Ақшасы көп арулар

Немесе қазақ әйелі бизнеспен айналысқанда не ұтты, неден ұтылды?

Гендер деген еркекті әйелге жеңдір деген сөз емес.

Бір ағайдың айтқаны

Тал түбінде менімен кездесіп ең,

Болып кеттің ақыры бизнесмен

Тағы бір ағайдың айтқаны

Нарықтан бұрын біздің қоғамда бухгалтер әйелдер, сосын сауда-саттықпен айналысатын әйелдер ғана ауқатты саналатын. Нарық заманы келген соң «кәсіпкер әйел» деген ұғым пайда болды. Сол кәсіпкер әйел қалай қалыптасты өзі? Әдепкі қиындықтардың кезінде Қытайдан қап арқалаған қалқатай денсаулығынан айырылғанымен ептеп тәжірибе жинақтады. Бірқатарының жолы болмады. Үрімшіге екі-үш қатынағаннан кейін байлығы шайлығына жетпей, қатардан шығып қалды. Ал біразы қалтасын қалыңдатып, бизнестің берекелі жолына түсті де кетті. Бірі дүкен ашты, екіншісі шаштараз ұстады, үшіншісі тапқан-таянғанына шағын дәмхананы жалға алып, жұмысын жалғастыра берді. Ал төртіншілері бизнестің басқа түрін таңдады. Шетелдің опа-далап пен крем-срем сататын алпауыт фирмаларының өнімдерін жарнамалап, оны ел ішіне өткізумен айналысып, ақырында байып кеткендері де бар. Сондай-ақ кейбір кеңселерге хатшы боп кіріп, жағдайы жақсы боп шыққандар да жетерлік.

Бизнестен бақытын тапқан әйел қандай қасиеттерімен ерекшеленеді? Біріншіден, бизнесте бағы жанған кез-келген әйелдің еті тірі болады. Момын әйел бизнеспен шұғылданбайды. Сонымен қатар күйеуі табысты мол табатын әйел де мұны қолай көрмейді. Бизнесі табысты жүре бастаған әйелдің психологиясы ептеп өзгереді. Күндіз-түні тыным таппайды. Ол ақшаға ақша қосу үшін қандай қадамға болса да да барады. Именетін жерде именбейді, қымсынатын жерде қымсынбайды. Табысына табыс қосатын адамдармен жақындасудың алуан түрлі тәсілдерін меңгереді.

Бизнеспен айналысқан әйелдердің қоғамның әлеуметтік келбетіне әсері жөнінде талдау жасау көрелік. Бұл, әрине, алдымен олардың қоғамдағы белсенділігін арттырды. Көпшілігі жеке кәсіпорындарын ашып, елді дамытуға бағытталған саяси және экономикалық бағдарламалардың орындалуына айтарлықтай үлес қосты. Өздерінің де беделі көтерілді, қызметтері де өсті. Әртүрлі жиындарда аттары жиі атала бастады. Қазақ әйелдерінің көбісі бұрыннан үрдіс емес «бизнес-леди» деген атаудың шырайын келтіре бастады.

Кәсіпкер әйелдер қоғамдағы жұмыссыздардың біразына жұмыс тауып берді. Не тұрақты мамандығы жоқ, не мүмкіндігі жоқ талай адам айналысатын шаруамен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, кәсіпкер қазақ әйелі ұлтымыздың қордаланған кейбір мәселелерін шешті.

Қазақтың бизнесмен әйелі отбасын асыраушы ретінде еркектен кем түспейтінін дәлелдеді. Кем түспейді деген сөз еркекті езіп жатыр деген сөз емес. Соңғы кезде бір жаман әдет тауып алдық. Ылғи да әйел мен еркекті салыстырамыз да жүреміз. Мысалы, Қобыланды батыр ержүрек дейміз де, Қарлыға да одан кем емес деп төс қағамыз. «Қазақ еркектері ерлік жасау үшін туған, еркектің аты еркек қой», – деп тұжырымдаймыз да, «Оның бәрін әйел де бітер алады», – деп өре түрегелеміз. «Еркек атаулы бастық болуға бейім келеді», – дейміз де «Әдірем қалсын, әйел бастық бола алмайтындай», – деп шырылдап шығамыз. Сөйтіп, өмірі онсыз да басы піспейтін еркек пен әйелді бір-біріне қарсы қоюмен келеміз. Енді келіп «Әйел кәсіпкерлікті еркектен артық жасамаса кем жасамайды», – деп күпінетін болдық.

Қазақ әйелі кәсіпкерлікпен шындап айналысуы арқылы «Әйелдің қырық жаны бар» деген қағиданы тағы бір дәлелдеп шықты. Қытайдан қап арқалап, бала-шағасын нарықтың қыспағынан алып қалған әйелдің көрмегені жоқ. Үнемі жел өтінде жүрген соң бетіне әжім түсті. Сауданың алуан түрлі құйтырқаларын көріп, жүйкесі жұқарды. Күн демей, түн демей жол тартып жүріп, өмірдің біраз қызықтарынан құр қалды. Ағзасының ауырмайтын жері жоқ. Қысқасы, жаңағы қырық жанының кемінде жиырмасын жалмап тынды. Бірақ бәрібір қазақ әйелі осы кәсіп өзінің қолынан келетінін көрсете білді. Қиындықтан күйреп кеткен жоқ. Базарда арба сүйресе де, оны зорға сүйресе де, әлі құрыса да, әрі тайса да саптан шығып қалмады.

Қазақ әйелі үй көрмей кәсіпкерлікпен айналысқан кезде бала тәрбиесі ақсады. Кез-келген еркек баласына тәрбиені шешеден артық сіңіре алмайтыны белгілі. Сол шешенің өлермендікке салынып, бірыңғай бизнеспен айналысып кеткені ұрпақ санасына әсер етпей қоймады.

Қытайдан ала дорба арқалағандардың бәрі бірдей дәулетті болып кеткен жоқ. Денсаулығы сыр бергендері отбасының қоңырқай тіршілігімен әуре болып кетті. Қап тасудың дәурені өткен соң қалтасы қалыңдағандары үйренген жерінен жиһаз жеткізуге көшкен. Солардың ішінен суырылып шыққандары қазақтың кәсіби бизнесмені болып қалыптасты. Жалпы, «қазақ кәсіпкерлікке бейім емес» деген түсініктің быт-шытын шығарған жігерлі жігіттер секілді бойжеткендер де бұл іске әбден машықтанғанын байқатты. Араларында табысы тасып, айбыны асып кеткендері де бар. Тіпті қазақтың қаршадай қызы Мәскеудегі ірі кеңсеге хатшы болып кіріп, ақыры Ресейдің алюминий бизнесінің ханшасы болып шыға келді. Осындай мысалдардан кейін қазақтың пайда табуға, сауда жасауға икемі жоқ екендігі жайындағы анекдоттар  сап тиылды.

Бірақ, иә, бірақ қазақ әйелі ептеп байып, қоң жинаған соң, оның мінез-құлқы да өзгерді. Ақшасы көп арулар нәпақа таппайтын еркекке шекесінен қарайтын болды. Киінді, малынды, еркелікке салынды. Сол бір жылдарда маңдайына шиырланып қалған әжімді үтіктеп алу қалтасы қалың әйелдерге қиынға түскен жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында торығып жүрген қазақ әйелі жиырма бірінші ғасырдың басында жайнап шыға келді. Отбасында тұлға болып жарытпадың деп отағасын ит қосып қуып жібергендері де бар.

Әрине, еркектер де оңып тұрған жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы одақ төрт аяқтап құлап, әйеліңе әкіреңдеуге тиым салатын партияның демі біткен соң еркек құтырған заман болды.

Қатаң жүйенің жүгені сыпырылған соң кейбір еркектер беймаза әйелдерінен тәуелсіздік алып, тоқалмен қол ұстасып, алыс болашаққа жол тартты. Ірі шенеуніктердің «Ал мен оны алдым, қайтесің!», – деп мәлімдейтін кезі осы тұс. Бұл кезең биресми ортада «Тоқал-94» деген атаумен қалды. Әйелдердің мазасы қашты, еркектердің бұл тосын қылығы оларды бір мүдденің туы астында біріктірді. Байғұс еркек қалың өсектің басты «обьектісіне» айналып сала берді.

Ұзамай әйелдер де мінез көрсете бастады. Әсіресе, жағдайы келіскен кейбір ханымдар көненің көзіндей болған күйеулерінен жерініп, жас жігіттермен қол ұстасты. Көлденең қосылған, тотыдайын таранған тоқалдар мен мұрнына құрт түспеген бозбалалардың құдайы беріп қалды. Аш-жалаңаштықтан құтылды, әлеуметтік мәселесін шешіп алды, ағайын-туысқандарын жағдайы келіскен жұбайының арқасында ұшпаққа шығарды, сөйтіп, қоғамдық ортада әжептеуір беделге ие болды. Бірақ махаббат деген ұлы сезім бұл екеуінде де жоқ еді.  Оны екі жақ та қажетсінген жоқ. Мұның уақытша қызық екенін, бұл қызық дәуреннің еркек қартайғанша, әйел марқайғанша ғана созылатынын тоқал мен бозбала жақсы біледі. Біле тұра осынау аспаннан ақша жауған дәуірді екеуі де қолдан жіберіп алмауға тырысты.

Жылжып жылдар өтті. Бизнес-леди қазір біздің қоғамдағы қалыпты тұлғаға айналды. Оның әлеуметтік келбетіндегі жетістіктер мен ағаттықтарға да көзіміз үйренді. Әрине, бизнес-ледидің біздің қоғамға, ұлтымыздың дамуына пайдасы көбірек болса дейміз ғой...

Әзірге, онсыз да пробкадан көз ашпайтын Алматының көшесінде қаптаған «Тоқал-Джиптер» жортып жүр. «Тоқал-джиптің» сүрме көз, қиық қабақ жүргізушілері  көлігін құтыртып айдайды, бұралаңдай жортады. Ереже-пережеңе пысқырмайды. Бүгінде олар байға да, ГАИ-ға бағынбайды. Енді олардың қатарына әлеуетті әйелдер белі бекем бозбалаларға сыйға тарқан «Теке-Джиптер» қосылмасын деңіз...