл санағы бойынша 995, бiздiң жыл санағымызда – 1586 жыл. Яғни, шығарма осы жылы жазылып бiткен.

Тура осындай шеберлiктi Самарқанд қаласында медреселер салдырған Жалаңтөс батыр да қолданғанын Х.Досмұхамедұлы жазып кеткен.

Батыр салдырған Шырдар медресесiнiң iшкi дуалына:

Ялаңтош баһадур чу бовад баниш омад,

Хесоб-е мол-бинояш «Ялаңтош баһадур».

 

Бұны салдырған Жалаңтөс батыр келдi,

Салыну тарихы – «Жалаңтөс баһадыр», –

деп жазылған. Осы «Жалаңтөс баһадыр» деген сөздiң астарында медресенiң қай жылы салынғаны жасырылған. Оны Әбжәд iлiмiне салар болсақ, онда: 10+30+50+20+400+6+300+2+5+1+4+200=1028/1612 шығады. Сонда бұл құрылыс 1612 жылы салынып бiткен.

Әрине, мұндай мысалдарды көптеп келтiре беруге болады. Шайырлардың өз аттарын Әбжәд iлiмiмен жасырып беруiн әдебиеттанытқыштағы бүркеншiк ат дегенге келетiн шығар. Бiрақ, ол жазушының немесе ақынның өз есiмiн тастап, өзге бiр есiмдi түгелдей иеленiп, лақап атқа айналдыратын аллоним да емес, атау сөз iшiндегi әрiп орнын алмастыру арқылы жасалатын анаграмма да емес, автор есiмiнiң әдеттегiдей бас әрiптен соңына қарай емес, соңынан басына қарай оқылатын ананим да емес. Бұл шығыс мұсылман әдебиетiнде кеңiнен қолданылатын, Әбжәд iлiмiнiң негiзiнде жасалатын муамма үлгiсi (мағынасы жұмбақ деген сөз).

Бұл атау бүгiн бiзге белгiсiз болып көрiнгенiмен де, орта ғасырда осы үлгiнiң көп қолданылғаны сол заманда дүниеге келген шығармалар айғақтайды. Тiптi, түркi халқынан шыққан Мұхаммед Бадахшидың (ХIII-ХIҮ) «Муамма жайындағы ой» деген теориялық зерттеу еңбегiн жазғаны туралы деректер бар.

Өкiнiшке орай бұл еңбек бiздiң заманымызға дейiн жетiп келмеген. Сонымен бiрге,  шығыс әдебиетiнде Шарафиддин Әли Йаздидiң «Хулали мутарраз дәр фәнни муамма вә луғаз» (муамма мен луғаз жайында безендiрiлген, мейрамға арналған жiбек киiмдерi), Әбдiрахман Жәмидiң «Рисалаи муамма кәбир» (Муамма хақында үлкен шығарма) немесе «Хулят ул хулал» (Мейрам киiмдерiнiң безендiрiлуi), «Рисолаи муамма мутаввассит» (Муамма хақында орта шығарма), «Рисолаи муамма сағир» (Муамма хақында кiшi шығарма), «Рисолаи муаммои манзуми асғар» (Муамма жайында шағын өлеңдiк шығарма), Хусейн Нишапуридiң «Рисолаи муаммои Хусайини» (Хусейiннiң муамма шығармасы) атты еңбектерi мен түркi тiлiнде жазылған Әлiшер Науаидың «Муфрадат» атты еңбектерiнде де бұл әдеби мәселе ұзағынан сөз болады.

Муамма шығыс поэзиясында қытға, рубағи кейде ғазал формасымен жасалған өлең құрылыстарында кездесiп, астарында шығарманың авторы, еңбектiң жазылу тарихы сияқты мәселелер қарастырылады. Бұл үлгi прозада көбiнесе сежi үлгiсiмен жазыл шығармаларда кездеседi екен.

Муамманың қашаннан берi қолданылып келе жатқаны жайында анық мәлiмет жоқ. Бiрақ, парсы тiлiнде жазылған теориялық еңбектерге қарағанда бұл жанр ХI ғасырда дүниеге келгенге ұқсайды.    

Иранның белгiлi теоретик ғалымы Доктор Сирус Шамисо өзiнiң теориялық еңбегiнде муамманы орта ғасырлық араб, парсы шайырлары көп қолданғанын, бiрақ бүгiнгi ақындардың мұндай шеберлiкке бармайтындығын алға тартқан. Десек те,  мұндай шеберлiктi Иранның кейбiр ақындарының әлi де қолданатынын айта кеткен жөн. Жуықта Тегеранға барғанымда  бүгiнгi Иранның  белгiлi ақыны, Тегеран университетiнiң ұстазы Қайсар Әминпурмен сұхбаттас болғаным бар. Шығармаларын ғазал, мәснәуи, рубаи сияқты классикалық өлең құрылыстармен емес, қайта жаңа үлгiмен жазатын ақын ретi келгенде муамманы да қолданады екен. Мұны ескi үрдiс пен жаңа форманың ұштасуы деуге болатын сияқты.  

Қоф

Охарин хәрф-е ешқ әст.

хәминжо

Есм-е кучек-е мән

Шуру ми шәвәд.

 

Қаф

Ғашықтың соңғы әрпi,

осы жерден

менiң тегiм

басталады.

(жолма-жол аударма,.Т.Қ.)

ХХ ғасырдың басында араб графикасын латын, кирилл әрпiне айырбастаған бiздер үшiн, бұл тәсiл мүлдем ұмытылған деуге болады. Себебi, мумманың бар құдiретi араб әрiптерiнiң астарына жасырынған Әбжәд iлiмiнде жатыр. 

 

Төрәлi ҚЫДЫР

Автор:
Төрәлi ҚЫДЫР

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті, филология ғылымдарының  кандидаты

 

Resusrs Resurs Facebook Twitter Google Plus Youtube Instagram Linkedin VKontakte

ТОП-5 месяца

    социальная
    рекомендация
    коммерческая